Жойқын жарылыстар жаңғырығы

Жойқын жарылыстар жаңғырығы
ikaz.kz

1989 жылғы 19 қазанда Семей ядролық сынақ полигонында соңғы ядролық жарылыс жасалды

Қазақстандағы ядролық жарылыстардың жалпы қуаты 50 мегатоннадан асты

Бұл жарылыс егемендікке қол жеткізуге сәл-ақ қалған Қазақстан Тәуелсіздігінің символындай ел есінде қалды. Бұл атаулы күнді Халықаралық антиядролық қозғалыстың барлық ардагерлері мен белсенділері, Жер планетасындағы барлық озық ойлы адамдар кеңінен атап өтеді.

Атомның шығу тарихы

Әлемдегі ең алғашқы атом бомбасының «әкесі» американдық физик, профессор, жоба жетекшісі Джей Роберт Оппенгеймер екені көпшілікке мәлім. Ол өз жұмысында Кеңес ғалымдары Ю.Харитон мен Я.Зельдовичтің 1939 жылы ашқан уран бөлінуінің тізбекті реакциясы туралы есептеулерін пайдаланған болатын. Өкінішке қарай, ғалымдардың жаңалығы бейбіт мақсатта қолданылмады. 1942 жылы 2 желтоқсанда Жер шарын Екінші дүниежүзілік соғыс оты шарпыған кезде адамзаттың одан әрі дамуында үлкен рөл атқарған оқиға болды, яғни алғаш рет АҚШ-та атом қолданысқа енді. Сонымен, алғашқы ядролық сынақ 1945 жылы 16 шілдеде Нью-Мексико штатында өткізілді. Бір айдан соң 6 және 9 тамызда Жапонияның Хиросима және Нагасаки қалаларына американдық әуе күштері атом бомбасын тастады. Бұл жағдай жапон халқына зор қайғы әкелді. Осыдан кейін Оппенгеймер буддизм дінін қабылдап, өмірінің соңына дейін миллиондаған адамдардың өлімі үшін өзін кінәлап, жауапкершілікті сезінгендіктен қатты күйзелді.

Жауға қарсы пайдалануға бағытталған АҚШ-тың әскери әрекеттері Кеңес ғалымдарының жұмысын жандандырды. Иосиф Сталиннің өзі өзінің ядролық арсеналын құру міндетін жүктеді, ал Лаврентий Берия осы бағыттағы атқарылатын жұмыстарды қадағалады. Жобамен Н.Семенов, Ю.Харитон, Я.Зелдович, И.Курчатов, А.Сахаров, И.Гуревич және басқа да көптеген көрнекті ғалымдар жұмыс істеді.

1946 жылы 14 қарашада Сталин КСРО Министрлер Кеңесінің арнайы сынақ полигонын салу туралы Қаулысына қол қойды. 1947 жылы КСРО үкіметі ел үшін атом бомбасының құпиясы жоқ деп мәлімдеді. Сынақтар үшін Қазақстан таңдалды. Республика аумағында КОКП ОК және КСРО Министрлер Кеңесінің 1947 жылғы 21 тамыздағы шешімі бойынша алдымен тау сейсмикалық станциясы (905 объект) ретінде Семей ядролық сынақ полигоны (СЯСП) құрылды, кейіннен ол КСРО Қарулы Күштері министрлігінің оқу полигоны, кейіннен №2 мемлекеттік орталық ғылыми-зерттеу сынақ полигоны болып өзгертілді.

1948 жылдың басында КСРО Министрлер Кеңесі И.Курчатов, Ю.Харитон және П.Зерновқа 1949 жылдың 1 желтоқсанынан кешіктірмей атом бомбаларының бірінші даналарын жасап, мемлекеттік сынақтарға беруді міндеттеді. 1948 жылдың 1 маусымында Қазақстанға құрылыс әскери бөлімдері келе бастады. Осы сәттен бастап қатаң құпия жағдайында Семей маңында әскери және ғалымдарға қызмет көрсететін қызметкерлерге арналған тұрғын қалашықтың құрылысы басталды. Жедел қарқынмен зертханалық-экспе- рименттік корпустар, тәжірибелік алаңдар мен бункерлер салынды. Полигон «шаруашылығының» жалпы алаңы 18 500 шақырым, периметрі 600 шақырымға жуық болды. Құрылысына 15 мыңнан астам әскери қызметші қатысқан полигондағы жұмыстар 1949 жылғы шілдеде мерзімінен бұрын аяқталды. Сынақтарды бастау үшін мұнда барлық қажетті заттар күшейтілген күзетпен жеткізілді.

«Алғашқы найзағай»

Алғашқы атом сынағы үшін әскери құрылысшылар 300 шаршы метрді құрайтын «тәжірибе алаңын» дайындады. Алаңның ортасындағы биіктігі 30 метрлік металл мұнараның басына 20 килотоннадан асатын ядролық заряд орнатылды. Айналасында темірбетон бекіністер, брондалған мұнаралар мен доттар салынды. Тәжірибе жүргізу үшін жануарлар, қой-лар, шошқалар, иттер, егеуқұйрықтар полигон аумағына әкелінді. Біраз уақыттан кейін бүтіндей бір қалашық пайда болды, өнеркәсіптік кәсіпорындар, үш қабатты тұрғын үйлер, МЕТРО бөлімі, теміржол және автомобиль көпірлері салын- ды, онда жанармай құйылған цистерналар тұрды. Далаға әс- кери формадағы тұлыптар, азық-түлік салынған жәшіктер қойылды. Мұның бәрі жарылыстың қаншалықты жойқын болатынын білу үшін жасалған болатын.

Атом бомбасын құрастыру И.Курчатов пен А.Завенягиннің бақылауымен жүргізілді. Полигондағы жұмыстың қалай атқарылып жатқанын қадағалау үшін Берияның өзі келетін болған соң ғалымдар қатты қобалжыды. Өйткені, Берия Кремльге есеп беретін. Ол сынақ жүргізілер алдында екі тізім дайындады. Егер бомба сәтті жұмыс істесе, ғалым- дар мен сынақты өткізушілер марапатталады, ал эксперимент сәтсіз аяқталған жағдайда оларды ату жазасына ұсынуға шешім қабылданған болатын.

1949 жылдың 29 тамызында күн ашық, аспан бұлтсыз болатын. Жергілікті уақыт бойынша 6 сағат 20 минутта командалық пунктте ғалымдар тәжірибелік үлгіні сынау мүмкіндігі туралы актіге қол қойды. Таңертеңгі сағат 7.00-де күшті жарылыс болды. Бұл шын мәнінде жойқын жарылыс еді. Эпицентрден бес шақырым радиустағы барлық өндірістік нысандар, тұрғын үйлер мен әскери техника жойылды. Айналадағы жердің бәрі қап-қара болып күйіп кетті.

«Алғашқы найзағай» операциясы аясында кеңестік атом бомбасының бірінші сынағы сәтті өтті және АҚШ монополиясын күйретті. Сталиннің нұсқауы бойынша Курчатов, Харитон, Щелкино, Алферов, Флеров және басқа ғалымдарға Социалистік Еңбек Ері және Сталин сыйлығының лауреаты атағы берілді. Оларға «Победа» автокөлігімен, Мәскеу облысындағы жиһаздалған саяжай, бүкіл ел бойынша тегін жол жүруге рұқсат берілді, ал олардың балалары кез келген ЖООға емтихансыз түсу құқығын алды.

Ғылымның қауіпті «жетістігі»

Содан кейін полигонда сериялық атомдық зарядтардың жарылыстары жүргізілді. 1953 жылғы 12 тамызда полигонда қуаты 400 килотонна болатын РДС 6 термоядролық заряды сыналды. Әуедегі жарылыс төмендеу болғандықтан, бомба отыз метрлік мұнараға орналастырылды. Осы сынақ нәтижесінде полигонның бір бөлігіне радиоактивті өнімдер жайылды. Ал

1955 жылғы 22 қарашада Семей полигонындағы кезекті жарылыстан кейін бүкіл әлем академик А.Сахаров жасаған аса қуатты (тротил эквивалентінде – үш млн. тонна тротил) кеңестік сутегі бомбасы туралы білді. Бұл бомба ресми түрде RDS 37 деп аталған. Осы термоядролық құрылғы шамамен екі шақырым биіктікте ұшақтан лақтырылды. Осыдан кейін бірден полигонға және оған іргелес ауылдарға радиоактивті жауын-шашын түсті. Н.Андреевтің «Сахаров өмірі» атты кітабында ұлы физик-ғалым өз іс-әрекетінің нәтижелерін көріп, өзінің соңы өлімге әкелетін қорқынышты дүние жасағанын түсінетіні жайлы жазылған. Ғалымның «керемет» жаңалығы адамзатқа қуаныш емес, қайғы әкелді. «Жаратқан ием, біз не істедік!» деген өкініш оның өзегін өртеді.

