Жер –  тіріде  төрің,  өлгенде – көрің

«Қоғамдық  мақұлдауды   алмаған  заңдар,

заң болып  табылмайды».

Гукер.

 

Қазақстан  Президенті  Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жерді шетелдіктерге сатуға тыйым салу туралы норманы заңдастыруды тапсырды. Осыған  орай  Президент:  «Қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды», -деп  үнқатқан  болатын.   Осылайша  Мемлекет басшысы шетелдіктерге және шетелдік   заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға және жалға беруге заң   жүзінде біржолата  тыйым салуға  бастамашылдық  жасады.  Президент  осыған орай,  наурыз айының  15-де  жерді шетелдіктерге сатуға және жалға  беруге біржола тыйым  салуды  көздейтін заң  жобасына қатысты өзінің твиттер парақшасына: «Бүгін  мен  өзімнің  Президент  ретінде  заң  шығаруға  бастамашылдық  ету  құқымды  пайдаланып,  жерді   шетелдіктерге  сатуға   және  жалға  беруге біржола  тыйым  салуды  көздейтін  заң  жобасын  Мәжіліске  жолдадым. Парламент  оны  белгіленген  регламентке   сәйкес  қарастырып,  тиісті  шешім  қабылдайды», деп  жазды.  

Жалпы,  кез  келген Заң жобасы Үкіметтің, Парламент депутаттарының немесе Президенттің бастамасы бойынша әзірленеді. Бұл  мәселеде шешім  қабылдаудың  үш түрлі рәсіммен  түзілетін  қалыптасқан    қағидасы  бар.   Егер  Заң жобасы Президенттің бастамасы бойынша әзірленсе, жерді шетелдіктерге сатуға тыйым   салуды заң жүзінде   тезірек ресімдеуге   болады  және  оның  заңдық  күші  болады.

Ширек  ғасырдан  бері  қоғамда  үлкен  дау  тудырып, ең көп талқыланған  жер  мәселесіне  қатысты   әңгіме өз  шешімін  ұзақ  уақыттар  бойы   таппай  келді.  Ол   дау  Қытай  елінің   жалпы  құны  24,5  миллиард  долларды   құрайтын  56 кәсіпорын ашатыны  туралы  әңгіме  шыққалы қатты ушығып  кетті. Оның  үстіне  Қазақстан  мен Қытай   арасындағы  экономикалық  қарым-қатынастың  тереңдеп  бара жатқаны да оған   ықпал етіп  отыр.   Бұл мақсатта Қазақстан  Үкіметінің  алғашқы  ретте  қаражат  табуды  көздеп  отырғаны бізді  қатты алаңдатады.

Жалпы,  инвестиция  тарту  әлемдік тәжірибе.  Одан  бүгінгі   алпауыт  елдердің барлығы  өткен.  Бүгінгі  бай деген  Араб  елдері де  инвестиция  тарту  арқылы  экономикасын  жолға  қойып  алған.  Бірақ  олар инвесторларды өз  елдеріне  тарта  отырып,  олардың  барлық  іс-қимылдарын  қатаң  бақылауларына  алған.  Мәдениет,  тіл, рухани,  саяси  істеріне  араластырмаған.  Уақыты  келгенде  оларды  шекараларынан  шығарып  жіберіп  отырған.   Сондықтан  олардың  Араб  елдерінде  тұрақтап  қалуларына  мүмкіндік  болмады.  Өз  елдеріне   инвестиция  тарта  отырып, жоғарыдағы   мәселелерді  ескермеген      Азияның  20-ға жуық  елі  бүгінде  қосарланған   Қытай елінің  көшірмесіне  айналып  отыр.   Егер  дүние  саудаға  түсетін  болып,    Қазақстан  аймағына  келетін  инвесторлар  жөніндегі  мәселелер талқыланған  жағдайда  Жер реформасы жөніндегі комиссия  осы  мәселелерді жан-жақты қарағаны  абзал болар  еді.

