Жетісудың 30 азаматшасы әкімдер сайлауына қатысуға ниетті

Жетісудың 30 азаматшасы әкімдер сайлауына қатысуға ниетті
Сурет: Twitter.com

Жалпы облыс бойынша әкім болуға 279 адам ниетті.

Алматы облысында ауылдық округ әкімдерінің сайлауына саяси партиялардан және өзін-өзі ұсыну арқылы 279 үміткер ұсынылған. Орташа бәсекелестік деңгейі 3,9 адамнан келеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ұсынылған 279 үміткердің 249-ы - ер, 30-ы - әйел азаматшалар.Үміткерлердің орташа жасы - 41,3 жас. 

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылықтың  сөзіне сүйенсек, жалпы, Алматы облысында 71 ауылдық округте әкімдер сайлауы өтеді. Бұл ретте 60 әкім өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты, 11-і өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтатуға байланысты сайланады. Өз кандидаттарын ұсынған саяси партиялар қатарында Nur Otan партиясы, «Ауыл» ХДПП, «Ақ Жол» ҚДП, «АDAL» СП, ҚХП, ЖСДП бар. 

«Ұсынылғандар арасында 154 үміткер - жұмыс істеп жүрген мемлекеттік қызметшілер, 32-сі - коммерциялық құрылымдардың өкілдері, 70-і - бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, 10-ы уақытша жұмыс істемейді, 3-еуі - қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, 6-уы - өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 3-еуі - ішкі істер және әскери салалардың зейнеткерлері. Арасында ғылыми дәрежесі бар кандидат та бар», - деді Қаһарман Жақсылық. 

Биылғы жылғы 10 шілдедегі дерек бойынша, 159 үміткер тіркелген (56,6%).Түрлі себептер бойынша 23 үміткер алынып тасталды, оның 16-сы талаптарға сәйкес келмейді, 7-еуі өз кандидатурасын алып тастау туралы өтініштеріне сәйкес шығарылды.