Жетісу облысында фито-ветеринариялық зертхана салынбақ

Жетісу облысында фито-ветеринариялық зертхана салынбақ
Сурет: Inform.kz

Қытаймен бірлесіп Жетісу облысының Алакөл ауданындағы «Достық» бекетінде фито-ветеринариялық зертхана салу жоспарланып отыр. Бұл туралы өңірлік әкімдіктің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Елшісі Чжан Сяомен бейнебайланыс арқылы перспективаларды талқылады. Оның барысында Қытай тарапы Алакөл ауданының «Достық» бекетінде фито-ветеринариялық зертхана салуды ұсынды. Әкімдік дерегінше, бұл жоба ауыл шаруашылығы тауарларын экспорттау рәсімдерін айтарлықтай жеңілдетеді.

«Өңірдің транзиттік әлеуетін арттыру – біздің әріптестік қарым-қатынастарымыздың ең перспективалы бағыттарының бірі. Аграрлық сала, жаңартылатын энергия көздері, құрылыс материалдарын өндіру, туризм, фармацевтика, сондай-ақ минералды шикізатты өндіру және қайта өңдеу ынтымақтастықтың басым бағыттары болмақ», - деді Бейбіт Исабаев.

Облыс басшысының айтуынша, «Достық» бекетінде салынатын жаңа терминал Қазақстан-Қытай шекарасында жылына 9 млн тоннаға дейін жүк пен 300 мың контейнерді тиеуге және оны сақтауға қауқарлы. Құрылыс құны 25 млрд теңгеге бағаланған.