Жетісуда өзге этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту қолға алынған

Жетісуда өзге этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту қолға алынған
Сурет: Pavon.kz

Мұнда 30-ға жуық тыңдаушы тіл меңгеріп жатыр.

Алматы облысындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінде өзге этнос өкілдеріне мемлекеттік тілді оқыту қолға алынған. Онда оқыту «Тіл дамыту» бағдарламасы және «Мәміле. Ситуативный казахский» жобасы негізінде  тегін жүргізіледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Аталған мекеменің қоғамдық-көпшілік шараларды ұйымдастыру қызметінің жетекшісі Нұрлан Молдахметовтің айтуынша, сабақ барысында жаңа сөздер, мақал-мәтелдер жаттау, мерекелік тілектер жазу, әр тақырыпта бейнероликтер түсіру сияқты түрлі әдістемелер пайдаланылады.

«Сол сияқты облыстағы «Тіл» оқу-әдістемелік орталығында да  тіл оқыту курстары жүргізіледі. Қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі машығын шыңдауға ниет білдірушілер қатары жыл сайын артпаса кеміген жоқ. Мәселен, орталық биылғы жылдың бірінші жартысында мемлекеттік тілді оқыту курсына 2596 тіл үйренушіні қабылдаған. Олардың қатарында мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік сала қызметкерлері, сондай-ақ жеке тұлғалар да бар. Курсқа қатысушылардың 1326-сы, яғни  49%-этнос өкілдері», – делінген облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарламасында.