Жотада жылан жортып жүр

Жотада жылан жортып жүр
almaty-akshamy.kz

Қазақы пайым

«Сары аяз» амалы бітуге жақын. Бірақ алда «Білмесең - білдірем, білсең - бүлдірем» деген айбынды ақпан айы келе жатыр

Қаңтар айының 3-і. Шатқалда жылан жортып жүр...

Жыланның қыстыгүні қар бетінде жорғалағаны қыс жылы болады дегенді білдіреді екен. Қарда жылан жорғаласа, Мəшһүр Жүсіп бабамыз айтқандай, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман» басталып, қазағым мамыражай тыныштыққа, Жаратқанның жылуына бөленіп, бақытты шаққа енетін көрінеді…

Қыстың 40 күндік шілдесі 5 ақпан күні шығады. Бірақ қытымыр күндер әлі жалғаса бермек. Алдымызда ақпан айы келе жатыр. Бұл айдың «білмесең - білдірем, білсең - бүлдірем» деген ұраны бар. Десе дегендей, бабалар жаңсақ айтпайды. Ұрпағын аман сақтаймын, көбейтемін деп талай қиын кезеңді басынан өткеріп жүріп жинақтаған тәжірибенің түйіні ғой бұл тәмсілдер.

Аптығып жеткен ақпанның ашу мінезін, асау қылығын көрсетуі ғажап емес. Алдағы айда атақты «ақпан» амалы бар. Ол айдың 10–15 аралығында жүреді. «Жылқышы», «Ақ құрық» деген жанама аттары бар. Оның аржағында атақты «Бөрісырғақ» тұр.

Қазақта «Үш бунақ» деген табиғат есебі бар. Жылды жылы, ыстық, суық деп үш мезгілге бөліп қарастырады. Бас бунақ – шамамен ақпанның 9-ынан маусымның 9-ына дейін (қара қатқақ ащы өзек), орта бунақ – маусымның 9-ы мен қазанның 9-ы аралығы (тұяқ терлеп, қой күрлеп), аяқ бунақ қазанның 9-ы мен ақпанның 9-ы аралығы (тоқты тоймас, шөміш кеппес деп аталған). Енді екі аптадан кейін бас бунақ басталады. Қар еріп, лайсаң, қатқақ кез көрініс береді. Қанша дегенмен, табиғат жылылыққа бейімделеді. Бұл күн жылынып кетеді дегеніміз емес. Жоғарыда айтқан амалдар кезек-кезегімен көрініс беретіні күмәнсіз.

Табиғат құбылыстары мен ауа райын бақылауда халықтың өзіндік тәжірибелері мен болжамдары барын білеміз. Сонымен қатар, терминдері, қағидалары да бар. Айталық, жазда жаймашуақ, ыстық, қапырық, қайнап тұр, күйіп тұр, аспан айналып жерге түскендей, ми қайнататын ыстық десе, көктемде шуақ, май тоңғысыз, шыбынсыз жаз, қыста үскірік, бет қаратпас аяз, «тіпу» десе түкірік жерге түспес суық, ақ түтек, ат құлағы көрінбейтін боран, сырғыма, жаяу борасын, күзде «қара суық», қарашаның ызғары, жазғытұрым «самал жел», көктемде «алтын күрек», сіркіреген жауынды «соқыр жаңбыр», жаумайтын бұлтты «қысыр бұлт», наурыз айындағы ұзарған күнді «ұзынсары», т.б. деп айтатын халықтың әдемі теңеулері жетерлік.

Осы маржан сөздерді неге қолданбасқа! Орыстар сияқты етті де, бетті де «свежий» дегенше, «күн «жаймашуақ» екен, бүгін «Алтын күрек» басталды, «ұзынсары» келетін уақыт та жақын қалды» деп неге барымызды базар етпейміз. Қазақтың тілі әлемдегі ең бай тілдің бірі (Бірақ сөйлейтіндер аз!..). Бір ғана адамның беті туралы 24 сөз бар. Оларды біз қолданбасақ, кім қолданады?!

Ақпан – «ақ ықпа» сөзінен шыққан. Ақпандағы ауа райы аумалы-төкпелі, құбылмалы. Ақ ықпа сол мағынаны білдіреді. Біздің данагөй бабаларымыз қаңтар мен ақпанға мынандай сипат берген:

Қаңтар бөгет салады, оны ақпан бұзады.

Ақпан – қайталаманың ақ бораны. Ақпан тұрақсыз: кейде аяздың беті қайтып, сынады, кейде аспан түнеріп, жапалақтап қар жауады. Оның бұрқасынды да шуақты күндері алма-кезек. Ақпанда қыс пен көктем белдеседі. Қаңтарда бұрқасын, боран тәулік бойы соқса, ақпанда түнде, таң алдында соғады.

Ақпан борандайды, келер наурыз – жылауық. Ақпан аяғында аяз айылын жиып, қыс қаһарынан айырылады. Ақпандағы ауа райы: Ақпан – жылдың қысқа айы. Кейде 28, кейде 29 күннен бітеді. Кешкісін аспанда жұлдыз быжынап көрінсе, қыстың ұзаққа созылуы мүмкін. Қырау түспей, күн желді болса, боран соғады. Жұлдыз жымыңдаса, боран соғады, жарқыраса аяз тұрады, күңгірттенсе күн жылырақ болады. Қарағаш бұтағына жабысып түспесе, күн жылынады. Салқын және ылғалды болса, келер тамыз ыстық болады. Бабалар тәжірибесінен жинақталған пайым осылай дейді.

Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, қаңтардың 27-сі, ай есебіне жүгінсек, айдың 24-і, ал қазақша айдың 10-ы. Апта айдың соңы мен басына дөп келіп тұр. Тәжірибеге сүйенсек, айдың соңы мен басында тұрақсыз ауа райын көріп жүрміз. Қаңтардың 27-сі мен ақпанның 3-і аралығында күн салқындап, қар жаууы ғажап емес...