Бұған  дейін  Үкімет  ақша  тауып,   инвестиция  тарту  үшін   жерді  сату   туралы  шешімге  келген  болатын.   Бірақ  бұған  қазақ   халқы   «Жерді  сатқаның –   Отаныңды  сатқаның!»  деп қарсы  шықты.

Сол кезде  халықтың  арыз-талабын  ескерген билік Жер мәселесіне қатысты  мораторий   енгізді.   Әйтсе  де,  Мемлекет жерді шетелдіктерге беру ниетінен бас тартпады. Лоббистер  келер  күннен үмітін   үзбеді.

2021 жылы  5 жылдық мораторий мерзімі аяқталғаны  сол  еді,  жер дауы қайтадан қоғам  талқысына  түсті.  Осы  уақыт  аралығында   Үкімет   нақты шара  қабылдай  алмады.    Қазақстандағы ірі жер иеленушілердің кім екені сол күйі ашылмай  қалды. Осыған  орай  күні  бүгінге  дейін  шетелдік банктерде жүздеген мың гектар жерлердің   кепілдікте   тұрғаны   ешкімге    белгісіз  күйде  қалып  отыр. Олардың  иелері  кім?! Қоғамнан  жасыруға  болар,  бірақ  айдың  бетін  көлеңкелей  алмайтының  анық. Уақыты  келгенде  ол да  ашылар.

Қазақстан  Президенті   Қасым – Жомарт  Тоқаев тым сирек қолданылатын Президенттің заң шығару бастамасы құқығын пайдаланып, жерді шетелдіктерге, шетелдік заңды тұлғаларға сатуға,   жалға беруге тыйым салатын заң әзірлеуді   тапсыруы  қоғам  тарапынан  қолдау  тауып  отыр.  Мемлекет  басшысы  осыған  сай,    енді   лоббистердің   халықты алдап соғуына,   билікке қысым жасауына жол беретін  мүмкіңдік қалдырмады.   Елімізде   ірі  латифундистердің    ат  төбеліндей шағын тобы бар,   енді  олардың иелері  өз   жерлерін    шетелдіктердің  жеке меншігіне жаздыртып қойып,  оны Қазақстан азаматтарына жалға беруінің  жолы  кесілмек.   Мұнан  біз  Президенттің    бір күндік саяси   ұпай  емес, Қазақстанның болашағын әріден  ойлайтын мемлекеттік қайраткер екенін көреміз.

Жер  алтынмен  өлшенбейді,  оның  құны  жоқ.  Әлемдік  өлшем  солай.  «Саяси  организмді  екі   әдіспен  өлшеуге  болады. Біріншісі – территориялық  көлемі және  ондағы  халықтың  саны. Осы өлшемдердің  біріншісі  мен  екіншісінің  арасында  мемлекетке  сай  келетін  жер көлемін анықтауға  мүмкіндік  беретін  қатынас  бар.  Мемлекетті  адамдар  құрайды, ал  адамдарды  жер  асырайды. Яғни бұл  қарым-қатынаста  мемлекет тұрғындары  күн  көру  үшін  жер  жеткілікті болуы шарт, ал олардың  саны  жер  асырай  алатындай  болуы  керек. Түптің  түбінде  жері  жеткілікті  халық  дәулетті  болады», — дейді атақты  Француз  философы  Жан Жак  Руссо.

Біріншіден,  Жер – ата-бабаларымыздан  қалған  аманат.  Ал  аманатқа  қиянат  жасамау  бізге  берілген  ұран  іспетті!  Оны  құлатпағанымыз  абзал. Еіншіден,  қазақтар  ешқашан  жерге  жекеменшік  құқығымен  ие  болған  емес.  Ата-бабаларымыз   жерді  қауым,  ру  болып  пайдаланған,  оны  ұрпағына  аманат  етіп  тапсырған  және  ол  топырақты  аялай  білуді  үйреткен! Ұрпақтан-ұрпаққа  қалдыратын басты  қазына  бұлағымыз  да   осы  Жер! Тәуелсіздігіміздің  30  жылдығында  көзіміздің  қарашығындай   сақтап,  қызғыштай  қорғағанымыз  да,  қасиетті  осы  Жеріміз!

Өмір  қағидасында  ең  құнды  материалдық  байлық – Жер болып табылады. Бір  қаланың  ішінде   тұрып,  шекарасын  айқындап  алған  Ватикан  мемлекеті   өзіне тиесілі  бас-аяғы  44 гектар жерде   мемлекет  атынан  ресми қабылдаулар  жасап,   түрлі  шараларға  қол қояды. Шақырусыз  келген  жанға  қасиетті  жерлерін  таптатпайды.   Еуропа  құрылығындағы  барлық  мемлекеттер   жерді   аялап  оған  аса   маңыз  береді.

Жер  қадірін  білетін   халықтың  бірі – Корсика  аралының  тұрғындары.  Өзінің  жері мен  бостандығын  ерлікпен,  табандылықпен  қорғайтын  корсикандықтар  кейінгі  жас  ұрпаққа мектеп  табалдырығынан  Жерді  құрметтеу  жөнінде  өмір  сабақтарын  өткізеді.  Билік  буынының   ерекше  ойлап  тапқаны – мектепке барған  жас  өскінге    алғашқы сабақты    Жерді  сүю  дәрісіне арнайды. Қазір осы бір  кішкентай  ергежейлі  арал  тұрғындары  Жерді  сүю  құрметімен  бүкіл  Еуропаны  таңқалдырып  жүр.

Әлем елдерінің  көпшілігі  өз   банкноттарында   елтаңбаларын   орнатса,  енді бірі  аң-құс,  мәдени  ескерткіштер  көрінісін  таңбалағанды  жөн  көреді. Ал  өзімізбен  кешегі  бір  лагерде  болған  Әзербайжан  елі  ұлттық  ақшасына  мемлекеттің  картасын орналастырған. Бұл да  бір ұтымды  ойластырған саясат  па,  дерсің?!

Жалпы,  қасиетті  Жер  туралы  әңгімелер  көп. Солардың  бірі  мынаған  саяды:  Адамзат қоғамының  қалыптасу  кезеңінде  Жер  үшін  болған  соғыс  ең  қасиетті  соғыстарға  жатқызылған.  Ол  туралы  Түркия  көсемі  Мұстафа  Кемал  Ататүріктің     ой-толғамдарына  көз  жіберсек  те  болар  еді.

Түрік халқын өркениетті әлемде өзіне лайық дәрежеге көтеру, Түркия Республикасын мызғымас іргетасымен қоса одан сайын күшейту  күн  тәртібінде  тұрғанда   әйгілі  ұлт  Көшбасшысы  Ататүрік  алғашқы  болып  түрік  жастарына  үндеу  жариялады.   Ол үндеуін  Түрік жастарына қалдырған   аманатым, — деп  атады.   Онда – Тәуелсіздік  пен  бірге  Ел,  Жер, Тұтастық,  Бірлік   құндылықтарын  көздің  қарашығындай  сақтау аманатын қамтыды.   Бұл үндеуді  ұлт  көсемі  – 1927 жылы 15-20 қазанда  Анкара  қаласында  болған   Мәжілісте   36,5   сағат жасаған  баяндамасында тәптіштеп  берді.    Үндеу  мәтінін     ұлт  көсемінің  өз қолымен   жазуымен  бірге   тарихи сәтте  басты  рөл  атқарған  тұлғаның  бір  адам  болуы  тұрғысынан   ол  құнды   құжатқа    айналды.     Өз  өмірін  түрік  халқының  бақыты  жолына  арнаған  керемет  қабілет  иесі,  даңқты  қолбасшы және  мемлекет  қайраткерінің  бұл  еңбегі  Ататүрік    философиясы  деп  аталды.

