Журналистердің «Болашақ» арқылы шетелде тағылымдамадан өтетін мерзімі белгілі болды

Журналистердің «Болашақ» арқылы шетелде тағылымдамадан өтетін мерзімі белгілі болды
Сурет: Egemen.kz

Кепілге мүлік ұсынбайды

Журналистер «Болашақ» бағдарламасы арқылы тағылымдамадан шетелде өту үшін кез келген ұйымды ұсына алады. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Конкурстық рәсімдерді ұйымдастыру басқармасының бас менеджері Гүлзат Асанбаева айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат- қа сілтеме жасап.
Осы орайда ол тағылымдамадан өту үшін шетелдегі жоғары оқу орны мен ұйымдарды қалай таңдау керек екенін түсіндірді.

«Біздің сайтта бекітілген шетел жоғары оқу орындарының тізімі бар. Бұл ретте тізімдегі оқу орындарын таңдай аласыздар. Сонымен қатар, әлемде танымал ғылыми ұйымдарды, салалық ұйымдардың арасынан өздеріңіз қарастыруға болады. Тағылымдамаға қатысты өз салаңызға қатысты кез келген ұйымды ұсыну мүмкіндігі бар», - деді Г.Асанбаева.

Оның айтуынша, Қазақстанда қызмет етіп жүрген тілшіні шетелдегі оқу орны тағылымдамадан өтуге шақыртса, әр шақыртуды Халықаралық бағдарламалар орталығы қарап шығады.

«Әр шақырту мен құжатты менеджерлер егжей-тегжейлі қарап шығады. Бұл тұрғыда жауапты екі күннің ішінде береміз», - деді орталық өкілі.

Оның сөзіне қарағанда, шетелде тағылымдамадан өтудің ең ұзақ мерзімі 12 ай, ал қысқа мерзімі бір ай болады.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Болашақ» бағдарламасы бойынша журналистер, режисерлер, операторлар, графистер әлемнің жетекші шетелдік ұйымдары мен ЖОО-ларында «Операторлық өнер», «Режиссура», «Журналистика», «Визуалды әсерлер. 3d анимация» және т.б. мамандықтар бойынша біліктілігін арттыруға мүмкіндігі бар.
Тағылымдамадан өтетін БАҚ өкілдерінің шетелдегі шығындары өтеледі. Сонымен қатар үміткерлер кепілге мүлік ұсынбайды.