Жетісудың 30 мың азаматы жұмыспен қамтылды

Жетісудың 30 мың азаматы жұмыспен қамтылды
Сурет: Gov.kz

Өңірде жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жұмыссыз жүргендер мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар тартылған.

Ағымдағы жылдың алты айында Алматы облысындағы жұмыссыз жүрген 30 мың адам жұмыспен қамтылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне қарағанда, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға биылғы жылы облысқа 31,8 млрд. теңге бөлінген. Биылғы жылдың бірінші жартысында халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен өңірде 30 мың адам қамтылған. Соның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы 3,3 мың адам жұмысқа орналасқан», – делінген  Алматы облысының әкімдігі баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Ресми дерек бойынша, биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің Жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары мен «Жетісу» өңірлік бағдарламасы шеңберінде қаржы көлемі 23 млрд теңгеге дейін ұлғайтылған.  

Бірінші жартыжылдықта 7,5 млрд теңгеге 990 жоба қаржыландырылып, 2 750 тұрақты жұмыс орны құрылған. Биылғы жылы жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 34,3% жетеді.