Жырақта жүрген Жәмила
(Эссе)

Бауыржан ОМАРҰЛЫ
Сәті түскен сұхбат
Аңсаған жүз жыл жүз жүрек,
Болмай-ақ қойшы Қыз Жібек!
Теңемен гүлдің гүліне,
Тағдырын шешкен күзгі леп!
Асқар Егеубай, «Қазақ қызы».
Мен оны Стамбұл қаласында кездейсоқ жолықтырдым. Жәмила Стехликова Түркі тілдес халықтардың дүниежүзілік бірінші форумына Чехиядан делегат болып келді. Өзге елдің білдей бір министрі болған қазақ қызын кім білмейді?! Көргенімізге қатты қуандық. Тілдесіп қалуға тырыстық. Қандай қарапайым! Неткен кішіпейіл! Күні кеше министр болып едім деп шіреніп тұрған жоқ. Жүріс-тұрысынан, іс-қимылынан еуропалық үрдістерге әбден бейімделгені байқалады. Жөн сұрастық. Бір жылдың төлі екенбіз. Бұл кезде менің құрдасым баршаға танылған мәртебелі министр қызметінен босаған еді. Сол елдің СПИД-ке қарсы күрес орталығын басқаратын көрінеді. Ол өз жұртынан келген журналиске сұхбат беруге бірден келісті. Жалпы, әңгімені өте жақсы айтады екен. Сөзінен де, ісінен де арғы атасынан келе жатқан зиялылықтың белгісі анық аңғарылып тұрады.
Ол сөйлеп кетті. Саясатта әбден ысылғаны, мінберде жұртты аузына қаратуға үйренгені көрініп тұр. Қай қырына үңілсең де қамшы салдырмайды, қандай қитұрқы сұрақ қойсаң да ұстатпайды. Соған қарамастан, өрекпіген өркеуделігі сезілмейді. Кейбір шешендер секілді жылтыр сөзге әуестігі де жоқ. Айтпағын жүйелі баяндайды, мәселенің мән-жайына үңіледі. Түйдек-түйдек ой қозғап, ауық-ауық түйіндеп тастайды.
Өз басым бүгінде әлемге танымал болған қазақтың қайсар қызына разы болып отырмын. Чехияның саясат сахнасы оны шарболаттай шыңдап шығарыпты. Жат жұртқа барып, білдей бір саланың басшысы дәрежесін иелену екінің бірінің қолынан келе бермес. Сонда оны осындай биікке бастаған ненің құдіреті өзі?
Жәмила қыз ару Алматыда туып-өсті. «Есіміңіз қандай мағына беретінін білесіз бе? Атыңызды кім қойған?», – деп сұрадым. «Кім қойғанын сұрамаппын. Сірә, ата-әжем шығар деп ойлаймын. Бірақ «келбетті», «бәденді» деген мағынаны білдіретінін білемін. Араб тілінен енген сөз ғой», – деді ол. Әкесі Алмас Баймұқанұлы Ордабаев өмір бойы қазақтың ою-өрнектерін зерттеумен айналысыпты. Өнегелі өнертанушы ұлттық құндылықтарымыздың бастау көздеріне үңілген. Мамандығы архитектор болған соң сән мен сәулетті барынша бағалай білген. Соның бәрін кішкентай қызының санасына сіңіре беріпті. Үнемі жанына ертіп жүріпті. Алматының маңайындағы Қаракемер ауылына жиі барып тұрады екен. Бұл ауылда Жәмиланың аталары тұрған. Сондықтан келешектегі сұңғыла саясаткер қыз титімдей күнінен қала мен ауылдың айырмашылығын көріп-біліп, талдап-таразылап өсіпті. Қазақты жалпақ жұртқа таныстыратын қастерлі құндылықтардың бірі осы Қаракемер екенін ол жастай ұқты.
