Жетісуға жаңа имам келді

Жетісуға жаңа имам келді
Сурет: Gov.kz

Алматы облысының әкімі имамдарды қабылдады.

23 шілде Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Қазақстан Мұсылмандар діни басқармасының өкілдерін қабылдады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы, Талдықорған қаласының орталық «Иман» мешітінің бас имамы Ардақ Оразбаевтың басқа қызметке ауысуына байланысты өңірге жаңа өкіл имам болып Алмас Данағұлов тағайындалған болатын. Осыған орай ҚМБД-ның ресми өкілі Нұрбек Есмағанбетов облыс әкіміне бұрынғы және қазіргі өкіл имамды бастап келген.  

«Алматы облысы - үлкен аймақ. Екі миллионнан астам тұрғыны бар. Біз үшін ең басты байлық – халықтың бірлігі, тыныштығы. Бүгінге дейін біз ҚМДБ-ның Талдықорған өңірі бойынша өкіл имамы Ардақ Оразбаевпен бірлесіп жұмыс жасадық. Қаншама игі істер атқарылды. Мұндай жұмыстарды біз алдағы уақытта да жалғастырамыз», - деді Амандық Баталов.

Жетісудың бұрынғы әкімі Ардақ Оразбаев кездесу барысында қайырымдылық шаралары бойынша Алматы облысы алдыңғы қатарда екенін айтты.

«Мәселен, «Ел үлесі - пәтерге» жобасының аясында республика бойынша мұқтаждарға барлығы 737 баспана алып берілсе, соның 78-і осы Алматы облысында жүзеге асырылды. Бұл - еліміз бойынша ең үлкен көрсеткіш. Аймақтағы өкілдеріміздің өздеріңізбен бірлесіп атқарған елеулі жұмыстары әлі де жемісін береді деп ойлаймын»,– дей келе, Ардақ Оразбаевтың «Уақып» қорының президенті лауазымына тағайындалғанын айтты.

Оның айтуынша, өңірдің өкіл имамы қызметін енді Алмас Данағұлов атқарады.

«Алматы облысында 476 мұсылман мешіті бар. Оларда 578 имам жұмыс істейді. Атап өтсек, жергілікті бюджет есебінен теология мамандығына жыл сайын 10 білім гранты бөлінеді»,– делінген Алматы облысының әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында.