Жылан ініне неге кірмеді?

Жылан ініне неге кірмеді?
stihi.ru

*Қазақы пайым

Жылан дер кезінде ұйқыға жатса, күз уақытысында бітеді, дер кезінде ұйқыға кіріспесе, ұзаққа созылады. Табиғат тамыршысы Мәшһүр Жүсіп осылай деген

Жылды қазекеңнің жылы, ыстық, суық деп үш кезеңге бөлгенін, оны табиғат зерттеушілерінің тілінде – үш бунақ деп аталатынын бұрынғы жазғандарымызда айтқанбыз. Олар: бас бунақ – қара қатқақ, ащы өзек, орта бунақ – тұяқ терлеп, қой күрлеп, аяқ бунақ – тоқты тоймас, шөміш кеппес. Осының 9-ынан бастап – «тоқты тоймас, шөміш кеппес» амалы кіреді. Бұл мезгілде шөп мал тұяғымен тапталып, көп жер тақырланып қалады. Қалғанын «қазан ұрады». Қанша жайылса да, әр жерде шашырап қалған шөпке мал тоймасы белгілі ғой. «Тоқты тоймас, шөміш кеппес» осыдан барып айтылса керек. 

Қазанның қара суығы (алғашқысы) өтті, «кіші қазан» ұрды. Енді түнге қарай жел тұрып, күн суыта бастайды. Күндіз күннің көзі көрініп тұрса да, жылуы мен шуағы азаяды. Қалған шөптерді қазан ұрады, ызғар еседі. Аспанды күздің қарабауыр бұлты тұмшалап, жаңбыр жауады. Қазанның қара желі басталады. Бұл - күз айының алғашқы амалы. Мұның "ақ шық", "сүмбіле" дейтін жанама аттары бар. Амал кезінде бабаларымыз «сүмбіле туды, су суыды» деп мақалдап, балаларды суға түсуден тыйған. Киіз үй жанына қазық қағып, салма салып, қара дауылды желден сақтанған.

Бұл айды «бозқырау» деп те айтады. Қазанның 15-16-ларына «үлкен қазан» амалы болады. Күн суытып, алғашқы салқындық орын алады. Жиналмаған егінге қауіп төнетін осы шақ. Құстар жылы жаққа ұшып кетеді. Малшылар күзекке көше бастайды. Бие ағытылып, күздік сойылады. Қазандағы ауа райы да құбылмалы болады екен. Жаңбыр көп жауып, күн салқын тартады. Кейде қар ұшқыны білініп, суға мұз қатады, бозқырау түседі. Бұлт қоюланады. Бұл, әрине, пайым бойынша...

Күннің салқындауы жан-жануарлар үшін қолайлы. Олар шыбын-шіркейдің мазалауынан құтылып, қоң жинап семіреді. Қазақы пайымның болжамынша, дүркіреп жауатын  жаңбырдың ауылы әлі алыс екенін  де ескертеміз. Енді бір аптадан кейін өткенде туған ай ортасына келеді, толады. Табиғат тамыршысы Мәшһүр Жүсіп «...ескіше  қыркүйектің 19-20-ларына жылан ініне кіреді. Жылан  ұйқыға дер кезінде жатса, күз уақытысында бітеді, дер кезінде жылан ұйқыға кіріспесе күз ұзаққа созылады» деген жорамалын айтып, жазып кеткенін білеміз. Бұл қазақша есеп бойынша, қазанның 3-4-не сәйкес келеді. Бірақ айтылған мезгілде күннің шуақты болуы себепті, жылан ініне кірмеді.

Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша, қазанның 6-сы. Ай бойынша – 9-ы.

Ал ескіше, бір аптадан кейін жаңа ай басталады. Апта айдың алғашқы онкүндігіне дөп келіп тұр. Бұл күздің шуақты күндерінің әлі бірқатар уақытқа созылатынын білдірсе керек. Алматылықтар үшін суықтың ауылы әлі алыс сыңайлы...

 

БАБАЛАР БОЛЖАМЫ

Табиғат құбылыстарына сүйеніп жасалған жорамал

*Күзде құйын көп болса, қыс аязды болады.

*Күз найзағайлы болса, қыс жайлы болады.

*Бұлт желге қарсы көшсе, ұзамай жаңбыр жауады.  

*Жылан мезгілінде ұйықтаса, күз уақытылы бітеді.

*Қыс қатты болатын болса, тиін ұясын төмен жерге, жылы болса, жоғарыға жасайды.