Алмас аға қызына тарихы тереңнен тамыр тартатын көне ғимараттарды көбірек көрсетті. «Жәмила, міне, қарашы, біздің бабаларымыз қандай шебер болған? Қандай ескерткіштер тұрғызған!», – деп қызының санасын серпілтетін, қиялын қозғайтын. Оған Қорқыт туралы аңыздарды көп оқытты. Ұлы даланың өзге де тұғырлы тұлғалары туралы мәліметке қанықтырды. Білмекке құштар парасатты перзентін бабалар даналығынан ғибрат алуға баулыды. Оқу орнында өнер, архитектура тарихынан сабақ беретін Алмас Баймұқанұлы қазақтардың бейнелеу өнерін дәріптеу, құрылыс саласындағы ою-өрнектерді жаңғыртуды мақсат етті. Ашық аспан астындағы мұражай сынды Маңғыстау даласындағы ескерткіштерге ықыласы ауып, теңдесі жоқ өнердің тылсым сырларын саралауға ден қойды. Ежелгі дәуірдің тарихына терең бойлап, бағзы замандағы бабаларымыздың қалай жерленгені туралы мәлімет жинады. Қызын ауылға ертіп барып, ағайын-туыстарды бірге аралаған кезінде айналаның бәрін суретке түсіріп жүретін. Ойға түйгенін қойын дәптеріне дереу жазып отыратын. Ол қызына: «Жәмила, міне, біздің туыстарымыз қазір осылай өмір сүріп жатыр. Енді бір жиырма-отыз жылдан кейін бүкіл тіршілік өзгереді», – дейтін. Сөйтіп, әкесі оның ауылға деген махаббатын оятты.
Кейде Жәмилаға сол бала кезінде естіген әңгімелерінің әсері осы күнге дейін тарқамаған тәрізді көрінеді де тұрады. Сондықтан о бастан біздің кейіпкеріміздің танымы кең, түйсігі жоғары болды. Өзінің де, өз ұлтының да түп-негіздерін зерттеп-зерделеуге құмартты.
Өз жұрты осындай өнегелі болса, нағашы жағы да осал емес еді. Анасы Рауза Сембаева – кезінде Қазақстанның Оқу-ағарту министрі болған Әбдіхамит Сембаевтың қызы. Бұл бірталай танымал тұлғалар шыққан берекелі әулет еді. Рауза Әбдіхамитқызы Мәскеу мемлекеттік университетінің аспирантурасында оқыды. Кейін сонда қалып, қызмет істеді. Химия ғылымының кандидаты. Нағашы ағасы, әйгілі қаржыгер Дәулет Сембаевты барша қазақ жақсы біледі. Бұл кісінің де Жәмиланың жетістікке жетуіне, өсіп-жетілуіне ықпалы мол болды.
Екі сағаттан бері емін-еркін сөйлесіп отырмыз. Алматы қаласында №25 орта мектепте орыс тілінде білім алған Жәмила қазақшаға онша жүйрік емес. Бірақ ана тілінде сөйлесуге өте ықыласты. «Енді қайтейін, ол кезде таңдау болмады. Заман солай еді. Әйтпесе ата-анамыз бізді әдейі орысша оқытқан жоқ қой. Әке-шешем орысша сөйлейтін. Ал ата-әжелеріміз қазақша әңгімелесетін. Үлкендер үйге келгенде ғана әңгіме қазақша өрбитін. Балалармен ана тілінде сөйлесу керектігін атам мен әжем үнемі еске салатын», – дейді Жәмила.
Қазақ қызы қазақшасы қатып тұрмаса да, қазақ деген халықты күллі Еуропаға танытты. Ол миллиондардың арасынан суырылып шығып, саясат әлемінде жарқырай көрінгенде алыс-жақын елдің бәрі назар аударды. Оның барлық қадамын бақылап отырды. Бірі үмітпен көз тікті, енді бірі күдікпен зер салды. Осыған орай Жәмила: «Менің министр болғанымның арқасында чехтар Қазақстанды бұрынғыдан да жақсы білді», – деп ой қорытады.
