Жетісулық Исабековтар отбасы республикадағы ең үздік отбасылардың бірі атанды

Жетісулық Исабековтар отбасы республикадағы ең үздік отбасылардың бірі атанды
Cурет: Алматы облысы әкімдігі

Бұл отбасы ата кәсіпті насихаттап, бүркітшілікті дәріптеп жүр.

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Отбасы күніне орай өткен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздарын онлайн форматта марапаттау рәсімінде Жетісулық Исабековтар отбасы республикадағы ең үздік отбасылардың бірі болып анықталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов жеңімпаздарды құттықтай отырып, Еңбекшіқазақ ауданынан келген Исабековтар отбасына жылы лебіздерін білдірді.
Исабековтар отбасы халық арасында үлкен беделге ие. Бұл отбасы ата кәсіпті насихаттап, бүркітшілікті дәріптеп жүр. Нұра ауылындағы «Жеті қазына» құсбегілік мектебі әрі мұражайына иелік етіп, жұмысын жолға қойып отырған әулеттің өнегелі істері баршылық.
Еске сала кетейік, Мұхамед Исабеков 2003 жылы «Жеті қазына» аңшы құстар мұражайын ашқан болатын. Бұл Ұлттық аңшылық түрлері бойынша елдегі алғашқы мұражай. Көптеген экспонаттың ішінде Қуаныш Исабековтың Лондонда өткен I Халықаралық аңшылар фестиваліндегі жеңісі үшін берілген марапат ерекше бағаланады. Ол 33 елден келген қатысушылар арасында жеңіске жетіп, «Үздік бүркітші» атағын алды.

- Бірақ басты марапатты біз бүгін алдық. Бізді Мемлекеттік хатшы құттықтап, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын жеткізді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың қолынан Мемлекет басшысы қол қойған диплом алып, Алматы облысының үздік отбасы атандық. Қарапайым отбасылардың құндылықтары ең жоғары деңгейде айтылады. Ал бұл маңызды болып табылады. Мен балаларға өзім білетін нәрсені үйретемін, маған оны ата-анам үйретті, - деді Мұхамед Исабеков.

Айта кетейік, Исабековтар отбасы Жетісуда 410 қатысушы арасында үздік атанды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, марапаттау рәсіміне Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев қатысып, ҚР Президентінің құттықтауын жеткізді. Рәсім барысында әр отбасына Мемлекет басшысының дипломдары мен ақшалай сертификаттар табыс етілді.