«ЖЕТІСУЛЫҚТАРҒА» АЛМАТЫДА ДА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Алматы облыстық «Жетісу» газетінің 100 жылдық мерейтойы Талдықорған төрінде дүркіреп өткені кеше ғана еді. Ілесе тағы бір қуанышты хабар жетті. Аталмыш басылым «Ең үздік газет» аталымы бойынша республикалық «Үркер» сыйлығын жеңіп алыпты. Бұндай жағымды жаңалыққа ұжыммен қоса, қалың оқырманның да қуанғаны анық.
Жуырда оңтүстік астанада «Өлке тынысы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ұйымдастыруымен Алматы облыстық «Жетісу» газетінің 100 жылдық мерейтойына байланысты тағы бір салтанат өткізілді. Іс-шараға «Presіdent & Halyq» газеті мен «Қазақстан патриоты» журналы демеушілік көрсетті. Басқосуға «Жетісу» газетінде әр жылдарда қызмет еткен, Талдықорғанда өткен салтанатқа түрлі себептермен қатыса алмай қалған бір топ газет ардагерлері қатысты.
Басылымның бұрынғы қызметкері, бүгінде «Presіdent & Halyq» газетінің бас редакторы Марат Тоқашбаев жүз жылдық тарихы бар газеттің игі дәстүрі жөнінде әңгімелеп берді. Жетісу өңірінің төл басылымында ұзақ жылдар қызмет еткен Бекболат Әдетов, Марат Әбдіхалық, Гүлсан Сағымбекова, Сәрсенбек Бекмұратұлы және Төрехан Данияр сияқты журналистерге сіңірген шығармашылық еңбектері ескеріле отырып, Қоғамдық атақтар мен марапаттар жөніндегі Республикалық Кеңес тағайындаған «Қазақ журналистикасының қайраткері» құрметті атағы тапсырылды.
«Жетісу» газетінде ұзақ жыл қаламгерлік қолтаңбасын қалдырған Сарбас Ақтаев, Мамадияр Жақып, Бекболат Әдетов секілді тарлан журналистердің есімі ұжымға да, оқырманға да жақсы таныс. Ардагер ағаларға шапан жабылып, құрмет көрсетілді. Басқосуда ардагер аға буын өкілдерімен қоса Рысбек Сәрсенбай, Жақыпжан Нұрғожаев, т.б. қаламгерлер естелік айтып, ыстық лебіздерін білдірді. Соңында жиналғандарға «Жетісу» газетінің мерейтойға арнап әзірлеген сыйлық пакеттері тапсырылды.
– Бір себептермен Талдықорғандағы салтанатқа қатыса алмай қалып едім. Ішімде соған өкініш те жүр еді. Басылым басшылығындағы Мейрам Жанаділов пен Әміре Әрін сияқты інілеріміздің бізді ұмытпай Алматыда осындай салтанат ұйымдастырғанына бек ризамын! Демеушілік жасаған «Presіdent & Halyq» газеті мен «Қазақстан патриоты» журналына да алғысымыз көп. Ардагерін ардақтаған газет ұжымының абыройы биіктей берсін! – дейді сексеннің сеңгіріне әне-міне шыққалы отырған журналист-жазушы Бекболат Әдетов.
Әлбина ТУЛАКОВА.