Жобалар жарысы: «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасын іске асыру барысы айтылды

Жобалар жарысы: «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасын іске асыру барысы айтылды
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Өтінімдерді жинау жұмыстары жүріп жатыр.

2022-2023 жылдарға арналған «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы маусым айының басында қолға алынды. Бұл жоба сегіз кезеңде жүзеге асырылады. Қазіргі уақытта ең бірінші – қала тұрғындарының идеялары мен бастамаларын жинау кезеңі өтуде. budget.open-almaty.kz сайтында өтінімдерді жинау 20 шілдеге дейін ашық болады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

Алматы қаласы қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алтынай Төлеутаева «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы, іске асыруға қандай өтінімдер жіберілетіні, сараптамалық комиссия жобалармен қалай жұмыс істейтіні және жобаны іске асырудың әрбір циклі туралы айтып берді. 

- Өтінім қандай түрде беріледі және содан кейін мамандар онымен қалай жұмыс істейді? 

- Қалалықтардан өтінімдерді жинау тек budget.open-almaty.kz.  сайты арқылы жүргізіледі, олардың барлығы ашық әрі қолжетімді. Дауыс беру кезеңінен өткеннен кейін сараптамалық кеңестер бюджет қаражаты есебінен іске асырылатын жобалардың тізбесін қалыптастырады. Осы тізбелер бойынша аудандық әкімдіктер жобалардың нақты сметаларын есептейді, өйткені, жоғарыда айтқанымдай, авторлар өтінім берген кезде шамамен есептеулерді көрсетеді. 

Жеңімпаз жобалардың жалпы бюджетін түсінгеннен кейін аудандық әкімдіктер келесі жылы оларға бастамаларды іске асыру  әрі қаражат бөлу үшін өздерінің бюджеттік өтінімдерін Алматы қаласының қаржы басқармасына береді. 

- Жоба бойынша кеңес алу үшін адамдар қайда жүгіне алады? 

- Тұрғындар «Халықтың бюджетке қатысуы» мәселесі бойынша кез келген аудан әкімдігінен, әкімдіктің Open Almaty Қоғамдық қабылдауынан 224 39 29 (ішкі. 203) немесе 1308 немесе budget.open-almaty.kz сайтынан кеңес ала алады. 

Жоба бойынша өзекті ақпарат, жиі қойылатын сұрақтарға жауаптар Алматы қаласы әкімдігінің «Алматы жобалары» Instagram @almaty, jobalary). арнайы аккаунтында жарияланады. 

Сондай-ақ, барлық ниет білдірушілер үшін тегін онлайн-тренингтер өткізіледі, онда мамандар жобаның өзі, өтінімді ресімдеуге қойылатын талаптар, «Халықтың бюджетке қатысуы» санаттары, мерзімдері мен кезеңдері туралы әңгімелейді. 

 - Өтінімдер қандай критерийлер бойынша іріктеледі?

- Қала тұрғындарының барлық бастамалары белгілі бір өлшемдерге сәйкес келуі керек. Мысалы, бір автор бір тұтас жобаны іске асыруға бір ғана өтінім бере алады. Бұл ретте жоба біреудің жеке меншігінде жоқ жер учаскесінде орналасуы, сондай-ақ Алматы тұрғындары үшін қандай да бір шектеусіз ортақ пайдалануды білдіруі тиіс. Сондай-ақ, тағы бір талап, идеяны жүзеге асыру әкімдіктің құзыретінде болуы керек.

Өтінім берген кезде автор өз жобасының атауын қысқаша көрсетуі, жобаның нақ осы аулада/ауданда не үшін қажет екендігі, оның қандай мақсатқа арналғаны, жалпы қалалық дамуға және абаттандыруға қалай әсер ететіні туралы қысқаша сипаттама беруі қажет.

Дизайн ұсынысының эскизі мен сметасы бойынша авторларда көптеген сұрақтар туындайды. Мұнда смета да, эскиз де нақты болуы мүмкін екеніне назар аудару керек. Мысалы, жоба сайтында ашық қолжетімділікте орналастырылған өткен жылдардағы жобалар бойынша бағдарлауға болады. Сондай-ақ, интернеттен немесе кез-келген басқа ашық көздерден эскиздер немесе шамамен есептеулер жүргізуге рұқсат етіледі.

Сондай-ақ, өтінімді қарауға рұқсат алуы үшін ол сегіз санаттың біріне түсуі қажет. Олардың ішінде: балалар, спорт алаңдарын салу, демалуға арналған кеңістікті ұйымдастыру, көгалдандыру, тротуарлар, пандустар, арықтар, жарықтандыру және т.б. салу немесе жөндеу. Толық тізіммен жобаның budget.open-almaty.kz сайтында танысуға болады. 

- Өтінімдерді іріктеу кезінде қандай бағдарламалар басымдыққа ие?

- «Халықтың бюджетке қатысуы» қала тұрғындарының өздері өтінімдердің басымдылығын анықтауға бағытталған. Сараптамалық комиссиялар тұрғындардың ұсыныстарын тек талаптар мен критерийлерге сәйкестігін тексереді, ал қандай да бір жоба іске асырыла ма, жоқ па, соны қала тұрғындары ашық дауыс беру арқылы шешеді.

Алматының әрбір тұрғыны дауыс берудің өзіне ыңғайлы тәсілін таңдай алады: үйден шықпай-ақ – ЭЦҚ мен sms-код арқылы немесе кез келген аудан әкімдігіне немесе Open Almaty фронт-офисіне (Абай даңғылы, 90) келіп.

