Жер комиссиясы Алматы тұрғындарының үш мыңнан астам өтінішін қарады

Жер комиссиясы Алматы тұрғындарының үш мыңнан астам өтінішін қарады
Сурет: Basnews.kz

2 075 өтініш бойынша оң шешім қабылданды.

Алматының жер комиссиясы қала тұрғындарының 3 000-нан астам өтінішін қарады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің онлайн-брифингі барысында Алматы қаласы жер қатынастары басқармасының басшысы Ардақ Самамбетов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Спикердің айтуынша, басқарма мемлекеттік қызметтің 8 түрін ұсынады. Ағымдағы жылдың 7 айында барлығы 5 472 мемлекеттік қызмет көрсетілді, оның ішінде басым бөлігі электрондық үкімет сайты арқылы – 4 638, мемлекеттік орган арқылы – 834.

«Биылғы жылы басқармаға жерді пайдаланудың түрлі салаларына қатысты жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардан 7 655 өтініш келіп түсті. Азаматтар көбінесе жер учаскелерін заңдастыру, жалға алуды ұзарту, жер телімі үшін жалдау ақысын есептеу бойынша жүгінеді», - деді А.Самамбетов.

Спикердің айтуынша, биыл жер комиссиясының 8 отырысы өткізіліп, онда 3 128 өтініш қаралып, 2 075 өтініш бойынша оң шешім қабылданды.

Сонымен қатар, жыл басынан бері Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы энергетика, денсаулық сақтау, балабақша, спорт және басқа да нысандар құрылысы үшін 58 жер телімін бергені белгілі болды.

«Мемлекет мұқтажы үшін қоғамдық маңызы бар жобаларды жүзеге асыру үшін 105 жер телімі алынды. Мысалы, Абай даңғылын Яссауи көшесінен қала шекарасына дейін ұзарту үшін, сондай-ақ Рысқұлов даңғылы мен Емцов көшесінің қиылысында жол айрығын салу үшін жер телімдерді сатып алу аяқталды», - деп атап өтті ЖҚБ басшысы.

Алматы қаласын дамытудың Бас жоспарын жүзеге асыру мақсатында әл-Фараби даңғылының бойындағы (Витебская көшесінің қиылысы), "Мәдениет" шағынауданында жол салу үшін, сондай-ақ Түрксіб ауданындағы Читинская көшесіндегі кәріздік сорғы станциясын салу үшін жер телімдері сатып алынды.

62 нысан жұмыс істеуде, оның ішінде ағымдағы жылы 15 нысанды сатып алуды аяқтау жоспарланып отыр. Олардың орнына жаңа жолдар мен әлеуметтік нысандар салынады.

ЖҚБ-ның маңызды шешімі әлеуметтік мәселелер болды. Өңірлік коммуникациялар қызметі бұрын өз бетінше иеленіп алған тұрғындарға жер құқығын берді, бұл 644 отбасына жер учаскелерін заңдастыруға мүмкіндік берді.