Жетісу ауданының 10 мыңнан аса тұрғыны сапалы сумен қамтамасыз етіледі

Жетісу ауданының 10 мыңнан аса тұрғыны сапалы сумен қамтамасыз етіледі
Сурет: Inform.kz

Бүгін аудан халқымен кездескен Ерболат Досаев осындай уәде берді.

Бүгінде 2 500 абонентті жаңа желілерге қосу жұмыстары жүріп жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Өткен жылы проблемалардың бірі шешіліп, Рабочий (жұмысшы) кентіндегі 22 көшедегі 47 км астам (47,6 км) сумен қамту (37,5 км) және су бұру (10,1 км) желілері «Алматы Су» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының  балансына берілді. Олар 2019 жылы реконструкциядан өткен болатын. Бірақ мердігердің анықталған ақауларды жоюы қажет болғандықтан, балансқа беру бірнеше жылға созылды. Бүгінде 2 500 абонентті жаңа желілерге қосу жұмыстары атқарылуда», - деді қала басшысы.

Сонымен қатар, 2022 жылы 14,5 км сумен қамту (11,9 км) және су бұру (2,6 км) желісі реконструкцияланды.

«Биыл, өздеріңізге уәде еткендей, 2 үлкен жобаны бастауды жоспарлап отырмыз. Атап айтқанда, олар – ауданның 68 көшесіндегі сумен жабдықтау желісін модернизациялау және су бұру желісін жүргізу (25,6 км. сумен жабдықтау, 72 км. су бұру). Мердігер анықталды, дайындық жұмыстары жүргізілуде, құрылыс-монтаждау жұмыстарын сәуір айында бастап, 2024 жылдың ІІ тоқсанында аяқтау жоспарланған. Сондай-ақ, осы жылдың наурыз айында "Кемел" шағынауданының 33 көшесінде таратушы желіні салуға конкурс аяқталады (75,6 км). Құрылыс-монтаждау жұмыстары 2023 жылдың мамыр айында басталады деп күтілуде», - деді әкім.

Бұл жобаларды іске асыру Жетісу ауданындағы 10 мыңнан астам абонентті сапалы сумен және канализациямен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.