Қазақстан  Президентінің  бастамашылдығымен  жасалып  отырған   ұсыныс  та  мемлекеттің   аса  маңызды   шешімдерінің  бірі  ретінде  тарихта  қалатыны  айқын.

Екі  жылдан  соң  Түрік  Республикасы  Тәуелсіздігіне –  100 жыл толады. Қазақстан  Республикасы биыл – 30  жылдығын  атап  өтеді.  Ұлттың  тәуелсіздігін  сол  ұлттың  табанды  шешімі  ғана  сақтап  қалатынын  ескерсек,  бізге  Жерді  түріктерше  сүю  және  бірлік  пен  ар-намыс  керек.

Енді  Ататүріктің  ұлт  жастарына  арнаған  сол  үндеуіне  назар  аударсақ:

«Қымбатты мырзалар, бірнеше күннен бері сіздердің уақыттарыңызды   алған   Үндеуім енді, міне, тарихқа айналды. Егер осы  Үндеуімде   халқым үшін және келешек ұрпақ үшін пайдалы, олардың көзін ашатын мәселелерді көрсете білсем, өзімді бақытты  санаймын.

Мырзалар, осы   Үндеуім арқылы өз болмысын жоғалтып, жойылып    бара    жатқан    үлкен    бір   халықтың өз тәуелсіздігіне қалай қол жеткізгендігі, ғылым мен техниканың соңғы негіздеріне сүйенген ұлттық   және заман талабына сай мемлекетті қалай құрғандығы жөнінде айтуға тырыстым.

Бүгін қол жеткізген жетістігіміз бірнеше ғасырдан бері халқымыздың    тартқан азабының нәтижесінде пайда болған зеректіктің жемісі мен қасиетті Отанның әрбір бұрышын суарған қанның өтеуі.

Осы   жетістікті   түрік   жастарына  аманат  еттім.

Уа,    түрік жастары!   Бірінші міндетің – түрік   Тәуелсіздігін, Түркия Республикасын  оның  Жері  мен  Суын  мәңгі қорғау және сақтау. Болмысыңның және келешегіңнің басты негізі осы. Бұл –  сенің ең қымбат қазынаң. Келешекте де сені осы қазынадан мақұрым еткісі келетін ішкі    және   сыртқы жауларың болады. Бір күні Тәуелсіздігің мен Республикаңды қорғауыңа тура келсе, міндетіңді орындау үшін басыңа түсетін жағдайды,   мүмкіндіктер мен шарттарын ойланып жатпа!   Бұл мүмкіндік пен шарттар сен үшін өте қолайсыз болуы мүмкін. Тәуелсіздігің мен Республикаға көзін сұққан дұшпандарың, әлемде    теңдесі    жоқ жеңімпаз болуы да мүмкін.

Күшпен және айламен қасиетті Отанның барлық бекіністерін басып алуы, бүкіл теңіз    арсеналдарына    кіріп алуы, бүкіл армияның ыдырап    кетуі, мемлекеттің түкпір-түкпірі іс жүзінде жау қолында қалуы    мүмкін. Бүкіл осы шарттардан да қорқыныштысы және сұмдығы сол елдегі билік басындағылар   арасында ашық ауыздар, тайғанақ жандар, тіпті сатқындар да болуы мүмкін. Тіпті, осы билік басындағылар жеке бастарының пайдасын, мемлекетке шабуыл жасаушылардың әрекеттерімен бірлестіріп жіберулері  де  мүмкін. Халық кедейлік пен жоқшылықтан әлі құрып, құлауы мүмкін.

Уа, түріктің келешек ұрпағы! Міне, осындай жағдай мен шарттарда да   сенің негізгі міндетің Түрік Тәуелсіздігі мен Республикасын сақтау болмақ!   Саған қажетті құдірет тамырларыңдағы   асыл қанда!».    (Ататүрік   зерттеу  орталығы.  «Жолдау – 1919 – 1927».  Мұстафа  Кемал  АтатүрікАнкара – 2006 жыл.)

