Жетісуда балық өсіру бойынша бес жобаны жүзеге асыру басталды

Жетісуда балық өсіру бойынша бес  жобаны жүзеге асыру басталды
Сурет: Vbryanske.com

Мемлекет үкіметі 2030 жылға қарай өсірілетін балық көлемін жылына 270 мың тоннаға жеткізуді көздеп отыр.

Қазақстанда 2030 жылға дейін 1283 жаңа балық өсіру шаруашылығы құрылып, бүгінгі күні жұмыс істеп тұрған 288 балық өсіру шаруашылықтарының өсіру көлемі ұлғайтылады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегі бойынша, 2021 жылдың соңына дейін балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған өңірлік бағдарламаларында көзделген 600-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланған.

Жоспар бойынша, Алматы облысында балық өсіру бойынша бес  жобаны жүзеге асыру басталды.

Бірінші. Қапшағай қаласында «Жылына 10 мың тонна өсіру көлемімен «Barrablue» австралиялық компаниясының озық технологиясы бойынша Қазақстанда инновациялық балық өнеркәсібі кешенін құру» жобасы. Олар баррамунди балықтарын өсіруді жоспарлап отыр.

Ауданы 35 гектар жер учаскесі алынды. Инвестиция көлемі 45 млрд. теңгені құрайды. Бүгінгі күні учаскені балық өсіру кешенінің құрылысына дайындау бойынша жер жұмыстары жүргізілуде. Құрылыстың басталуы биылғы жылғы тамыз айына жоспарланған. Аталған жобаны іске асыру мерзімі 2021-2022 жылдар.

Екінші. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы аумағында «Russian friends Capital» ресейлік компаниясының қатысуымен қуаты 2500 тонна атлантикалық ақсерке өсіретін зауыт салу жобасы.

Жобаны іске асыру мерзімі - 2021-2022 жж.15,7 млрд. теңге жеке инвестицияларды тарту жоспарлануда.

«Тулома Салмон Қазақстан» ЖШС мен «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы Басқарушы компаниясы арасында жобаны іске асыру ниеті туралы Меморандумға қол қойылды. Зауыт құрылысы үшін ауданы 10 гектар жер учаскесі анықталды.

Осы жобаны «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы аумағында іске асыру үшін көрсетілген арнайы экономикалық аймақ қызметінің басым түрлерінің тізбесіне өзгерістер енгізу қажет.

Қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар «Теңіз балық шаруашылығын» және «Тұщы су балық шаруашылығын» қосу бөлігінде «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы қызмет түрлерін кеңейтуді қолдап отыр.

Осы мәселе республикалық бюджет комиссиясында мақұлданғаннан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы қызметінің басым түрлерінің тізбесін кеңейту бөлігінде тиісті бұйрыққа өзгеріс енгізетін болады.

Осы мәселе республикалық бюджет комиссиясында мақұлданғаннан кейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағы қызметінің басым түрлерінің тізбесін кеңейту бөлігінде тиісті бұйрыққа өзгеріс енгізетін болады.

Үшінші. «Өнімділігі жылына 1600 тонна тұйық сумен қамтамасыз ету қондырғыларында кларий сом мен баррамунди өсіру бойынша балық өсіру шаруашылығын құру» жобасы. Жобаны іске асыру орны – Талғар ауданы, Алматы қаласынан 25 км жерде.

Жобаның бастамашысы «Zor Fish» ЖШС ауданы 10 гектар зауыт салу үшін жер учаскесін сатып алды. Жобаны Еуропалық компания жасады және Қазақстан Республикасының ҚНжЕ және ГОСТ-қа бейімделді. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.

Төртінші. «Бартоғай су қоймасында жылына 300 тонна форель өсіретін торлы балық өсіру шаруашылығын құру» жобасы.

Аталған жобаны іске асыру мерзімі - 2021-2022 жылдар. 700 млн. теңгеге жуық жеке инвестиция тарту көзделуде.

Бұл жобаны іске асыру үшін Бартоғай су қоймасының резервтік учаскесін конкурстық негізде бекіту қажет. Әлеуетті инвестор су айдындарын бекітіп беру жөніндегі конкурс қорытындылары бойынша анықталатын болады.

Бесінші. «Қызылағаш су қоймасында жылына 300 тонна форель өсіретін торлы балық өсіру шаруашылығын құру» жобасы.

Бұл жобаны іске асыру мерзімі - 2021-2022 жылдар. 700 млн. теңгеге жуық жеке инвестиция тарту көзделуде.

Бұл жобаны іске асыру үшін конкурстық негізде Қызылағаш су қоймасының резервтік учаскесін бекіту қажет. Әлеуетті инвестор су қоймасының учаскесін бекіту жөніндегі конкурс қорытындысы бойынша анықталатын болады.

ЭГТРМ-нің 2021 жылғы 15 маусымдағы бұйрығымен су қоймаларын бекіту бойынша конкурс өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілгенін атап өткен жөн, олар биылғы 17 тамызда күшіне енеді.