ЖОО-лардың 19 диссертациялық кеңесінің қызметі тоқтатылды - ҚР БҒМ

ЖОО-лардың 19 диссертациялық кеңесінің қызметі тоқтатылды - ҚР БҒМ
Inform.kz

Жоғары оқу орындарының 19 диссертациялық кеңесі белгіленген талаптарды сақтамағандықтан 2021 жылы өз қызметін тоқтатты, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz ҚР БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта университеттерде тағы 13 диссертациялық кеңес жабылу алдында тұр. Қыркүйекте Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті диссертациялық кеңестердің жұмысына осы жылдың наурыз айында бекітілген жаңа формат бойынша талдау жүргізді.

Тексеру барысында кейбір жоғары оқу орындарының диссертациялық кеңестері жұмысты ұйымдастыру кезінде бұзушылықтарға жол беретіні анықталды.

«Кеңестер құрылған докторантураның кейбір білім беру бағдарламалары аккредиттеуден өтпеген. Бірқатар университетте кеңестің тұрақты құрамы бекітілмеген әрі кеңес құрамында 50% уақытша мүшелердің болуы жөніндегі талаптар сақталмаған. Бірқатар диссертациялық кеңесте ресми рецензенттердің, диссертациялық кеңес мүшелерінің ғылыми жұмысты бағалауы формалды сипатқа ие және жұмыс мазмұнына егжей-тегжейлі талдау жүргізілмейді», – деп атап өтті ҚР БҒМ Білім және ғылым саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.

Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың наурыз айында диссертациялық кеңестердің жұмыс істеуі бойынша жаңа талаптар заңнамалық түрде белгіленді.

Олардың ішінде диссертациялық кеңестерде уақытша мүшелердің:

– қорғалатын диссертация тақырыбы бойынша сала мамандарының болуы, рецензенттердің дауыс беруге қатысуы және оларға қатысты шектеулер туралы ережелер бар.

Сондай-ақ кеңестерге қорғау нәтижелері бойынша диссертациялық жұмысты түзетуге немесе қайта қорғауға жіберу сияқты шешімдер қабылдауға мүмкіндік берілді.  Сонымен қатар жоо сайтында қорғалатын диссертацияларды мерзімсіз уақытқа орналастыру, жұмысты онлайн қорғау –енгізілген жаңашылдықтардың бірі болып табылады. Бұл шаралардың барлығы сапаны қамтамасыз етуге бағытталған.