Дауыс беру нәтижелері бойынша ең көп дауыс жинаған жобаларды әкімдік келесі жылы іске асырады. 

- Өтінімдерді іріктеу кезінде комиссия қандай мамандардан тұрады?

- «Халықтың бюджеке қатысуын» іске асыру кезеңінде әрбір аудан әкімдігі жанынан құрылатын сегіз сараптама комиссиясының құрамына мәслихаттың өкілдері, Алматы қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері, құрылыс және сәулет саласындағы сарапшылар, сондай-ақ әртүрлі қоғамдық ұйымдар кіреді.

Әрбір берілген өтінім бойынша комиссиялардың шешімі хаттамаларда ресімделеді және жоба сайтында ашық қолжетімділікте орналастырылады. Авторлар кез келген уақытта «Жобалар бойынша материалдар» бөліміне кіріп, тізімнен өзіне ұнаған ауданды таңдап, берілген жоба бойынша ақпаратпен танысады, жіберілген немесе қабылданбаған өтінімдердің санын, өтінімдер сомасын, қабылдамау себептерін немесе пысықтауға жолдаманы және т.б. біле алады. 

- Бір жобаның ең жоғары құны 61,2 млн теңгеден аспауы тиіс. Бұл қалай есептеледі? Қарапайым адамның жобаның құнын есептей алмайтыны белгілі. Осы жерде сіздердің мамандарыңыз көмекке келетін шығар?

- Әрине, жобаның  нақты сметасын жасау үшін тиісті дағдылар мен білім қажет. Сондықтан ережелер белгіленген сметаларды ұсынуды қарастырады. Мысалы, автор ашық көздерден алынған ұқсас жобаның сметасын пайдаланады немесе іске асыруға жіберілген өткен жылдардағы жобаларды бағдарлай алады. Атап өткенімдей, олардың сметалары көрсетілген тізім budget.open-almaty.kz сайтында  орналастырылған ашық әрі қолжетімді.

Тренинг барысында жобалардың кейбір авторлары басқа қатысушылармен өздерінің лайфхактарымен бөлісті: мысалы, олардың ұсыныстарына ұқсас объектілерді салу бойынша қызмет көрсететін компанияларды интернеттен қалай тапқандары және олардан қандай да бір қызметтің болжамды құнын сұрағаны белгілі, сондықтан смета шамамен алынады. 

- Биыл сіздер қанша жобаны күтесіздер? 7,4 млрд теңгеге қанша жобаны іске асыруға болады?

- Айтып өткенімдей,  берілген жобалардың жалпы санының төрттен бір бөлігі орта есеппен іске асыру кезеңіне көшуде. Мысалы, 2020 жылы 1,2 млрд теңге сомасына 49 жоба, 2021 жылы – 5,4 млрд теңге сомасына 256 жоба іске асырылған және 2022 жылы 8,5 млрд теңге сомасына 237 жоба іске асырылатын болады.

Көріп отырғаныңыздай, 2022 жылы іске асыру жоспарланған жобалардың жалпы сомасы алдыңғы жылмен салыстырғанда көп, бірақ жобалардың саны аз. Себебі, жобалар санаттарының комбинациясы әр жылы қала тұрғындарының ағымдағы қажеттіліктеріне байланысты өзгеріп отырады. Мысалы, бір бюджетке бірнеше ірі жобалар – воркауттар, арықтар салу немесе көптеген шағын жобалар – урналар, орындықтар орнату іске асырылуы мүмкін.

Сондықтан, "Халықтың бюджетке қатысуы" аясында жүзеге асырылуы мүмкін жобалардың санына емес, нақты ауланың, көшенің, ауданның қандай қажеттіліктерін жабуға, қаланы неғұрлым жайлы әрі ыңғайлы етуге назар аударған дұрыс деп санаймын. 

- «Халықтың бюджетке қатысуы» бағдарламасы жыл сайын жетілдірілуде ме? Жаңалықтар бар ма?

- «Халықтың бюджетке қатысуы» елдің барлық ірі қалаларында бар. Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында жобаның сәтті енгізілуі және бюджетті ұлғайту қажеттілігі атап өтілді. Сондықтан біз келесі жылдан бастап бір жобаның рұқсат етілген шекті құнын 25 мың АЕК-ке дейін, ал іске асыру кезеңіне жіберу үшін қажетті дауыстардың ең аз санын-10-нан 50-ге дейін арттыруды жоспарлап отырмыз.

Басқаша айтқанда, қала тұрғындарының бастамалары ауқымды болуы мүмкін, алайда оларды іске асыру үшін кемінде 50 қала тұрғынының пікірін білу қажет.

Көріп отырғаныңыздай, дауыстар санының шегі өте нақты және орындалады. Жалпы, «Халықтың бюджетке қатысуының» шарттары қарапайым. Сондықтан Алматы тұрғындарының осы қалалық жобаға қатысуларына, көршілеріне ауданды абаттандыру мүмкіндігі туралы айтып берулеріне болады.

Қалалықтардан Алматыны дамыту жөніндегі идея немесе бастама ғана талап етіледі, оны budget.open-almaty.kz сайтына 20 шілдеге дейін жіберуге үлгеру керек. Әркім өз идеясын іске асыру үшін 31 тамыздан 19 қыркүйек аралығында барлық көршілерін, әріптестерін, туыстар мен достарын онлайн-дауыс беруге шақыра алады. Алматыны дамытуда  әрбір бастама, әрбір дауыс маңызды.