«Жыр жазамын жүрегімнен»

«Жыр жазамын жүрегімнен»
Суреттерді түсірген - К.Қонысбаев

Алматыға гастрольдік сапармен Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақ камералық хор ұжымы келді. Дәстүрлі өнердің қарашаңырағында КСРО Халық артисі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, композитор, профессор Ғазиза Жұбанованың 95 жылдығына арналған «Жыр жазамын жүрегімнен» атты концерт ұйымдастырылды.

Мерекелік шарада Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының жетекші солисі (жеке орындаушысы), «Құрмет» орденінің иегері Зарина Алтынбаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі Шәрігүл Өтегенова, сондай-ақ Өркен Сағиев, Гүлжан Жұбанышева және Серік Жұбатқан өнер көрсетті.

Бағдарлама барысында Ахмет Жұбановтың «Қарлығаш», «Ақ Шолпан», халық әні «Самал тау», Тәңірберген Молдабайдың әні «Молдабай», орыс халық әні «Ах, Самара городок», әзербайжан халық әні «Nә baxirsan», т.б. қазақ, орыс және шетел композиторларының әндері орындалды.

«Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында дрижер мамандығының 14-ші студенттік пәндік олимпиядасы Ғ.Жұбанованың 95 жылдық мерейтойына арналған. Біздің келіп отырған жайымыздың мәнісі де осында. Концертіміздің тақырыбын Ғазиза Ахметованың «Жыр жазамын жүрегімнен» шығармасының атауымен қойдық. Сонымен қатар, бірінші рет осы әуеннің тұсауын кестік. Алматының көрермендері ерке, талғамы жоғары жандар ғой, олардың көңілінен шыға білу де біз үшін біршама қиын- дық тудырды. Алайда, көп жылдық тәжірибеміздің арқа- сында көрерменге тамаша көңіл күй сыйладық деген сенім- деміз. Осы ретте гастрольдік сапарымызды ұйымдастырып, бізге қолдау білдіріп отырған облыс басшылығына ерекше алғысымызды білдіреміз», – дейді Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақ камералық хор ұжымының көркемдік жетекшісі әрі дирижері Мербол Құспанов.

Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясы – жаңа стандартқа сай, мәдени шараларды жоғары деңгейде өткізіп келе жатқан өнер ордасы. 74 жылдық тарихы бар бірегей ұжымның жекелей солистері көптеген халықаралық және республикалық байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары атанған.

«Өнер сүйер қауымды тамсандыру мақсатында дәстүрлі әндерімізді, шетелдің әуенін, Батыс Қазақстан өңірінен шыққан композиторлардың туындыларын жаңаша леппен орындап шықтық. Көрмендерді таңқалдыра алдық деген үміттеміз. Біздің хор Тәуелсіздіктің құрдасы. Алғаш осы ұжым бой көтергелі бері еңбектеніп келе жатырмын. Қарап отырсам, өнер әлемінде өркендеп келе жатқанымызға 31 жылдай болыпты. Осы уақытқа дейін бізге қолдау білдіріп келе жатқан көрермендерімізге, Мәдениет басқармасына алғысымызды білдіреміз», – дейді ҚР мәдениет саласының үздігі Бақтыгүл Төлегенқызы.

Бүгінде хор репертуарында 600-ден астам туынды бар. Халық әндері, қазақстандық және шетелдік композиторлардың камералық шығармаларымен қатар, әртістер В.А.Моцарттың «Реквием», К.Орфтың «Кармина Бурана», Г.Свиридовтың «Пушкинский венок және Неизреченное чудо», М.Сағатовтың «Мерекелік кантата» және тағы басқа хор классикасының көлемді шығармаларын орындайды. Талғамы биік, тәжірибесі мол орындаушылар залға жиналған көрермендердің құлақ құрышын қандырып, ризашылығына бөленді.

Өнерін ұсына келген Ғ.Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филармониясының Қазақ камералық хор ұжымы мен ұжымның көркемдік жетекшісі әрі дирижері Мербол Құспановқа консерватория ректоры Арман Жүдебаевтың атынан Алғыс хат табысталды.