Жыл басының алғашқы амалы

Жыл басының алғашқы амалы
oir.mobi

Қазақы пайым

«Әз» амалы кіргенде қой жайылмай, көкке қарап тұрады. Жазғытұрымғы сағымның әсерінен бүкіл табиғат тыныштыққа бөленеді.

«Адам да бір табиғаттың бөлшегі» деген сөзде бір шындық бар-ау. Наурыздың алғашқы амалы «Әз» келгенде, дүние құлпырумен қатар, тыныштық орнап, жер-дүние мамыражай қалыпқа түседі екен.

«Бүгін далам күндегіден бөтен ғой,

Бүгін ғалам жылылыққа мекен ғой.

Бар сұлулық неге тұнып тұр десем,

Әйелдердің мерекесі екен ғой...

Шыртылдаушы ек бұрын сөзді көтермей,

Бүгін мінез бал аралас шекердей.

Жаным неге нәзік тартып тұр десем,

Нәзіктердің мерекесі екен ғой...», – деп жырлаған ақиық ақын Мұқағалидың осы жыры пікірімізге дем бергендей.

Әз амалы, көктем мерекесі, аналар мейрамы – бәрі-бәрі бірін-бірі толықтырып тұрғандай...

Наурыздың 9–16 аралығында «Әз» амалы жүреді. Осы уақытта аспаннан дауыс естіледі, оны төрт түліктің ішінен қой ғана ести алады. Себебі қой өте сезімтал мал көрінеді. Егер адам баласы «Әз» амалының даусын еститін болса, жеті атасына дейін бақытты әрі өмірі ұзақ болады деген аңыз бар.

«Әз» амалы кірген күндері ауа райында өзгеріс орын алады. Айталық, қар жауады, жел тұрады, боран соғады. Ол келгенде күн жылынып, қар еріген үстіне ери түседі.

Бұл амалдың «көп көже», «тілеу көже», «көк көже» деген жанама аттары бар. Осы мезгілде малшылар қатты аяздың өткенін сүйіншілеп бір қыстаудан екіншісіне қыдырып баратын болған.

Әз сөзінің жақсы, игі деген де мағынасы бар. Аяздың біткенін, жақсы күннің келгенін білдіру үшін әз атауын қойса керек. Шығыс аймақтарының қазақтары жеті дәмнен құралған көже қайнатып, бірін-бірі шақырып, мәз-мәйрам болады.

Наурыз көжені Наурыз мерекесін күтпей-ақ, қазір қолданып жүрген күнтізбе бойынша 13 наурыздан бастай берген. Наурыздың 15-інен 16-сына қараған күнi қой құмалағы қарға батып кетсе, жақсылыққа санап, ырым еткен.

Жұлдызшы бабалардың жорамалы бойынша, наурыздың 15-i күнi қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұлдызы туады. Аспан жұлдыздары ауысады. «Әз» амалы туралы «Әз болмай, мәз болмас», «Шаңқан келмей, бөз болмас», «Шағала келмей, жаз болмас» деген қанатты сөздер сақталған.

«Әз» келгенде, кір жуып, тырнақ алуға болмайды. «Әз» дүркіреп өте шығады, әз кіргенде, қой жайылмай, көкке қарап тұратын көрінеді. Жазғытұрымғы сағымның әсерінен бүкіл табиғат тұнық болып, төңірек түгел тыныштыққа бөленеді.

Наурыздың 13 күні қазақша тоқсан (қыс бітеді) шығады. 14, 15, 16 күндері наурыздың ақша қары жауатын болған.