Жолда абай болыңыздар: Алматыда көктайғақтың кесірінен 30-ға жуық жол апаты болды

Жолда абай болыңыздар: Алматыда көктайғақтың кесірінен 30-ға жуық жол апаты болды
Сурет: Inform.kz

Тұман мен көктайғақ жол қозғалысын қиындатты

Алматы полициясы көктайғаққа байланысты қала тұрғындарын сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Таңғы сағат алтыдан бері мегаполистің жоғарғы бөлігінде 25-тен астам жол-көлік оқиғасы болды. Оның 10-да зардап шеккендер бар. Жауын-шашын мен көктайғақ қаладағы көлік қозғалысын айтарлықтай қиындататыны анық. Кептеліс пайда болып, көліктердің өткізу қабілеті нашарлады», - дейді Алматы қалалық полиция департаменті жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Манап Саттаров.

Сондай-ақ оның айтуынша, жол көлік оқиғалары көбіне жол қозғалысына қатысушылардың тәртіп сақтамауынан болады.

«Кей жүргізушілер жылдамдықты бәсеңдетпейді, төтенше жағдай туғызады, қауіпті маневр жасайды, бір-бірін сыйламайды, жаяу жүргіншілер жолды рұқсат етілмеген жерден кесіп өтеді. Осы факторлар жол қозғалысына жалпы кері әсер етіп отыр», - деді Манап Саттаров.

Сол себепті Алматы полицейлері жолдың қателікті кешірмейтінін еске салды.