Жолдың жайын жүрген біледі...

Жолдың жайын жүрген біледі...
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

     Алматының қайнаған тынымсыз тіршілігіне нәр беріп, о шеті мен бұ шетін байланыстырып жатқан қара жолдың қадірін жолаушыдан һәм қала тұрғындарынан артық ешкім білмейді. Ол рас. «Жолдың жайын жүрген біледі».

    Алматының осыдан он-он бес жыл бұрынғы жағдайымен салыстырғанда, қазіргі жағдай жаман емес. Бірақ, бұл сөзіміз қала жолдарының барлығы тақтайдай тегіс, жайлы деуге келмейді. Себебі, мегаполисте сапасы сын көтермейтін жолдар да бар. Сөзіміз дәлелді болуы үшін жол қатынасының жөн-жосығын таразылап көрелік. Алып шаһардың көшелерімен жүрсең, жамалған жолдарды байқамау мүмкін емес. Ең болмаса, сол жамаудың өзі сапалы болса ғой!..

     Міне, көктем де келді. Енді қала көшелерін жартылай жауып тастайтын жол жөндейтін компаниялар қаптайды. Олардың да жұмысын тап-тұйнақтай етіп атқаратыны шамалы. Сорақысы сол, кейбір жауапсыз мердігерлер қыс кезінде бүлінген шұңқырды емес, бүлінбеген жерді де қақ ортасынан ойып кетеді. Осылайша жүйесіз жүргізілген жұмыс онсыз да сағаттап тұратын көлік қозғалысын қиындатып, кептелісті күрделендіріп жібереді. Міне, мәселе қайда! Бұл компаниялар әрбір шаршы метр үшін есептелген тариф бойынша қаржы алады деген ақпарат бар. Демек, жол жасайтындар сапаны  емес, қалтаның қалыңдығын ойлайтын сияқты.

 «Заманың  түлкі  болса, тазы  боп  шал» деген мәтел тендерден теңге жасайтындардың оң жамбасына  келіп тұр. Өйткені, қоғамды  жайлаған жемқорлық деген індеттің бір ұшығы осы тендерде жатыр. Біздің зерттеу бойынша әлгі тендерден аты озған компания қаражат үнемдеу мақсатында арзанқол жұмысшыларды көшеден  іздейді екен. Демек, бұл жұмыстарға жол саласының мамандары араласпайды. Енді өзіңіз айтыңызшы, жол саласын  жетік білмейтін адамнан қандай сапа күтеміз?!

    Бір кездері екі жұмысшы қол ұстасып, көше жабындысын таптауының да бір себебі осында жатса керек-ті.

Кейде біз Алматының көшелерін құдды бір Каспий теңізі бетіндегі толқынға ұқсатамыз. Көлігіңіздің ішінде отырып жаныңыз ауырады. Мұндай бассыздыққа кім жауапты?

 Деректерге сүйенсек, соңғы жылдары елімізде  жол-көлік оқиғасы көбейген. Өткен жылдың қаңтар–мамыр айларында  елімізде 5,2 мың жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 7,7 мыңға жуық адам зардап шегіпті. Оның ішінде әртүрлі деңгейде дене жарақатын алғандар - 6,9 мың адам болса, 744 адам оқиға салдарынан көз жұмған. Бұл 2021 жылғы қаңтар-мамыр айларымен салыстырғанда 11,9 пайызға артық. Жол-көлік оқиғаларының қауіптілік  көрсеткіші  бойынша  оңтүстік астана көш бастап тұр. Одан кейінгі орындар Алматы мен Жамбыл облыстарының еншісінде.

 2017 жылы Алматы қаласындағы Құрманғазы көшесінің Мұқанов көшесінен Достық көшесіне дейінгі аралығына жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Бүгінгі таңда дәл сол көшенің аталған аумағында көліктер жолда «тербеле» жүруге мәжбүр. Себебі, көше шұрқ-тесік. Біз осы мәселенің мән-жайын білу мақсатында Алматы қалалық мобилділік басқармасына сауал жолдаған едік. Басқарма мәліметі бойынша, биыл шаһар көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланбаған. Тек орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі екен.

 «Көшеге жүргізілген күрделі және орташа  жөндеу жұмыстарын Қалалық мобилділік басқармасы қабылдап алады. Осы жылдан бастап ағымдағы жөндеу жұмыстарының басым бөлігі аудан әкімдіктері арқылы жүзеге асырылады. Орташа жөндеу жұмыстарын аяқтағаннан кейін мердігер ұйым 3 жыл сол жолдың сапасына жауапты. Егер істеген жұмыстары сапасыз болып, ойылып кететін болса, компания өз есебінен жөндейді. Ал ағымдағы жөндеу жұмыстарына келісімшарт бойынша кепілдік берілмейді. Алайда басқарма тарапынан 1 жыл шамасында қайта ойылған жол жабындарын мердігер ұйымның өз есебінен жөндейтіндігі туралы талап қарастырылған. Биыл Құрманғазы көшесінің Достық даңғылынан Қармысов көшесіне дейінгі бөлігі жөнделеді. Бұл жерде соңғы жөндеу жұмыстары 12 жыл бұрын жүргізілген, - дейді басқарманың баспасөз орталығы.

 Мемлекет басшысы 2022 жылғы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында жол салу саласында сыбайлас жемқорлыққа бейімділік көрсеткішінің жоғары екеніне тоқталып, елімізде жол салу барысында 10 жыл ішінде болған заң бұзушылықтарды мұқият тексеруді тапсырды. «Еліміздің жолдары нашар екені және жол құрылысы саласында жемқорлық жайлағаны ешкімге жасырын емес. Жалпы, бұл салада қордаланған мәселе көп... Жолдың сапасына қатысы бар барлық кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тарту керек», – деді.

 Президент тапсырма берді. Ары қарай жолға қатысты жұмыстар қалай жүзеге асып жатыр?

 Дәл осы жолдың сапасын тексеріп, баға беретін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК мекемесі екен.

Кілең жол саласының мамандарынан жасақталған мекеме жауапсыз компаниялардың жұмысын қаншалықты тексерді, қанша компания жауапқа тартылып, айыппұл арқалағандары қанша деген сауалға жауап алу үшін мекеменің Алматы қалалық филиалына хабарластық.

 «2021 жылы Алматы қаласының қала құрылысы басқармасына (ГАСК) он үш хат жолданды.  Бюджет қаржысын шашпай-төкпей жолға жұмсаймын деп сендірген «Рауан ДМ» және «АЛОНС» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері ілкімді іс істей алмай, жауапқа тартылды. Ал қадағалау жұмыстарына жүрдім-бардым қарағаны үшін техникалық қадағалау сарапшысы Б.А.Қиясовтың аттестаты 6 айға тоқтатылса, техникалық қадағалау жөніндегі бас маман М.Т. Зиядинге қатаң сөгіс жарияланды. Нәтижесінде жалпы айыппұл сомасы 4 696 460,00 теңгені құрады. Енді 2022 жылы Алматы қаласының Қала құрылысы басқармасына жиырма бір хат жолданып, «ЗИ-ДАН», «СЕЙСМОСТРОЙЗАЩИТА», «Profstroy Perspective», «RL Grand», «Мұзтау», «Қарасай құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сапасыз жұмысы үшін жауапқа тартылды. Жұмыстың әрбір сәтін көзінен таса қылмауға серт берген екі техникалық қадағалаушының аттестаты алты айға тоқтатылды. Осындай келелі жұмыстардың арқасында жалпы айыппұл сомасы – 11 180 000 теңгеге жетті, - дейді орталықтың баспасөз хатшысы Жарас Ниязбек.

 Бүгінде қала шекарасы кеңіп, Алматы облысының біраз жерлері қала меншігіне өтті. Сондықтан көшеге қатысты халықтың шағымы да көп. Мәселен, талай жыл батпаққа батып, көңілдері күпті болған «Қалқаман» шағынауданының өзінде әлі күнге мәселелері толық шешілген жоқ. Мәселен, 2019-2020 жылдары «Қалқаман-3» шағынауданының Аспандияров көшесіне асфальт төселді. Енді арық жағалауындағы жаңадан төселген асфальтты көп ұзамай қайта ойып алды. Содан ол көше бірнеше айлардан кейін қайта жамалды. Міне, компания осы жерде бірнеше шығынға жол берді. Мәселен, ойып алатынын біле тұра, арық жағалауына не үшін асфальт төседі? Сосын ойылған жерді жамау үшін қайта ыстық асфальт сатып алады. Бірнеше ай жатып, жауған жауын суы көше астына сіңіп, істелген істің сапасына сын келтіретіні о бастан белгілі. Бұл нені көрсетеді?

Әлбетте, бұл өз ісін жетік білмейтін мамандардан құралған компания жұмыстының «жемісі»! 

 Өкініштісі сол, бізде алдымен жол жасалып, кепілдемесін алады. Араға жыл салмай, су, электр желілерін тарту үшін кепілдігі бар жолдар бұзылатынын талай рет көз көрді. Сондықтан қаржыны қара жолға жұмсағанда, жан-жақты зерттеп, су, кәріз, электр желілерін реттеп барып, экскаватор «тісін» батырған жөн болар. Бөлінген қаражаттың өз мақсатына жұмсалмауы жол саласындағы жұмыстардың сапасыздығына әкеліп соғып отыр.

Мәселен, шетелде алдымен жол астындағы жөнделетін жұмыстар жүргізіліп біткен соң ғана жол салынады. Және біздегі сияқты айлап жолды жауып тастап, сағызша созбайды. Барлық техникасы сайланған компания әрбір жұмысты ұзаққа созбай аяқтайды. Бізде он екіде бір нұсқасы жоқ компаниялар құрал іздеп, талайларға қолбайлау жасап жатқанын жасыра алмаймыз.