Чехияның экс-министрі Түркі тілдес халықтардың дүниежүзілік форумындағы басты тұлғалардың бірі ретінде құрметтелді. Оның сөйлеген сөзіне, пайымды пікірлеріне, оралымды ойларына түбі бір түркілер түгел құлақ қойды. Сол жолы форум делегаттары туыс халықтардың мақтанышына айналған қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің төңірегінде қалай шырқ үйірілсе, жүзінен жылылық есетін Жәмиланың да жанында біраз үйірсектеді. Күллі түркі жұрты оны да аялап-әлпештеді. Біз соны көрдік.
«Армысың, Чехия!»
Әдемі ғана күлесің,
Әдеппен қалқып жүресің.
Әдебі қазақ қызының –
Әсемдігі, сен білесің.
Асқар Егеубай, «Қазақ қызы».
«Енді бір жиырма-отыз жылдан кейін бүкіл тіршілік өзгереді», – деп Алмас ағамыз өте дұрыс айтыпты. Жиырмасыншы ғасырдың аяғына таман күллі дүниенің келбеті түрленді де кетті. Алматыда бұлаңдап өскен бойжеткен әуелі Мәскеуден, кейін Чехиядан бір-ақ шықты. Сол елдің шағын қаласынан бастап астанасына дейін мекен етіп, бүгінде Еуропаның еркін ойлы саңлақ саясаткеріне айналды.
Осының бәрі қалай басталып еді өзі? Алматы Медицина институтының Емдеу факультетінде оқып жүрген Жәмила қыз 3-курста Мәскеудегі И.М.Сеченов атындағы Бірінші медицина институтына ауысты. Чех жігіті Милослав Стехликпен сонда танысты. МГУ-дің Психология факультетін бітіріп, жүйкесі ауыратындардың мінез-құлқын зерттеуге маманданған ол мединституттың психиатрия кафедрасында жұмыс істейтін еді. Оқу орнын қызыл дипломмен аяқтаған Жәмила да осы кафедраға ғылыми қызметкер болып орналасқан-ды. Сөйтіп жүріп, көңілдері жарасты. Бұл кезде болашақ министр кандидаттық диссертациясының тақырыбын бекітіп, ғылыми еңбегін жаза бастаған. Бірақ аяқтауға мүмкіндігі болмады. Милославқа тұрмысқа шығып, көп ұзамай Чехияға көшіп кетті. Әуелден-ақ сүйіктісінің қойған шарты да солай болатын. Бастапқыда екеуі кездесіп жүргенде күйеу жігіт «Кеңес Одағында қалмаймын» деп ашық айтты. Милослав әйтеуір Мәскеуде кандидаттық диссертациясын қорғап үлгерді.
Сөйтіп, әйгілі Карловые Вары қаласына келді. Жәмиланың бөгде елге қоныс аударатынын естігенде ата-анасы кәдімгідей абдырап қалды. Әсіресе, әкесі қатты уайымдады. Олар қыздарының басқа мемлекеттің өкіліне күйеуге шыққанына қарсы болған жоқ-ты. Баласы біреуді жақсы көрсе, неге көлденең тұруы керек? Тек сыртқа кеткеніне қиналды. Ақырғы тоқтамды анасы айтты: «Әйелі қашанда күйеуімен бірге болуы керек. Жәмиланың бұл шешімі дұрыс шығар, барсын», – деді.
Есесіне жалғыз ұлдың жат жұртта қалып қоймай, елге екеу болып оралғанына Милославтың әке-шешесі есі шыға қуанды. «Жалғыздың жары – құдай» деген нақыл сөздің чехтарға да жаттығы жоқ болуы керек. Олар жас келінді барынша өбектеп бақты. Оның үстіне Милославтың Жәмиладан оншақты жас үлкендігі бар еді. Сондықтан жастары ұлғайған кемпір-шал алғашқы немерелерін асыға күтті. Ұзамай өмірге тұңғышы Кәмила келді. Жәмила, сөйтіп, Чехиядағы тіршілігін таза қазақы дәстүрмен бастады. Әдепкіде ата-енесінің қолында тұрды. Олар мұны өз қызынан кем көрмеді. Содан соң енші алып, бөлек шықты. Солтүстік Чехияның Хомутов қаласына көшіп келді. Мамандығына сәйкес дәрігер болып жұмыс істеді.
