Жетісу облысында газ баллоны жарылып, 4 адам зардап шекті

Жетісу облысында газ баллоны жарылып, 4 адам зардап шекті
Сурет: ТЖД

Қызыл жалын үйдің 100 шаршы метр аумағын шарпыды

Жетісу облысында газ баллоны жарылып, 4 адам зардап шекті. Оның екеуінің жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

66 және 42 жастағы әйелдердің денесінің 40-50 пайызын күйік шалған. Ал тағы 61 жастағы ер адам мен 3 жастағы баланың жағдайы орташа ауыр. Олардың қол-аяқтары күйген.


«20 қаңтарда сағат 13:36-да Жетісу облысы Қаратал ауданы Үштөбе қаласындағы жеке тұрғы үйдің бірінде көлемі 5 л газ баллоны жарылды. Салдарынан қызыл жалын үйдің 100 шаршы метр аумағын шарпыды. Зардап шеккен төрт адам, оның ішінде бір бала ауруханаға жатқызылды. Жетісу облысы ТЖД бес қызметкері және екі техникасының күшімен өрт сағат 14.15-те сөндірілді»,- делінген Жетісу облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Жарылыстың алдын-ала себебі - қатты отынмен жылытылатын пештің жанына 5 литрлік газ баллонын жылытуға қойған.

«ТЖД азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға және газ баллондарды жылыту пештерінің жанында және басқа да жылдам қыздыру тәсілдері арқылы жылытпауға шақырады», - делінген хабарламада.