Жылдық инфляция 20,3%-ға жетті

Жылдық инфляция 20,3%-ға жетті
Сурет: Ulysmedia.kz

Бұл туралы Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пірматов мәлімдеді.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда жылдық инфляция 20,3%-ға жетті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Айтуынша, былтыр желтоқсанда айлық инфляция 1,2%-ке дейін баяулағанына қарамастан, соңғы бес жылдағы орташа айлық көрсеткіш 0,7%-тен айтарлықтай асып түсті.

«Жылдық мәнде инфляция 20,3%-ға жетті. Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияға зор үлес қосып, жылдық көрсеткіш бойынша 25,3%-ға жетті. Жеміс-жидек пен көкөніс өнімдері қыс маусымына байланысты қымбаттады», - деді Пірматов Үкімет отырысында.

Ал азық-түлікке жатпайтын инфляция 19,4%-ға дейін өскен. Импорттың жоғары үлесі бар тауарлар, оның ішінде жеке пайдаланатын тауарлар, жуатын және тазалайтын заттар, құрылыс материалдары, дәрі-дәрмек бағасы едәуір өскен.

Әкімшілік реттеу себебінен жанар-жағармай мен 2021 жылғы жоғары база есебінен автокөлік бағасының өсу қарқыны баяулады.

«Желтоқсан айында ақылы қызметтердің инфляциясы 14,1% деңгейінде сақталды. Тұрғын үйді жалға алу мен коммуналдық қызметтердің құны өсу тұрғысынан баяулады», - деді Ұлттық банк төрағасы.

2022 жылғы 5 желтоқсанда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ке дейін көтерген болатын. Пірматов былтыр қабылданған шаралар инфляцияны төмендетуге және оны орта мерзімді перспективада одан әрі тұрақтандыруға ықпал ететінін айтты.