Хомутовта біраз жыл тіршіліктің қамытын киген соң бұлар Прагаға қоныс аударды. Осы сәттен бастап Жәмила СПИД ауруының алдын алу мәселесімен айналысты. Бұлай болатын жөні де бар еді. Ескі жүйе ыдырап, жаңа жүйе орныққан сәтте саяси режімнің өзгерісіне, шекараның ашылуына байланысты барыс-келіс жиілейді, қарым-қатынас көбейеді. Мұндай кезде түрлі аурулардың таралуына жол беріледі. Бүкіл әлемге қауіп төндіретін нашақорлық белең алады. Чехия бастапқыда бұл індетке қарсы күресуге соншалықты дайын болған жоқ. Абырой болғанда, қауіпті дерт ел ішіне кең жайылмады. Бәрібір оның етек алмауы үшін жүйелі жұмыс жүргізу керек еді. Жәмила осы шаруамен шындап айналысты. Ғылыми жұмысын осы тақырыпқа бейімдеді. Ғаламдық проблеманы шешу жолдарын көрсететін бірнеше мақала жазды. Тіпті, ағылшын тілінде кітабы да басылып шықты. Сөйтіп, біз жолыққан сәт Жәмиланың сонау тоқсаныншы жылдарда бастаған кәсібіне қайтып оралып, көңілі тоғайып жүрген кезі екен.
Жалпы, чехтар біздің кейіпкерімізге салғаннан ұнады. Олардың бұған ынта-ықыласы ерекше болды. Жәмила да оларға әбден сіңді. Чехтар ұлттық мінез-құлқы жағынан қазаққа қатты ұқсайды. Сол елде ұзақ жыл тұрған соң мұны анық байқайды екенсің. Оның пайымдауынша, чехтар – төзімді, бейбітсүйгіш, сабырлы халық. «Мысалы, қазақты қонақжай, шыдамды, мәселені шиеленістірмей, қайғы-қасіретке апармай, қайырымдылықпен, бітісу жолымен шешетін халық дейміз ғой. Чехтар да осындай тыныштықты қалайтын, өте ұстамды жұрт, – дейді ол. – Көршілеріне қарағанда әлдеқайда салқынқанды. Бұларды поляктармен мүлде салыстыра алмайсың. Мінез-құлқы словактарға да, немістерге де ұқсамайды. Чехтар жүрегінің жылылығы жағынан да қазаққа келеді. Қазақтар секілді мәселені бейбіт жолмен реттеуге ұмтылады. Мінездері жұмсақ. Лып ете қалмайды. Әп-сәтте қаны басына шауып, тепсініп шыға келмейді. Қызуқанды емес, байсалды. Әрине, адам болған соң аласы да, құласы да кездеседі. Бірақ көпшілігінің болмыс-бітімі сондай». Сондықтан Жәмила Чехияға тағдырын табыстады. Тұрақтылықтың қадірін білетін қазақ жұртында туған қыз тыныштығы бұзылмаған елде өзін онша жатсына қоймады.
Қазақтың қызы адал еңбек арқылы өзге елде де адам айтқысыз табысқа жетуге болатынын өз ісімен дәлелдеп көрсетті. Ол ұзақ уақыт атқарған дәрігерлік қызметінде жұртқа пайдасы тиетін білікті маман екенін танытты. Чехтар оның адами қасиеттеріне де көңіл аударды. Жоғары жауапкершілік, уәдеге беріктік, тұрақты сыйластық, салмақтылық пен сабырлылық оны биік белестерге жетеледі. Сөйтіп, барды бағалай білетін бұл елде жырақта жүрген Жәмиланың жағымды бейнесі қалыптасты. Жұртшылықтың сеніміне ие бола білетінін ертерек аңғарған қазақ қызы бірте-бірте саясатқа бет бұрды.