Бұған  не  қосуға  болады? Міне,  70  жылдан  бері   ұлт  көсемінің  аманатына  адал  түрік  халқы  басына  қанша  қатер  төнсе  де,  өздеріне  аманат  етіп  қалдырылған  топырақтан  бір  қадам  жер  кері  шегініп,  бір  шелек  топырақ  өзгеге  бермеген.  Топырақ  сатуына  да  болар  еді.  Бірақ  түрік  ұғымында  топырақ  сату  жаман  ырымға  баланады. Араб  Әмірліктері  күні  бүгінге  дейін  Үндістан,  Пәкістан  Ирак  елдерінен  топырақ  сатып  алып  отыр.  Түрік  елі  ол  жолды   қаламады.

Бұл  елде  табиғи  байлық  жоқ.   Біз  айта  беретін  мұнай  да,  көгілдір  отын да,  көмір де,  темір де  жоқ. Дүниежүзінде  алдыңғы  орын  алатын  Қазақстан  сияқты  бұл  елде   хром  да,  уран  да  жоқ!   Астық та  жоқ.  Бірақ  халқы  бақуатты  тұрады.   Неге?!  Өйткені,  Елге  деген,  Отанға  деген,  Жерге деген  сүйіспеншілік  пен  рух,  ұлы  махаббат   бар!

Тарихта  осы  тектес  тегеуріндегі  рухы  болмаған  халықтар  көп  құндылықтардан  айрылып  қалған  оқиғалар  да  болған.  Америка  құрылығындағы  үндістердің ең  басты  қайғысы  қасиетті  жерінен  айрылу  болды. Жерден  айрылған  халық  бастарын  аман  алып   қалу  үшін  құрылықтың  тұс-тұсына  бас  сауғалап  кетті.  Сол  кездегі  үндістердің   көсемінің   жанайқаймен    жазған  хатын  теберенбей  оқу  мүмкін  емес.  Сол   кездерден   жеткен   хат   көпшілігімізді   ойлантуы  тиіс.  Арада  екі  ғасырға  жуық  уақыт  өтсе де  оның  маңызы  жоғалған  жоқ.

 «Адам  –  Жердің мүлкі»    депті үндістердің көсемі Сиэтл Дювамаш АҚШ    Президенті   Франклин    Пирске 1855 жылы жазған хатында:

«Вашингтондағы үлкен кісі. Сіз біздің жерімізді сатып алу жайлы айтыпсыз.   Сіздің  ол   ойыңыз   біздің   көңілімізге  көншітпейді. Аспан аясын,   жер жылуын сатуға  немесе  сатып алуға  бола ма  екен?! Жердің   жібек    желі,   өзен-көлдің   айдыны  біздің меншікті мүлкіміз емес, оны бізден сатып алу деген қандай   сөз? Бұл Жердің әрбір төмпешігі   біздің   халқымыз   үшін аса қымбат. Орман-тоғайымыздың    әрбір сыбдыр  қаққан   жапырағы, өзен-көлдеріміздің әрбір қиыршық  тасы, әрбір   ағашымыздың   бойындағы шырын  сөлі,  сол  жердің  иесі –   қызылтерілілерге    қасиетті  нәр  берер – Жер Ана!

Адам – өмірдің өрнегін тоқушы емес, ол сол өрнектің бір тал иірім  жібі ғана. Өрнектің сәнін    бұзғаны, өмірінің сәнін бүзғаны.

Біз – Жер адамның мүлкі емес, адам –  Жердің мүлкі деп білеміз.   Ғалам    біртұтас, оны  бір атаның баласындай   қаны бір,   жаны бір деп білеміз.   Топырағымыздағы    қызылтәнді   ақырғы адам көз жұмып, аруағы аспан әлеміндегі ақша бұлтқа айналып кетсе де,   халқымыздың өлмес, өшпес рухы орман-тоғайымызда,   өзен-көлімізде мәңгі   бақи өмір сүре  береді.    Себебі: бұл Жер – менің халқыма, яғни  болашақ   бөбегінің   жүрегі елжірей   еміренетін Ана  сүтімен  суарылған!

