Женевада Қазақстандағы қаңтар оқиғасы бойынша тергеу барысы талқыланды

Женевада Қазақстандағы қаңтар оқиғасы бойынша тергеу барысы талқыланды
Сурет: Egemen.kz

Адам құқықтары жөнінде БҰҰ Жоғары комиссары Қазақстанда «Адам құқықтары жөнінде уәкіл» туралы заңның қабылдануынан хабардар.

Бұл адам құқықтарын қамтамасыз ету және қорғау саласында еліміз алған міндеттемелерді орындауға септігін тигізеді. Бұл туралы Женевада қазақстандық омбудсмен Эльвира Әзімовамен өткен кездесуде белгілі болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап.

«Адам құқықтары жөнінде БҰҰ Жоғары комиссары Мишель Бачелетпен кездесу барысында Қазақстан Президенті биыл 16 наурызда жариялаған бастамаларын жүзеге асыру мәселелері мен мүмкіндіктерін ұзақ талқыладық. Бачелет ханым бастамаларға қолдауын білдірді, бірақ осы бастамалардың нәтижелерін барынша кең ұсынудың маңызын атап кетті. Қаңтар оқиғалары бойынша тергеу қалай өтіп жатқанын талқыладық. Әрине азаматтарымыздың процесуалдық құқықтарының сақталуы бойынша алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ тергеу нәтижелері бұқаралық ақпарат құралдарында кең жариялануы керектігі айтылған», - дейді  ҚР Адам құқықтары жөнінде уәкіл Эльвира Әзімова.

Адам құқықтарын қорғаушы белді халықаралық ұйымдармен кездесу барысында Қазақстан делегациясының мүшелері оларды сындарлы ынтымақтастыққа және еліміздің құқық қорғау орындарының жұмысын жетілдіру бойынша бірлесіп еңбек атқаруға шақырды.

«Үнемі халықаралық тергеу қажет деген әңгіме қозғалғанда, мен бірден бұлай болмайды, өйткені бұл халықаралық ұйымдардың, өзге мемлекеттің ішкі істеріне араласуы деп айтамын. Ал сараптау жұмысына, мәселен, құқық қорғау орындары мен күштік құрылымдардың жұмысын талдауға көмектесе алады. Біздің мемлекетіміз де бұған келіседі деп ойлаймын. Бірақ тағы да қайталап айтамын, ешқандай халықаралық тергеу болмайды, нақты баға бере алатын өз мамандарымыз бен сарапшыларымыз жеткілікті», - дейді Адам құқықтары үшін хартия» ҚҚ атқарушы директоры Жеміс Тұрмагамбетова.