Жетісу ауданында жаңа емханалар ашылады

Жетісу ауданында жаңа емханалар ашылады
Сурет: Inbusiness.kz

Ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту жұмысы қарқынды жалғасуда.

Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Жетісу ауданы тұрғындарымен өткен кездесуінде айтылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мәселен, бүгінде "Кемел" шағынауданында ауысымына 200 адам қабылдайтын отбасылық-дәрігерлік амбулаторияның құрылысы аяқталып келеді. Қазіргі уақытта жұмыстар 80% орындалды. Құрылыс сәуір айында аяқталады деп жоспарлануда.

Өткен жылы әкімдік жеке меншіктен Нүсіпбеков және Омаров көшелеріндегі екі ғимаратты сатып алды. Кейін оларда ауысымына 200 және 300 келушіге арналған емханалар ашылатын болады.  

«Сонымен қатар біз Рабочий (жұмысшы) кенті жайлы ұмытқан жоқпыз. Бүгінде 40 мың тұрғынның 34 мыңға жуығы Алмалы ауданының емханаларына тіркелген. Әкімдік Райымбек даңғылының бойындағы ауданы 1,5 мың шаршы метрді құрайтын ғимаратты анықтады. Оны наурыз айының соңына дейін сатып алуға ниеттіміз. Онда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жабдықтар сатып алынғаннан кейін, 240 адам қабылдайтын емхана ашылады»,  - деді қала басшысы Е.Досаев.

Аталған емханалардың ашылуы Жетісу ауданының тұрғындарына жақын жерден қызмет көрсетуге және жұмыс істеп тұрған үш емхананың жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.

Аудан тұрғындарымен өткен кездесуде мектептер жайы да талқыға салынды. 

«2022 жылы 2 мектепте(300 орындық № 57, 575 орындық № 177) 875 орындық қосымша ғимарат пайдалануға берілді және №148 мектепке
200 орындық қосымша ғимаратты салу жұмыстары басталды. Оны жаңа оқу жылы басталғанға дейін аяқтаймыз», - деді Алматы әкімі. 

Аудан мектептеріндегі оқушы орындарының жағдайы салыстырмалы түрде жақсы (бүгінгі күні шамамен 3000 орын тапшы). Бірақ халық санының өсуі мен ауданда тұрғын үйлердің қарқынды салынып жатқанын ескеріп, биыл Боралдай көшесінде («Жайлы мектеп» ұлттық жобасы) 1200 орындық жаңа мектеп пен бұрыннан бар мектептерге 450 орындық екі қосымша ғимараттың құрылысын бастау жоспарланып отыр.