Журналистің жұмысына кедергі келтіргендерге жауапкершілік күшейтіледі

Журналистің жұмысына кедергі келтіргендерге жауапкершілік  күшейтіледі
Сурет: Inform.kz

Қазір мұндай норма жоқ.

Бұл туралы құжат 31 қаңтарға дейін қоғам талқылауы үшін Ашық НҚА сайтына жарияланған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

ҚР ІІМ «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына нормативтік-құқықтық саясат бойынша консультативтік-кеңес құжатын әзірледі.

Атап айтқанда, журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілікті күшейту ұсынылып отыр. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің түсіндіруінше, қазір мұндай норма жоқ.

Кейінгі 5 жылда ҚР Қылмыстық кодексінің 158-бабы бойынша (Журналистті ақпаратты таратуға мәжбүрлеу немесе таратудан бас тарту арқылы оның заңды кәсіби қызметіне кедергі жасау, журналиске заңды кәсіптік қызметті жүзеге асыруға кедергі келтіретін жағдай жасау немесе оны бұл мүмкіндіктен толық айыру) бар болғаны 9 сотқа дейінгі тергеу фактісі тіркелген. Құқық қолдану тәжірибесі ең әуелі әкімшілік жауапкершілікті қосымша енгізу қажет екенін көрсетеді.

Осыған байланысты Әкімшілік кодекске журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін жауапкершілікті көздейтін норманы толықтыру ұсынылып отыр. Бұл норма ҚР Қылмыстық кодексінің 158-бабының бірінші бөлігін «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексіне ауыстыру арқылы жүзеге асады.