Жергілікті жолдарда ақау көп – ұлттық сапа орталығы

Жергілікті жолдарда ақау көп – ұлттық сапа орталығы
Сурет: Ашық дереккөз

Тасжолдардың тез жарамсыз болып қалуына тағы бір себеп - ауыр жүк көліктері

Елімізде жергілікті маңызы бар жолдардың сапасында ақау баршылық. Биыл 2,7 млрд теңге жұмсалған жол қайта салынған. Бұл туралы жол активтері ұлттық сапа орталығының директоры Замир Сағынов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Жол сапасын қадағалауға қатысты республикалық жолдар бойынша - министрлікке қарасты автомобильдер комитетімен, ал жергілікті жолдар бойынша - әкімдіктермен келісім жасалған. Яғни келісім болса, біздің жол сапасын тексеруге құқығымыз бар. Әрине, жергілікті жолдар бойынша табылып жатқан ақау көп. Биыл біздің ұсынысымызбен 2,7 млрд теңгеге төселген жол қайта салынды. Жол мердігер компанияның есебінен салынды», - деді Замир Сағынов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Ұлттық орталық басшысының сөзіне сенсек, құзырлы органдар тарапынан жол сапасына қатысты қадағалау бар.

«Әрине, жергілікті жолдардың сапасын қадағалау толық деңгейде емес. Себебі бізде кейбір әкімдіктермен келісімшарт жоқ. Сондықтан мәселе ашық күйінде қалып отыр. Тасжолдардың тез жарамсыз болып қалуына тағы бір себеп - ауыр жүк көліктері. Дегенмен соңғы уақытта жергілікті көлік жолдарының сапасын қадағалап отырмыз», - дейді ол.

Айта кетейік, брифингте белгілі болғандай елімізде ақылы жолдардың бағасы өзгереді.