Сен бұл Жерді түптің түбінде сатып алар болсаң, оны бізше сүйе білуің  керек, оны бізше аялай білуің  қажет.  Оны есіңнен бір сәт шығара көрмегейсің!   Оны балаларыңның Жер – Ана  бесігі деп біліп, бүкіл   жан-жүрегіңмен аялағайсың,   жан  дүниеңмен  қорғауға, сақтауға, Құдайдың бізді сүйгеніндей мейірімімен сүюге  тиіссің!..».

Үндістер көсемінің сиямен емес, жүрек канымен,    жан  тәнімен, ділімен жазған хаты адамзатқа айтылған өсиетке  айналған.   Бұл бүгінге ғана емес, ертеңге де   керек  асыл  сөз! Асыл  сөз  ешуақытта  ескірмейді!  Сондықтан  оны  сатуға   ешкімнің  де  құқы  жоқ. Демек,  Мәжіліс  халық  сұранысына  құлақ  асып,  Президент  ұсынған  заң  жобасын  қолдауы  тиіс!

Жер – тіріде төрің, өлгенде көрің. Жерсіз елдің де, ердің де күні қараңғы  түнек.  Жерсіз өмір жоқ!    Мұны бір кісідей білетін  Қазақстан  Президентінің  қасиетті  Жер  анамыз  туралы   үлкен  тебереніспен   айтқаны  көпшілігімізді  ойландыруы  тиіс.

Осы  сарындас  сөзді    Президентіміз  де  халыққа    арнай  отырып,  мәселенің  мәнісін  жан-жақты  түсіндіріп   берді.    «Біздің мақсатымыз   – келер ұрпаққа   Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу», деді  Мемлекет  басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев. Ұлттың ұлы мұратының бірі осы емес пе?!

Қазақ  байлықты  қолдың  кірі, келеді,  кетеді  деп  есептеген. Ал  Жерді –  қасиетті  Анаға  теңеген. Сонда  қасиетті  Ананы  сатуға,  өзгеге  уақытша  беруге  бола ма!?   Оған бәрі  сияды!  Жерді  қасиет  тұтпаудың  кесірінен,  жерінен  айрылып, барар  жері, басар тауы   жоқ  тұтас бір ұлт    ұлтарақтай  жері  қалмай   тозып  кеткен  оқиғалар да  тарихта     болған.   Кезінде  Басраның  ғажайып  өлкесін  иеленген  40 миллион  күрт  халқы  өзара  қырқысудың  әсерінен  қасиетті  жерлерінен  айрылып,  қаншама  жылдардан  бері   босып  жүр. Қазір  ол  топырақта  Ирак, Сирия,  Иран, Түркия елдері орныққан.  Соның  әсерінен  бүгінде   аймақта   тыныштық  жоқ. Ол  тыныштық  таяу  арада  орнамасы  да  анық.  Себебі, қуғында  жүрген  күрд  үкіметінің   мақсатында  соңғы  күрд  ұланы  қалғанынша  Жер   үшін  күрес  жалғаса  береді  деген мақсатты    ұран  бар.

Сондай-ақ,  кезінде Кения  елі  де  сырттан  келген  миссионерлердің  алдау-арбауына  түсіп,  жерлерінен  айрыла  жаздаған.  Ол  туралы  Кенияның  Президенті Жомо  Кениаттаның:   «Батыстың  адамдары  келгенде  қолдарында  Інжіл,  ал біздің  қолымызда  жеріміз  болатын.  Олар  біздің  көзімізді  байлап,  шоқынуды  үйретті.  Көзімізді  ашқанда  алақанымызда  Інжіл,  ал олардың  қолында  жеріміз  тұрды» — деп    көз  жасын  төккенін  ұмытпағанымыз  абзал. Жер  үшін  қасиетті  соғыста  Кения  12 миллионнан   астам  азаматынан  айрылды.