 Жол қазу жұмыстарына су, кәріз жүйелеріне иелік ететін МКК «Алматы судың» да үлесі бар. Сондықтан  МКК «Алматы Су» мекемесіне сауал жолдадық. Сауалымызға аталған мекеменің су көздері департаменті директорының орынбасары Әбілқайыр Сұңғат Бекбалтаұлы жауап берді.

«Біздің елімізде су желілері де, кәріз жүйесі де жол астымен жүргізілген. Енді апаттық жағдайда жолды қазуға тура келеді. Апат қыстың күні болса, қайта көмгенде асфальт төсемін төсей алмаймыз. Сондықтан қазылған жерге уақытша кірпіш қалап тастаймыз. Айта кететін мәселе, уақыттан ұтылмас үшін біз қыста қазылған жолдарға жөндеу жүргізетін компанияны таңдау мақсатында тендер жариялаймыз. Көктемде асфальт зауыттары жұмыстарын бастасымен, әлгі компания жұмыстарын бастайды. Міне, осы аралықта жолдарда ыңғайсыздық туындауы мүмкін», - дейді департамент директорының орынбасары.

 Көктемде көшені ретке келтіру үшін алдымен жолды қазады. Әлгі шұңқыр сол күйінде бірнеше уақыт жатады. Неге бірден жамап кетпейсіздер деген сауалымызға:

«Болады. Бірақ, уақыт өте келе ол жер шөгуі мүмкін. Сондықтан технологияға сай біраз уақыт жатуы тиіс», - дейді ол.

 Алматы көшесінің жағдайын көзбен шолып, фотоға түсіру мақсатында жолға шықтық. Алғашқы саяхатымызды Шевченко  мен Мұқанов көшелерінен бастадық. Содан жоғарыда сөз етілген Құрманғазы көшесімен Байтұрсынов көшесіне дейін келдік. Одан кейін Байтұрсынов көшесімен жоғары қарай шықтық та, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетіне дейін бардық. Рейд барысын фотосуреттер айғақтап тұр.

 Президент тапсырмасынан кейін шаһар билігі бұл мәселені қатаң назарға алып, бақылауда ұстады. Өткен жылы Алматы қаласының әкімі Е.Досаев біраз жол құрылысын тоқтатты. Себеп, алдымен жер астындағы коммуналдық жүйелер жөнделген соң көше құрылысын жүргіземіз деген еді. Бұл бастама үнемділікке алып келеді. Ал үнемділік кенжелеп қалған басқа саланың дамуына өз септігін тигізетіні анық.

 

Ағымдағы жөндеудің жауапкершілігі аз. Себебі шұңқырды жамаған компания өз жұмысына кепілдік бере алмайды. Сондықтан бұл жұмысты алған компания үшін нәтижедегі тиімділік жоғары болуы керек-ті.  Мәселен, жол талаптарының нормасына сәйкес автомобиль жолдарына төселетін асфальттың биіктігі 30 сантиметрге дейін болса, бір шаршы метрге 750 келі майда қиыршық тасты асфальт кетеді екен. Ал Алматыда 1 тонна асфальт 25 000 теңге тұрады. Демек, бұл жерде де шығын баршылық екенін көкірегі ояу азамат бірден түсінеді.

 Мамандар асфальт төсеудің де өз тәртібі бар екенін айтады. Мәселен, күзгі мезгілде +10 градустан төмен, ал көктемде +5 градустан төмен ауа райында асфальт салуға болмайды.  Бізде ше? Қар қылаулап жауып тұрса да, бұл жұмыс жүре береді. Ал талап бойынша, жер жамылғысы құрғақ болуы шарт. Міне, біздегі жұмыстың сапасыздығы осы тұстан басталады. 

Сондай-ақ, олар жол сапасының нашар болуына техникасы, маманы жоқ мердігерлердің тендерге қатысуы да басты себеп екенін айтып отыр. Асфальтта шұңқырдың пайда болуы, оның қалыңдығының талапқа сай келмеуі, тығыздығының жоқтығы, енінің жетіспеуі - міне, мұның барлығы жол жөндеу жұмыстарындағы басты қателіктер. Бұл кемшіліктің барлығы жұмыс барысында техникалық қадағалаушының жол төсеушілердің басы-қасында болмауынан шығады. Қазіргі салынып жатқан тротуарлардың кейбірі талапқа жауап беретіндей емес. Сорақысы сол, көп кемшілік жіберетін мердігерлердің келесі тендерге қатыспауына ешкімнің шамасы жетпейді. Өйткені, оны құзырлы  орындар  ғана шешеді.

Қорыта айтқанда, шаһар жолдарының сапасы кез келген алматылықты алаңдатады. Өйткені, жол халықтың өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай жолдардың 95 пайызын жөндеп, ретке келтіруге тапсырма берген болатын. Ендеше, Алматы жолдары бұл үдеден шығуы үшін жергілікті билік өз ісін жақсы білетін білікті мамандарды көбірек тартуы тиіс. Сонда ғана қала көшелері жылда жасала бермейді, керісінше, тақтайдай түзу әрі тегіс жол халық үшін бірнеше жыл қызмет көрсететін болады!