Журналистика майталманы «Құрмет» орденімен марапатталды

Журналистика майталманы «Құрмет» орденімен марапатталды
almaty-akshamy.kz

Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесі қарсаңында еліміздің өркендеуіне үлес қосқан танымал тұлғалар мен еңбек адамдары Мемлекет басшысының  Жарлығымен  марапаттарға ие болған еді.

Марапат иелерінің арасында Almaty Aqshamy газетінің Шығармашылық даму  жөніндегі кеңес мүшесі, тарих ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Журналистика академиясының президенті Сағымбай Қозыбаев та «Құрмет» орденіне ие болды.

Журналистиканың майталманы қазақ білімінің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы  Ұлттық университетте жарты ғасырға жуық абыроймен  еңбек етіп, мыңдаған шәкірт дайындады. Осынау еңбек жолында қатардағы оқытушыдан бастап, кафедра жетекшісі, журналистика факультеті деканының орынбасары, факультет деканы сияқты баспалдақтарға көтерілді.

Белсенді қоғам қайраткері Сағымбай Қабашұлы басқарып отырған Қазақстан Журналистика академиясының құрылғанына 20 жыл толса, оның мүшелерінің өзі мыңдап саналады. Ерен еңбек иесі Сағымбай Қозыбаевтың шәкірттері тек өз елімізде емес, Куба, Вьетнам, Лаос, Пәкістан, Сингапур, Ауғанстан сияқты  шет мемлекеттерде де абыроймен еңбек етіп жүр.