Жетісу өңірінде екі дәрігерлік амбулатория ашылды

Жетісу өңірінде екі дәрігерлік амбулатория ашылды
Сурет: Gov.kz

Бұл амбулаториялар 11 мыңнан астам тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсететін болады. 

Алматы облысында екі ауылдық дәрігерлік амбулатория іске қосылды, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz.

Қажетті заманауи медициналық құралдармен жабдықталған жаңа емдеу мекемелері Жамбыл ауданының Сарыбай би және Үңгіртас ауылдарында  іске қосылды. Бұл туралы Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

«Дәрігерлік амбулаторияда жаңа медициналық құрал-жабдықтар орнатылған. Нысан бір ауысымда 35 адам қабылдауға арналған. Біздің ұжымда 12 қызметкер бар. Біз ауыл тұрғындарына сапалы қызмет көрсетуге бар күш-жігерімізді бағыттаймыз», - деді Үңгіртас ауылдық амбулаториясының меңгерушісі Бағлан Тобажанова.

Жаңа емхананың жобалық құны - 338 млн теңге. Мұнда балалар мен ересектерге арналған қабылдау бөлмесі, стоматолог, гинеколог, терапевт кабинеттері, зертхана, күндізгі стационар, жара таңу бөлмесі бар. Бұл жерде Үңгіртас ауылдық округінің 5 мыңдай тұрғыны медициналық қызмет ала алады.

Сарыбай би ауылындағы емдеу мекемесі бір ауысымда 25 адамды қабылдай алады. Нысан ендігі жерде Қарасу ауылдық округіндегі 4 елді мекеннің 6 мыңнан астам тұрғынына сапалы медициналық қызмет көрсететін болады. Жобаның жалпы құны - 297 млн теңге.