Жолдау – қиындықтарды еңсерудің және мемлекетіміздің тұрақты дамуының берік негізі

Жолдау – қиындықтарды еңсерудің және мемлекетіміздің тұрақты дамуының берік негізі
parlam.kz

Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауы жүйелі әрі кешенді мақсаттар мен бағыттарды қамтыған. Олардың қатарында экономиканың түрлі салаларын кеңінен цифрландыру, ауыл шаруашылығына инновацияларды енгізу, қалалардың қарқынды дамуын қамтамасыз ету бар.

Әсіресе, өндірістерді автоматтандыру мен мәліметтерді жинақтауды жүйелендіруге назар аударылды. Мемлекеттік органдар мен қызметтердің цифрландырылу деңгейі алдағы уақытта одан ары арттырылатын болады. Цифрлық жаңа архитектураның жүйесі қалыптастырылады. Осы ретте бір-бірін қайталайтын функциялар азайтылатын болады. Азаматтарға қызмет ұсыну ауқымы мен дәрежесі жетілдіріледі. Отандастарымыз смартфон арқылы барлық қызметтерді ала алатын болады.

Осымен қатар, ақпараттарды жеткізу желілері жаңартылады. Еліміздің ақпараттық және телекоммуникалық потенциалы артатын болады. Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан Орталық Азия өңірінің цифрлық хабына айналуы қажет. Бұл үшін кадрларды әзірлеу күшейтілетін болады.

Жолдауда креативті экономиканы қолдаудың қорын құру аталынып өтті. Осы ретте бұл саланы дамытуда Алматының үлесі мол болмақ. Шаһарымызда бұл бағытта арнайы басқарма құрылып, кешенді жоспар әзірленіп іске асырылып келеді. Тағы бір маңызды нәрсе, өңірлердің тұрақты және біркелкі дамуына да үлкен мән берілді. Урбанизация процесін ескере отырып, қалалардың өсу орталықтары болатыны аталып өтті.  

Жоғарыда атап өткен цифрландыру үрдісін жан-жақты жүзеге асыру үшін білікті мамандарды әзірлеу стратегиялық маңызды мәселе болып табылады. IT және техникалық салаларда мамандарды әзірлеуге баса назар аударылды. Техникалық бағыт қызметкерлерінің еңбекақысын арттыру да уақыт талабына сай шешім деп білеміз.

Осымен бірге Жолдауда әлеуметтік шаралардың үлкен топтамасы қарастырылған. Атап айтсақ, жеке меншік компаниялардың қызметкерлерінің еңбекақыларын арттыру үшін салықтық жеңілдіктер және мемлекеттік қолдау түрлері енгізілетін болады. Бұның арқасында миллиондаған отандастарымыздың табысы арта түседі. Еңбектеніп келе жатқан жалдамалы жұмыскерлердің еңбекақыларын арттыруға арналған бастама да халық тарапынан үлкен қолдау табады деген ойдамын. Бұл еліміздің әрбір отбасына оң әсерін тигізетін болады.

Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің еңбекақы қорына қатысты ортақ біртұтас төлемдер 39%-дан 25%-ға азайтылатын болады. Төменгі жалақы мөлшері 42500-ден 60 мың теңгеге дейін артады. Бұл азаматтардың кірісінің ұлғаюына, көлеңкелі экономиканы қысқартуға және  ЖІӨ артуына септігін тигізеді.

Мұғалімдермен және дәрігерлермен қатар 2022-2025 жылдар барысында  мәдениет, мұрағат, техникалық сала, жүргізушілер, қорықшылардың еңбекақыларының жыл сайын 20% артуы ерекше маңызды. Атап өтерлік жәйт, бұл мәселелер Мәжіліс депутаттарының Nur Otan партиясы Фракциясы мүшелерінің Алматы қаласына шілде айында болған іссапары аясында көтерілген болатын. Біз өз тарапымыздан халық көтерген мәселелер мен ұсыныстарды жинақтап, тиісті құзыретті органдарға жолдадық. Жолдау ел азаматтарының әлеуметтік қамтылуын арттырудың және жастарымыздың білімді әрі кемел болашағының негізі болады. Бағдарламалық құжатта аталып өткендей, басты мақсат – азаматтардың өмір сапасын нығайту. Бұл орайда қалалар мен ауылдардың, жалпы барлық өңірлердің дамуына үлкен басымдық берілетін болады.