Жетісу өңірінің тұрғындары армениялық көліктерді заңдастырып жатыр

Жетісу өңірінің тұрғындары армениялық көліктерді заңдастырып жатыр
Сурет: Facebook.com

Шетелдік көліктерді тіркеуге қою мерзімі 2022 жылдың 1 наурызына дейін ұзартылды.

Алматы облысының 37 тұрғыны Армениядан әкелген көліктерін заңдастырып алған. Полиция мамандары мұндай көлігі бар азаматтарды тіркеуден жылдам өтуге шақырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Ішкі істер министрлігінің ресми сайтындағы мәліметтер бойынша,  шетелдік көліктерді заңдастырудың бірегей мүмкіндігін еліміздің көптеген азаматы пайдаланған.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 27 ақпандағы қаулысына сәйкес, елімізге Армениядан әкелінген көліктерді тіркеуге қою мерзімі 2022 жылғы 1 наурызға дейінгі мерзімге ұзартылды. Шетелдік тіркеудегі көлігі бар тұрғындардан осы мүмкіндікті жібермей, тіркеуге тезірек қоюға шақырамын», – деді Алматы облысы ПД ӘПБ Процессинг орталығының аға инспекторы Ержан Жантілеуов.

Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, былтыр ҚР Үкіметі Армения елінен әкелінген көліктерді тіркеуге қою тәртібі мен мерзімін бекіткен болатын. Дегенмен жаһанды жайлаған коронавирус індетіне, мемлекеттік шекаралардың жабылуына, көліктерді сынақтан өткізу мекемелердің жұмысындағы өзгерістерге байланысты уақытша тіркеуге қою уақытына өзгертулер енгізіліп, ұзартылған болатын.