Жыл сайын 2 млн адам тұрғылықты жері бойынша қайта тіркеуден өтеді

Жыл сайын 2 млн адам тұрғылықты жері бойынша қайта тіркеуден өтеді
Суреттер: Google.com

Тіркеу маңызды нәрсе

ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев ел халқының тұрғылықты жеріне тіркелуіне қатысты мәлімет берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Ішкі істер министрлігі деректер базасы бойынша бүгінгі таңда елімізде 13 млн астам адам тіркелген. Жыл сайын тұрғылықты жері бойынша тіркеу және қайта тіркеу үдерісінен шамамен 2 млн адам өтеді», - деді М. Қожаев Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында.

Оның айтуынша, ішкі көші-қон процесіне тиісті талдау жүргізілді. Осы орайда ішкі көші-қонның орнықты ағыны неғұрлым тартымды өңірлерге қарай бағытталып отыр. Яғни, адамдар көбіне Астана, Алматы және Шымкент қалаларына қоныс аударып жатыр.

Көші-қон процесіне экономикалық фактор әсер етеді. Адамдар жұмыс, тұрғын үй, жоғары және тұрақты жалақы, жақсы өмір сүру жағдайы үшін қоныс аударады. Бұған ауылдардағы әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің жағдайы ықпал етіп отыр.

«Ішкі көші-қон аясында ауылдан қалаға қарай қоныс аудару үдерісі сақталған. Бұл тұрғыда ауылдарда тұрғындар үшін қолайлы әлеуметтік жағдайлардың және жұмыстың болмауы әсер етеді. Осы орайда көші-қон процесі өңірлердің, ауылдардың дамуына, мемлекеттік бағдарламаларды жетілдіру тиімділігіне тәуелді», - деді министрдің орынбасары.

Оның сөзіне қарағанда, ірі қалалардың маңындағы елді мекендерде тұратын халықтың нақты санын анықтау маңызды болып тұр. Себебі олар қалада тіркелгенімен, осы тіркелген орнында тұрмайды.

Қалалардың маңындағы ауылдарда тұратын адамдар мұндай қадамға мемлекеттік қызметтерді алу, тұрғын үй кезегіне тұру үшін барып жатады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжіліс депутаты Мәди Елюбаев үлкен қалаларға жақын орналасқан ауылдардың мәселесін көтеріп, ҚР Ішкі істер министрлігіне сауал жолдаған еді.