Жыл басынан бері Қазақстанға тоннадан астам гүл әкелінген

Жыл басынан бері Қазақстанға тоннадан астам гүл әкелінген
Сурет: Wmn-ca.womanexpertus.com

Оның құны 8,5 млн АҚШ долларына тең.

Үстіміздегі жылдың екі айында салмағы 1 085 тоннаны құрайтын, құны 8,5 млн АҚШ долларына тең гүл әкелінген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Сұлулық пен нәзіктік символына айналған гүлдерді негізінен шет елдерден әкелетіні белгілі. Осыған орай ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде сырт елдерден гүлдерді әкелуге байланысты қызықты деректермен бөлісті.

Сұранысы ең жоғары – раушан гүлдері: салмағы 724 тонна, құны 6 млн. АҚШ долларына жуық гүлдер әкелінген. Екінші орында – хризантемалар (салмағы 97 тонна, құны 883 мың АҚШ доллары), үшінші орында – қалампыр (салмағы 28 тонна, құны 165 мың АҚШ доллары).

Сонымен қатар лалагүл де жоғары сұранысқа ие, салмағы 24 тонна құрайтын оны 178 мың АҚШ долларына әкелген, салмағы 167 тонна басқа да жаңа кесілген гүлдер мен бүршіктер де (қызғалдақ, hydrangeas, линолиум, гипсофила, финикс, ирис, гортензия және басқа да экзотикалық гүлдер) 1,1 млн. АҚШ долларына әкелінген.

Ағымдағы жылы гүлдер Нидерланды (535 тонна), Бельгия (162 тонна), Германия (115 тонна), Эквадор (94 тонна), Литва (79 тонна), Колумбия (54 тонна), Өзбекстан (69 тонна), Кения (15 тонна), Словакия (5 тонна), Израиль (4 тонна) және Түркия (3 тонна) елдерінен әкелінген.

Өткен 2021 жылы салмағы 5 752 тонна, құны 41,4 млн. АҚШ долларын құрайтын гүлдер әкелінген.

Сондай-ақ, өткен жылы раушан гүлдері жоғары сұранысқа ие болған, салмағы 3646 тонна оларды 28,2 млн. АҚШ долларына, 714 тонна хризантемаларды 4,8 млн. АҚШ долларына, 240 тонна лалагүлді 1,4 млн. АҚШ долларына, 197 тонна қалампырды 1,1 млн. АҚШ долларына әкелген.

Дегенмен 2021 жылы гүлдер экспортқа да шығарылған, атап айтсақ, жалпы құны 71,4 мың АҚШ долларын құрайтын 17,8 тонна гүл сыртқа кеткен. Негізінен шығарылғаны - раушан гүлдері мен лалагүлдер.