Өлсем  туған  жердің  топырағын  жамылып  жатайын  деп  жауына  ұлтарақтай  жер  бермей  арпалысып келе  жатқан  елдің  бірі – Ауғаныстан. Жеріне  ежелден   көз сұғын  қадап  келе  жатқан  ағылшындар да, Пәкістан да,  Қытай  да бұл  елден  енді  жер  дәметуді  қойған  сыңайлы. Туған  жерінің  топырағын  қасиетті  тұмардай  құрметтейтін  кез  келген  ауған  ұлтының  өкілі  сыртқа  сапарлап  шықса, орамалына  бір уыс  туған  жерінің   топырағын   өзімен  бірге  ала  жүретіні  де  сондықтан.

Жер  туралы  Алаш  көсемдері  де  аз    айтпаған.  Олардың   ең  соңғы  қоштасар  сөзі  де  қасиетті  қазақ  топырағы  болған.  Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың: «Жер, жер және жер. Өйткені жерсіз Отан жоқ,   жерсіз   мемлекет болмайды» деген  сөзі  ұлық  ойымен  үндесіп  жатқан  ұлағатты сөз бұл!  Әрине,  жер  өзін  сүйгенді,   жақсы  көреді. Сондықтан  көсем қазақтың  байырғы  жерін  қашан  ғылым  мен  техникаға  сүйеніп  толық  игермейінше,  жер  жекеменшікке де,  қоныстанушыларға  да  берілмеуі  тиіс, — дейді.    Алаш  көсемінің  Жер  туралы  ойы  мынаған  саяды:

–қазақ  автономиясында жерсіз  қазақ  бұқарасы  жер еншісін  алып болғанша  переселендердің  келуі тоқтатылуы  тиіс. Жер үлесін алдымен  патша  заманында  ата  қонысынан  ығыстырылған  жергілікті  халық  алуы  керек.

–адамға, әрбір  ошаққа тиетін жер үлесі шаруаға, жердің  топырағына, жергілікті табиғатына байлаулы болсын.  Сондықтан да барлық  облыс, аудандарда  жер үлесін, нормасын  жергілікті  жер комитеттері  белгілейтін болсын.

–қазаққа жер  кесілгенде  ауылға, ұлысқа, руға, өздерінің тілегіне  қарай  бөлінсін. Жерді бірге  алған  ру, ауыл, болыс,  өз ішінде  өздері тәртіп орнатып, әділдікпен пайдалансын.

–атты  казактардың  жерге ерекше  құқықтары  біржола  жойылсын. Жер сыбағасы  жергілікті  халыққа бұрынғы  тұрған  жерінен, яғни  ата  қонысынан  берілсін.

–жерді  сатуға  тыйым  салынады. Үлестен  артылған  жер мемлекет  қазынасы аталып,  мұның  билігі жұрт мекемесі  қолына өтеді.

–Алаш  автономиясының  жері  үстіндегі  түгі, суы, астындағы  кені,  Алаш  мүлкі  болып  табылады. 

Міне,  ұлт  көсемінің  үндеуінде  осылай  жазылған. (Әлихан  Бөкейханов,  Шығармалар 53-54 беттер. Алматы., «Қазақстан баспасы» 1994 жыл).

Ал  Ахмет  Байтұрсынов: «Ел  бүгіншіл, менікі  ертеңгі  үшін. Атадан  балаға мирас  болып екі-ақ  нәрсе қалады,  бірінші – бай  тілі,  екінші – байтақ  жері. Қазақтың  әлі  күнге  жерден қол  үзбей  отырғаны – жер қазыналық  болғандықтан: әйтпесе, бүгін  тойғанына  мәз болып, ертеңгісін  ұмытқан  қазақ  бүгін – жерін  сатып тойып,  ертең – тентіреп  кетер  еді», — дейді.