Ақыры, бабын тапқанға бақ, шаңын қапқанға сор болатын сан қырлы саясаттың сарбазынан сардарына дейінгі жемісті жолдан өтті.
Мәртебесі биік министр
Болғанмен сабыр қамал-тау,
Болмайды сезім самарқау.
Биязы мінез астары,
Булығып жанған жанартау!
Асқар Егеубай, «Қазақ қызы».
Жәмила билікке парламент сайлауындағы жеңіс арқылы келді. Бұл тұста ол елдегі Жасылдар партиясы төрағасының орынбасары еді. Мерейі үстем болған партияның төрағасы Мартин Бурсик Чехия Премьер-Министрінің орынбасары болып тағайындалды. Оның партия бойынша екі орынбасары бар-ды. Қызмет бөлісі кезінде екеуіне де министрдің портфелі бұйырды. Әріптесі, педагог Дана Кухтова Білім және ғылым министрінің орынтағына жайғасты да, Жәмила Адам құқы және аз ұлттар мәселесі жөніндегі министр болды. Осы сала бұған етене жақын еді. «Мен чех тілін акцентпен сөйлейтін адаммын ғой», – деп өзі айтатындай, аз халықтың өкілі болған соң, өзге ұлттардың жағдайын жақсы түсінеді. Олардың мұң-мұқтажын жан-тәнімен сезінеді.
Біздің кейіпкеріміз министр қызметіне оп-оңай жетті деп айту қиын. Ол алдымен саясат баспалдақтарымен партияның өз ішінде өрледі. Саяси карьерасын Солтүстік Чехия Жасылдар партиясының төрайымы болып бастады. Жергілікті жерде тәжірибе жинап, әбден ысылды. Он жыл бойғы тынымсыз еңбегінің арқасында өз партиясының республикалық деңгейдегі басшысының орынбасарлығына дейін көтерілді. Партия жұмысында көп жыл қызмет істесең де, саяси карьераң үшін бәрібір аздық етеді. Өзіңді өзің өрге сүйрегенің жеткіліксіз. Ең бастысы, сені ел таңдауы керек. Сондықтан ілгеріде Хомутов қаласында тұрған кезінде жергілікті кеңестің мүшесі (депутат) болды. Саяси дебаттарға белсене қатысты. Жұрт алдында еркін сөз сөйлеп, аудиторияны тез игеруге машықтанды. Парламентте болу құқын иеленген партияның қатардағы мүшесінен сол партияның басшылығына, одан үкімет мүшелігіне дейінгі тағылымды жол оны әрі есейтті, әрі танымын кеңейтті.
Жәмила әрі Парламент депутаты әрі министр болып жүре беруіне болатын еді. Аз ғана уақыттан соң Білім және ғылым министрі болған әріптесі екеуі ақылдаса келіп, депутат мандатын тапсыруды ұйғарды. Себебі, екі кеменің құйрығын ұстауға уақыт жетпейтін еді. «Сізді неге Денсаулық сақтау министрі етіп қоймады?», – деймін мен тақымдап. Ол іркілген жоқ: «Біз бұл мәселені бірнеше партияның өкілдерімен бірге отырып талқыладық. Соның нәтижесінде адам құқын қорғау және аз ұлттар мәселесімен айналысамыз деп шештік. Жасылдар партиясының бағдарламасында да аз ұлттарды қорғау жөнінде жеткілікті жазылған-ды. Үкіметке келген соң бәрібір жұрт бізден алдымен осыны сұрар еді. «Сендер аз ұлттар мәселесін, жалпы, азшылық мәселесін жолға қоямыз деп уәде бердіңдер. Сол уәделерің қайда, неғып денсаулық сақтау саласымен айналысып жүрсіңдер?» деп кінәлар еді».
