Жол сапасы жөнделе ме?

Жол сапасы жөнделе ме?
Сурет: ашық дереккөз

Талай жылдан бері айтылып та, жазылып та келе жатқан, жауыр болған тақырыпқа тағы да тоқталғанды жөн санадық. Мақсат - мәселенің түйіні мамандарда екенін айту. 

«Жыл сайын қазынадан қомақты қаражат жұмсалып, жол төсемімен жерге «көме» салады. Бірақ, нәтижеге келгенде, «айдағаның бес ешкі, ысқырығың жер жарадының» кері. Салынған жолдардың сапасы сын көтермейді» деген пікірлер де айтылып жатады. Мүмкін, орынды айтылған ой шығар. Қай-қайсымыз да алысты жақындатып, діттеген жерімізге тез жеткізетін тақтайдай түзу жолдардың болғанын қалаймыз. Алайда барлығы біз ойлағандай соншалық күрделі ме?! Үміттің табы білінбейді дегенге іштей иланғың да келмейді екен. Хош. Тере бергенге мін еш уақыт түгесілмейді.

 «Көшің көлікті болсын!» деп бата береді қазақ. Ал көліктің күрежолсыз күні қараң екені, сәйкесінше, кез келген мемлекеттің экономикасы осы инфрақұрылымсыз дами алмайтыны, көші қарқынды ілгерілемейтіні лажсыз дүние. Жол сапасы халықтың тұрмыс деңгейіне, экономиканың дамуына тікелей әсер етіп қоймай, елдің әлеуметтік-саяси жай-күйінде де маңызды рөл атқарады. Көлік жолдары кеңейген сайын мемлекеттің өркендеуінің, халықтың әл-ауқатының жаңа көкжиектері, зор мүмкіндіктері ашыла түспек. Былай қарағанда, барлығы айдан анық болып көрінеді. «Ал іске асыруға келгенде неге тұралап қаламыз?» деген заңды сауал туындайды. Мүмкін мамандардың біліктілігі жетіспейтін шығар. 

Еліміздегі жол саласының ғалымдары автожол құрылысы бойынша Қытай елінің тәжірибесін үйреніп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтының сарапшылары Қытайға барып, көршілес елдің жол құрылысы саласын нормативтік тұрғыда реттеу, жобалау, құрылысты жүргізу, жолды пайдаланып, автожол құрылысындағы экономикасымен танысып жатыр. Бұған қоса, қазақстандық мамандар Қытай Халық Республикасының жол-құрылыс саласындағы техникалық базасымен жақынырақ танысуға мүмкіндік алады.

Делегацияның құрамында институттың вице-президенті Серік Өмірбаев, Жол-құрылыс материалдары және жаңа технологиялар департаментінің директоры Әсел Нұғманова және басқа да мамандар бар.

Жұмыс барысындағы кездесулердің бірінде институт өкілдері Цзянсу Көлік институтымен (Jiangsu Transportation Institute) ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

JSTI-мен арада ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылып, екі елдің жол-зерттеу институтын құрып, ұйымдастыру мәселелері талқыланды. Қытайдағы нормативтік-техникалық базаны реформалау мәселелері қаралып, жаңа технологияларды енгізу тәртібі зерттелді. Сондай-ақ тығыз ынтымақтастықты арттыру жөніндегі алдағы жоспарлар пысықталды, - деді Нұғманова.

Естеріңізге сала кетейік, «ҚазжолҒЗИ» АҚ еліміздегі автожол саласының нормативтік-техникалық базасын реформалау бойынша жұмыстарды жүргізіп келеді. Ұйымның сарапшылары жаңа технологиялар мен әлемдік тәжірибені ескере отырып, жол саласының нормативтік базасының жаңа құрылымын әзірлеп жатыр. Аталған міндет таяу және алыс шет елдердің озық тәжірибесі негізінде жүзеге асырылмақ. Осыған байланысты жоғарыда аталған меморандум жасау бойынша бастама көтерілді.

Жол саласының сарапшылары кейінгі 10 жылда ҚХР-да жол құрылысы сапасының айтарлықтай өскенін атап өтті. Осы ретте Қытайдың жүрдек автомобиль жолдары мен басқа да жоғары деңгейлі автокөлік жолдарын айтарлықтай жылдам дамытуда тәжірибесі мол екенін айта кеткен орынды.