Жеті жасар қыздың асқазанынан 100 магнит табылған

Жеті жасар қыздың асқазанынан 100 магнит табылған
Сурет: Gubdaily.ru

Елорда дәрігерлері асқазанына магнит толған қызды құтқарды

Өткен аптада елордада магнитті-резонансты томографиялық зерттеу үшін ауруханаға түскен 7 жастағы қызға операция жасалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv-ға сілтеме жасап.

Баланың мұрнын тексеру кезінде дәрігерлер оның ішінде де магнит бар екенін анықтады. Магнит мұрынның жақтауын зақымдаған.

«Осыдан кейін бала рентгендік зерттеуге жіберілді, ол жақта да асқазанда магниттердің жиналғаны анықталды. Нәтижесінде біз 100-ден астам кішкентай магнитті шығардық. Қазіргі уақытта тексеру және емдеу толық көлемде жүргізілуде»,– деді аурухананың хирургиялық блогының жетекшісі Ринат Байгиреев.

Дәрігердің айтуынша, егер бала магнитті жұтып қойса, ол өңеште тіреліп қалады немесе асқазанға түседі.

«Егер магниттің өткір, үшкір тұстары болса, өңештің шырышты қабаты зақымдануы мүмкін. Ал, бөгде заттар асқазанда бірнеше күн жатып қалса, оның салдары ауыр болады. Ол негізінен табиғи түрде өзі шығады. Егер шықпай, асқазанда ұзақ уақыт болса жағдай қиындайды. Олар асқазан-ішек жолдарының әртүрлі бөліктеріне жабысып қалады. Тіпті перетонит туындауы мүмкін», – дейді маман Нұржанов.

Өткен жылы №2 көп бейінді қалалық балалар ауруханасына өңеш, асқазан, асқазан-ішек жолдары мен қолқаға бөгде заттар түсіп кеткен 162 бала көмекке жүгінген.

Дәрігерлердің айтуынша, 1-5 жас аралығындағы балалар арасында моншақ, түйме, пульттің батареялары сияқты ұсақ заттарды жұтып қою жиі кездеседі. Дәрігерлер тазалап шығаратын басқа заттардың 17 пайызы - магниттер. Дәрігерлер балаларлың ұсақ-түйек заттарды жұтып қоюы көбінесе  олардың қараусыз жүрген кездерінде орын алатынын айтады.