Жаңа министр бәрібір Денсаулық сақтау министрлігімен тығыз байланыста жұмыс істеді. Бұл саланың жұмысын да жақсы біледі. Сондықтан елдің бас дәрігері қызметін емін-еркін атқара алатын еді. Соған қарамастан, сайлаушыларға уәде берген салаға арнайы барып, мойнына алған шаруаларды шешумен айналысты. Партия жетекшісі үкімет басшысының орынбасары әрі Қоршаған ортаны қорғау министрі болды. Ал Жәмила аз ұлттар мәселесіне ғана емес, азшылыққа жататын балалар, қарттар және әйелдер проблемасына да ден қойды.
Чехияның Президенті Вацлав Клаус Жәмиланы салтанатты сарайда қабылдап, қызметіне бекітті. Қазақ қызы Чехияның тарихында министр қызметіне тағайындалған сырт елдің тұңғыш өкілі еді. Ол өсіп-өнген жеріне адал қызмет етті. Жақсы жұмыс істеген адамның қай топырақта да биікке жете алатынын дәлелдеп шықты. Чехияда ресми түрде аз ұлттар деп елдің тарихымен бірге жасасып келе жатқан ұлттарды айтады. Жәмиланың айтуынша, мұндай этнос дәрежесін иелену үшін чехтың төл тарихымен байланысты болуың керек. Немістер, цыгандар, словактар, поляктар, гректер, орыстар аз ұлттарға жатады. Бұл елде біраз вьетнамдықтар да бар. Олар да аз ұлт болып саналмайды. Себебі, саны әлі де жеткіліксіз. Оның үстіне, олардың Чехияда тұрақтаған мерзімі соншалықты ұзақ емес. Қазақтар ресми мойындалған аз ұлттардың қатарына кірмейді… Оларды чехтар тарихи этнос деп санамайды. Соған қарамастан санаулы ғана қазақтың арасынан шыққан қайсар қызға министр қызметін қиған Чехияға қалайша құрмет көрсетпейсің?!
Жәмила үкімет мүшесі болған кезде Чех Республикасы Еуропа одағының төрағасы еді. Төрағалық кезіндегі талапқа сәйкес, әрбір министр сол сала бойынша тұтас Еуроодақтың да министрі болып саналады. Үкімет сол ұйымды басқарады. Қазақтың қарапайым қызы өз саласы бойынша әйгілі халықаралық ұйымға мүше мемлекеттердің барлық министрлерінің басшысы болды. Ұйымның Брюссельдегі аппаратында біздің Жәмиланың да кеңсесі бар еді. Міне, осындай бақ-береке мен абырой-беделдің бәрін аспай-таспай көтере білді.
Ол Чехияның Адам құқы және аз ұлттар мәселесі жөніндегі министрі лауазымында екі жыл қызмет істеді. Екі жылдан соң парламенттің сенім білдірмеуіне байланысты үкімет орнынан түсті. Демократтары дуылдасып жататын аумалы-төкпелі Еуропада мұндай жағдай ара-тұра болып тұрады. Себеп көп. Үкіметте бірнеше партия болған соң, ықпалдылық үшін бәсекелеседі. Үкіметке қолы жетпеген партиялар парламент ішінде өзара жанталасады. Сол ахуалды оппозиция тиімді пайдаланып, араларына іріткі салады. Ақыры, олар дегеніне жетті. Жұртқа Чехияның саяси сахнасында жер сілкінгендей әсер еткен осынау өзгеріс Жәмиланың әдемі басталған саяси карьерасына ауырлау соқты. Бірақ «Көппен көрген ұлы той» деп, тез көндікті.
Білікті дәрігер, саңлақ саясаткер қызметтен кетсе де, қоғамдық шаруадан шеттемей, сүйікті ісін жалғастыра берді.
Саясат сахнасының саңлағы
Ешкімге сені теңемен,
Ешкімді басқа елемен.
Қазақтың қызын басқаға,
Теңеуім керек неге мен!
Асқар Егеубай, «Қазақ қызы».
Жәмила саясаткер ретінде бірқатар танымал тұлғаларды өзіне үлгі тұтады. Әсіресе, Чехославакияның соңғы, Чехияның тұңғыш президенті Вацлав Гавелдің ұстанымы оған көбірек ұнайды. Өйткені, қоғамдық іске араласқалы жақыннан танығаны сол кісі. Шығармашылық ортаға белгілі жазушы-драматург Гавел Чехияның президенті болып тұрған кезінде үнемі қарапайым адамдардың қамын ойлап, жұртқа жақты. Сол тұрғыдан олардың көзқарасы орайлас болды. Ол елді билеген тұста Жәмила үлкен қызметке әлі келе қоймаған-ды. Бірақ Мемлекет басшысы бір күні денсаулық сақтау мекемесіне арнайы келіп, СПИД кеселімен күрес жөніндегі жұмыстардың барысымен танысты. Сол жолы қазақ қызын Гавелдің өте қарапайымдылығы тәнті етті. Осыдан бастап оның ешкімге ұқсамайтын болмыс-бітімінен өнеге алуға тырысты. Бұл да қоғамның әлсіз тобына жәрдемдесуге, өздерін өздері қорғай алмайтындарға қамқоршы болуға бел буды. Өмірде әділетсіздікті көп көретін, құқығы жоқ, құқығы бар болған күннің өзінде жеткіліксіз жандардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. Саңлақ саясаткер Вацлав Гавелдің басқару мектебінің қағидаттары да осыған үйлесетін еді. Ол барлық мәселеге адами тұрғыдан қарайтын.
Бұл елде қалыптасқан үрдістер бойынша әрбір саясаткер өзіне елдің қалай қарайтынын үнемі зерттеп-зерделеп отырады. Жәмила да теледидардан әр көрінген сайын жақын араласатын құрбыларының пікіріне құлақ қояды. Құрбыларының ішінде танымал саясаткерлер де бар. Олардың пікірін ой елегінен өткізіп барып, қорытады. Себебі, саясатта жүрген қыз-келіншектер ақыл-кеңесін айтып, ағынан жарылғанымен, ептеп өз мүддесін ойлап тұрады. Бүйрегі бұрғанымен, бір бармағы бүгулі тұратын сияқтанады. Сондықтан Жәмила бәрін де елеп-екшейді. Ал дәрігерлік мекемелерде қызметтес болған құрбылары шынайы көңілден сырын ақтарады. «Кеше қабағың қатулы болды, күліп жүрсеңші», – деп ескертеді. «Эфирде томсырайып тұрған соң сөзіңе ешкім құлақ аспайды», – деп наз айтады. «Әне бір жолы анау еркекпен сөз таластырып жатқаныңда, дауысың қаттырақ шықты», – деп кейістік білдіреді. Соның бәрі Жәмила үшін өте пайдалы.
Жәмила Стехликова үкімет құрамынан шыққан соң да, саясаттан мүлде аулақтап қалған жоқ. Өзінің мамандығы мен ұстанымы тұрғысынан келіп, қоғамдық іске тынымсыз араласты. Сайлауда жолы болмағанымен партиялық жұмыстарын атқара берді. Алайда, өзі айтқандай, парламентке өтпеген соң, сенің қоғамдық жұмысыңның мәліметтерін көпшілік біле бермейді. Жұртқа соншалықты қызықты емес.