Ал  Сұлтанбек  Қожанов  Жер  туралы  күрес ең  қасиетті тұрмыс  екенін  айтудан  тартынбаған. «Шекара  аспанмен  белгіленбейді,  жермен  белгіленеді. Әр ұлт  өз  қонысын  сақтап  қалып, сол  қоныс  қылған  жерлерін  мемлекет  деп жариялайды.  Қазақстан  аспанда  емес, жерде  болмақ.  Қазақ  ұлты  қоныс  қылып  пайдаланып  отырған  жердің  барлығы  Қазақстан  мемлекетіне  кірмек» -дейді.

Өз  басына,  қызметіне  қаншама  қауіп  төнсе де, жерге  келгенде айтқанынан  тартынбаған ұлт  қайраткері  Жұмабек  Тәшенов қазақтың  жеріне  келгенде  ештеңеден  тартынбаған.  СОКП  ОК-нің  бірінші  хатшысы  Н. Хрушевтің  Қазақстанның  жерін  бөлуіне     жеке  дара  шешім  шығаруына  қарсылық  танытқан  ол: «Мен  елімнің  жерін  таққа  айырбастамаймын» — деуі  шын  мәнінде  ұлы  ерліктің  үлгісі  еді. Одан  артық  не  айтуға  болады?!

Соңғы  кезде  Ресейдің  бірнеше  Дума   депутаттары Қазақстанның  жеріне  сұқ  көздерін  тігіп,  жерімізге ауыз  салғысы  келетін  ниеттерін  білдірді. Олар әрине,  оны  саяси  сауаты  жетпегендіктен  айтты  десек те,  білмегендіктен  айтпағаны    белгілі.

Бос  жатқан  жер  қашанда  жау  шақырады.  Осыдан 20 жыл  бұрын  Қостанай  облысының  «Оперный»  аталып  кеткен     жері  иесіз  бос  қалды.  Орыстар  оны әрі  шұқылап,  бері  шұқылап  ақыры   көздеген   жерін   алып  тынды. Ешкім  үндемеді.  Бұл  жолы да  Ресей  депутаттары  бізді  өз  қимылдарына   қалай  жауап  береріміздің  аңысын  аңдығандай  болды. Бірақ  олар  бұл  жолы  қатты  жаңылысты.

Бүгінгі  таңда  Қазақстан  Үкіметінің    шекаралық  облыстарды  жергілікті  ұлт  өкілі  есебінен  көбейтуді  көздеп  жатқан  шарасы  қуантарлықтай.  Алайда  ол  аздық  етеді. Солтүстік  облыстарға  жастарды  шоғырландырудың  бір  шарасы  ретінде  бұл  облыстарда  жоғары  оқу  орындарын  ашып,   жұмыс  орындарын  көбейтуді  қолға  алу  керек.  Сонда  ғана  біз  көздеген  мақсатымызға  жетеміз.

Қазақстаннан  кетіп  жатқан  орыс  ұлты  өкілдері үшін  қатты  қынжылудың  реті  жоқ.  Кадр  есебін  тапса  қашанда  табылады.  Ал  кеткендердің  жер  арқалап    кетпесі  анық. Ал  кетеміз, кеткенде де  өзіміз  мекендеген  жерді  ала  кетеміз,  дегендердің  өрекпіген  желігін  кешеуілдетпей  заң  күшімен   су  сепкендей    басу  керек.

Ақын  Қадыр  Мырзалиев  ағамыз  айтқандай:

–Қой  ағайын,

Іздер  болсаң,  жөнді  ізде!

Татулыққа  бекер  қауіп  төнгізбе,

Бөлетіндей  тұтас  Қазақстанды

Жер  арқалап  келіп  пе  едің,  сен  бізге?

Қой  ағайын!

Іздер  болсаң,  жөнді  ізде! – деп жауап  беру  керек  болып  тұр.

Себебі,  қасиетті  қазақ  жерін  қорғау – осы топырақта  кіндік  қаны  тамған әрбір  азаматтың  азаматтық  парызы!

 

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ.

 

 

 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *