ЖОО-ны тексеру саясаты өзгереді

ЖОО-ны тексеру саясаты өзгереді
Сурет: Нalyq-uni.kz

Бұл туралы Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова айтты.

Енді университеттің жабылуына құрылтайшы жауап береді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Президенттің тапсырмасына сәйкес, салада «Таза парақтан» атты жаңа реттеуші саясаты қолданылады. Оған сәйкес, тексеріске жататын субъектілердің тізімін адам анықтамайды. Енді жұмыс (ЖОО-ны тексеру – автор) автоматты түрде жүргізіледі. Әр субъектінің өзінің ақпараттық жүйесі болуы керек. Ол мемлекеттік органдардың жүйесіне қосылады, ал біз өз тарапымыздан тиісті критерийлерді анықтаймыз», - деді Гүлзат Көбенова.

Оның айтуынша, Ғылым және жоғары білім министрлігі жанынан жұмыс тобы құрылған.

«Оған министрліктің де, жоғары оқу орындарының да, бизнес өкілдерінің де, «Атамекен» ҰКП-ның да өкілдері кірді. Бүгінде ол топ жұмысын аяқтап, барлық нормативтік құқықтық актілерге ревизияны анықтады. Енді автоматтандыру бағыты бойынша жұмысты жалғастырамыз (егер университет жабылса – автор). Заңға сәйкес, (ЖОО-ның – автор) құрылтайшысы студенттерге ең алдымен жауап береді. Оның жауапкершілігі «Білім туралы» заңға енгізілген толықтыру арқылы нақтыланды. Ең алдымен, бұл құрылтайшының жауапкерлігін күшейтуді көздейді», - деді комитет төрағасы.

Айта кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі биыл 15 университеттің тексерілетінін айтқан еді.