Кез-келген саяси мәселе бойынша табан астында күрделі дебатқа түсіп үйренген Жәмиланың «Жалпы, саясат әйел адамның қолы ма екен? Әйелдің негізгі болмысы екінші кезекте қалып қоймай ма?» деген сауалдарға да жауабы әркез дайын. Әрине, ол төмен етектілердің саясатпен тұрақты айналысуы қай жерде де аса мақұлдана қоймайтынын мойындайды. Чехияда да, көрші елдерде де солай. Осыған орай кейіпкеріміз былайша ағынан жарылады: «Мысалы, Германияда бір танысым бар. Өзі депутат, бес баланың анасы. Сол айтады: «Мені депутат етіп сайлаған кезде жұрттың бәрі шошып кетті. «Сен парламентте қалай жүресің? Сен өзі қандай әйелсің? Бес балаң бар. Соған қарамастан күні бойы жиналыста отырасың. Үйіңе кім қарайды?», – деп сансыз сұрақтың астына алды». Міне, саясатта жүрген әйелдің отбасы болса, ел оны осылай кінәлайды. Ал тағы бір құрбым бар. Жасы да сол шамалас. Бірақ оның күйеуі де, баласы да жоқ. Оған жұрт былайша мін тағады: «Енді оның одан өзге не қызығы бар? Басқа ешқандай міндеті жоқ қой. Таңертеңнен кешке дейін саясатпен айналысса, қайдағы бала-шаға?». Демек, он балаң болса да, балаң болмаса да күстәналайды сені».
Бала демекші, Жәмила бала тәрбиесін де назардан тыс қалдырмады. Қызы Кәмила Амстердамдағы көркемсурет академиясында оқыды. Көркем фотомен айналысады. Бұл жағынан Кәмила өнертанушы, архитектор Алмас атасының жолын жалғады деуге келер. Ұлы Алан да бүгінде ат жалын тартып азамат болды.
Саясаттың сағасында тұрса да, о баста қалап алған дәрігерлік мамандығына жете мән береді. Үлкен ұлттық орталықтың басшысы екенмін деп, еңселі кеңсенің ішінде менеджерлік қызметпен айналысып қана отырмайды. Соңғы жылдарда ғасыр дерті көбейіңкіреп кеткен аймақтарға арнайы барып, гейтмандық жұмыс жүргізеді. Науқастармен тікелей сөйлеседі, олардың мұң-мұқтажын өз ауыздарынан естиді. Жұмысты жүйелеудің мын-сан тәсілін іздейді. Дербес лабораторияның қызметін қадағалайды. Төркіндес медициналық орталықтармен тығыз байланыс орнатады.
Алыста жүрген соң алтын бастауынан, тарихи тамырынан ажырап қалмауды ойлайды. Қолына түскен қазақ тіліндегі газетті үтір-нүктесіне дейін оқып шығуға тырысады. Ана тілінде көсіліп тұрмаса да сөйтеді. Тілін жаттықтырады. Елге келгенде түрлі жиындарда қазақша сөйлеуге талпынады. Қолынан сөздігі түспейді. Орыс, чех, ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Немісшесі де жаман емес.
Ару Алматы түсіне жиі кіреді. Әсіресе, бала кезін көп көреді. Көрген-білгені туралы естелік жазғысы келеді. Бірақ оған қолы тие бермейді. Шаруасы шаш-етектен. Аздап өлең жазатыны да бар. Тек өзі үшін ғана.
Қоғамдық қызметпен айналыспағанда білікті ғалым болатын еді. Ел тағдырына араласқан соң ғылымы қалып қойды. Өмірге, адамға, халыққа жақын саясат оны көбірек қызықтырды. Ойлап қараса, осының өзі де бір ғылым секілді. Қаншама мақалалар жазды, қаншама жиындарда сөз алды. Тек ғылыми мекемелерде емес, ел ішінде көп жүреді.
Жәмиламен екі жарым сағатқа созылған сұхбатым аяқталды. Ол ағыл-тегіл сыр ақтарды. Шешіліп сөйледі. Микрофон көрсе арқасы қозатын саясаткерге сұхбат деген не, тәйірі?! Бірақ біз елден келген соң ба, бүкіл әңгімесін ерекше сағыныш сазымен өргендей болды. Бәлкім, атамекенін аңсаған шығар…
Форум біткен соң ол апыл-ғұпыл жиналып, өзінің Чехиясына асығыс аттанып кетті. «Аман жүр, Еуропаны елеңдеткен қазақ қызы!», – деп қимай қош айтыстық.
…Бұған да біраз уақыт өтіпті. Осынау кезеңде Жәмиланың саясат сахнасының саңлағы ретіндегі беделді бейнесі одан әрі жарқырай түсті.