Жеңілдетілген автонесие беру - халық үшін үлкен қолдау

Жеңілдетілген автонесие беру - халық үшін үлкен қолдау
Inform.kz

Қазақстанда утиль алымның ставкасы жеңілдей түсті және отандастарымыздың өз көлігінің болуы үшін арнайы бағдарлама қабылданып жатыр. Осы орайда автокөлік саласының мамандары не дейді? Аталған мәселеге қатысты Қазақстанның «Автобизнес» қауымдастығының стратегиялық даму бөлімінің директоры Дархан Айдауылов пікір білдірді, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Біз қауымдастық атынан утиль алымға қатысты өз ойымыз бен ұсынысымызды бұған дейін де айтып келеміз. Біріншіден, Қазақстан-Беларусь-Ресей елдері арасында бірыңғай утилизациялық жүйе орнаған. Аталған жүйеге сәйкес және Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше ел ретінде бәсекеге қабілеттілігін сақтап қалу қажет. Екіншіден, әр тарап, яғни Ресей болсын, Беларусь болсын, олар ішкі нарығының қамын ойлайды. Оның екі механизмі бар: тарифтік және тарифтік емес. Тарифтік механизм дегеніміз - ішкі нарықтағы утиль алымы, ал тарифтік емес деген сөз - техникалық реттеу. Аталған елдер арасында бірыңғай келісім болғандықтан, қосымша құн салығы төленбейді», - деді Дархан Айдауылов.

Сондай-ақ, маман жаңа енгізілген автонесие бағдарламасына қатысты ойын ортаға салды.

«Отандық көліктерді сатып алу үшін 100 млрд теңге жеңілдетілген автонесие беру - халық үшін үлкен қолдау. Себебі елімізде сатылатын автомобильдердің 75 пайызы - бюджеттік көліктер. Осы тұрғыдан алғанда аталған мәселе халықтың мүддесіне орай шешіліп отыр. Жаңашылдық халық игілігіне жарайды деген сенімдемін», - дейді ол.

Оның айтуынша, елімізде автокөлік нарығы жыл санап өсіп келеді.

«Қазақстанда жаңадан сатылатын көліктердің үлесі өсіп келе жатыр. Сонымен қатар елімізде көлік иесінің де саны артып келеді. Яғни, әр отбасында бір көліктен бар десек те болады. Соңғы уақытта енгізіліп жатқан жаңашылдықтар қазақстандықтардың өз көлігі болуына мүмкіндік жасап отыр. Автокөлікке қатысты тағы бір маңызды жайт, Қазақстан алып-сатар ел бола ма әлде индустриялық аймаққа айнала ма? Осы мәселенің басын бүгін ашу керек. Яғни істің ақ-қарасын айырып, оны халыққа жеткізу қажет», - деді Д. Айдауылов.