ЖОО-да 2-3% жеңілдетілген несиемен білім алу мүмкіндігі қарастырылуда

ЖОО-да 2-3% жеңілдетілген несиемен білім алу мүмкіндігі қарастырылуда
Сурет: Іnform.kz

Жаңадан құрылған үш облыс талапкерлеріне грант бөлу жалғаспақ.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын таныстырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Ұлттық бірыңғай тестілеу талапкердің оқу жетістіктері мен әлеуметтік жағдайын ескеретін  көрсеткіштер  бойынша жетілдіріледі. Аталған  тәсіл  грант бағасы жүйесіне (30%дан 100%-ға дейін)  дифференциация енгізуде де қолданылатын болады. Білім алушыларға 2-3 пайыздық  жеңілдетілген несие алу мүмкіндіктері де жоспарланып отыр», - деді министр.

Ведомство басшысының айтуынша, тығыз қоныстанған және жаңадан құрылған үш облыс талапкерлеріне грант бөлу жалғаспақ.

Бұдан бөлек, кадр даярлауды алдын ала болжау моделіне көшу де қарастырылуда.

«Бұл форсайттық-болжау негізінде өңір мен экономика салаларына қажетті жаңа кәсіптерге сұраныс пен кадр даярлау жүйесін тиімді ұштастыру болып табылады. Осы ретте  мемлекет пен бизнестің,  университеттердің күш-жігері біріктіріледі», - деді ол.

Саясат Нұрбек «Жаңа мамандықтар атласы» әзірленгенін де тілге тиек етті. 

«Осы ретте өңірлік стандарттар  әзірленеді. Бұл халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасына енген «Мамандығым – болашағым» жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деді ведомство басшысы.