СЯСП-да ядролық қаруды сынауды екі кезеңге бөлуге болады: біріншісі – 1949–1962 жылдары атмосферада ядролық жарылыстар жүргізу, екіншісі – 1961–1989 жылдары жерасты ядролық жарылыстарын жүзеге асыру. 1961 жылы 11 қазанда полигонда КСРО-дағы алғашқы жерасты ядролық жарылысы жасалды. 1949–1989 жылдар аралығында СЯСП-да барлығы 468 ядролық сынақ жүргізілді, онда 616 ядролық және термоядролық құрылғылар жарылды, оның ішінде: 125 атмосфералық (26 жерүсті, 91 әуе, 8 биіктік) және 343 жер астындағы ядролық сынақ жарылыстары (215 штольняда және 128 ұңғымада). Ядролық сынақтардан басқа мұнда химиялық заттарды қолданумен 175 жарылыс, оның ішінде 10 тоннадан астам зарядпен 44 жарылыс жасалды. Сондай-ақ, ондаған гидроядролық және гидродинамикалық сынақтар жүргізілді ( «NTR» – толық емес тізбекті реакциялар).

Барлық кеңестік сынақтардың үштен екісі, яғни 468 ядролық жарылыс дәл Семей полигонында өткізілді. Мұнда ядролық қаруды жер үстінде және әуеде жару сынақтары 1963 жылға дейін жүргізілді, сол кезде КСРО, АҚШ және Ұлыбритания 1963 жылы 10 қазанда атмосферада, ғарыш кеңістігінде және су астында сынақтарға тыйым салу туралы келісімге қол қойды. Бірақ Кеңес Одағы шартқа қол қойылғанға дейін жерасты ядролық жарылыстарын жүргізе бастады.

Қазақстан аумағында жүргізілген барлық ядролық жарылыстардың жалпы қуаты 50 мегатоннадан асты. Радиоактивті жауын-шашын 304 мың шаршы шақырым аумақта таралды, онда 1,7 миллионнан астам адам өмір сүрді. Семей облысы және оған іргелес өңірлер экологиялық апат аймағына айналды.

Бір штольняда бұзылған зарядтардың ең көп саны беске тең болды. Сонымен қатар, КСРО-да зарядтардың өздерін сынаудан басқа, жарылыстардың топырақ массивтері мен жерасты қазбаларына әсерін зерттеу жүргізілді.

СИЯП-тағы соңғы жарылыс 1989 жылы 19 қазанда жасалды. Ол кезде полигон бұрыннан ғылыми-сынақ кешеніне айналды, оның орталығы Қуатты зертханалық-эксперименттік базасы бар Курчатов қаласы болды.

«Невада–Семей»

КСРО әскери мақсаттағы жерасты жарылыстарының 90%-ын СИЯП-та өндірді. Семей полигонында атом және сутегі қаруының алғашқы үлгілері сыналды, әлемде бірінші ядролық заряды бар баллистикалық зымыран ұшырылды. Мұнда ядролық жарылыстың зақымдаушы факторларының әсеріне беріктікке зымыран техникасының үлгілері мен шахталық ұшыру қондырғылары сыналды.

Республика тұрғындары ядролық сынақтардың салдары- нан радиациялық сәулеленуге ұшыраған өңірлерде сырқатта- нушылық пен өлім-жітімнің өсуіне байланысты бірнеше рет дабыл қаққан болатын. Алайда, бұл фактілерге КСРО басшылығы үнсіз қалды, айтылған мәселелерге қатысты нақты ша- ралар қабылданбады. Бүкіл елдің басына қауіп-қатер төнді. Ядролық жарылыстардың салдары туралы ақпарат құпия папкаларда сақталды. Халық наразылығының соңғы тамшысы, төзімінің шегі 1989 жылы 12 және 17 ақпанда жүргізілген сынақтар болды. Ол кезде радияцияның көрсеткіші сұмдық деңгейге жеткен. Бұл туралы КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына үміткер, белгілі ақын Олжас Сүлейменов біліп, ол 25 ақпанда теледидардан сөз сөйлеп, өзінің сайлауалды бағдарламасының орнына СИЯП айналасындағы қорқынышты жағдай туралы баяндады. Ақын өзінің жерлестерін 28 ақпанда Алматыда өтетін митингке келуге шақырды. БҰҰ-ға дейінгі барлық мүдделі инстанцияларға Үндеу жіберіп, полигонның зардабы жайлы айтып жүрген мыңдаған адамдар алаңға жиналды. Үндеуге миллиондаған қазақстандық қол қойды, оларға шетелдік азаматтар да қолдау білдірді. Ядролық қаруды сынауды тоқтатуға да, басты ядролық полигонды жабуға да мұрындық болған халықаралық антиядролық «Невада–Семей» қозғалысы осылай пайда болды.

Семей полигоны Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен жабылды. 1992 жылы Қазақстан Тәуелсіз мемлекет ретінде СНВ 1 шартына, Лиссабон хаттамасына қол қойды, онда ядролық қаруды таратпау жөніндегі өз міндеттемелерін тіркеді. КСРОдан қуатты арсенал алған Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан елдердің біріне айналды (Украина мен Белоруссиямен бірге). Біздің республика осы батыл және игілікті істе бірінші болып тарихта қалды.

Аударған А.СЕНБАЕВА.