Жемқорлардан тәркіленген 120 млрд теңге білім беруді қолдау қорына түсті

Жемқорлардан тәркіленген 120 млрд теңге білім беруді қолдау қорына түсті
Сурет: Ашық дереккөзі

Олар мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына жұмсалатын болады.

Жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген 120 млрд теңге қаражат «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына» түсті. Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мәлім болғандай, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша тәркіленген қаражат «Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына» жіберіліп жатыр. Қазіргі кезде арнайы шотта 120 млрд теңгеге жуық қаражат жиналған. Олар мектептердің құрылысы мен жөндеу жұмыстарына жұмсалатын болады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бюджет қаражатын тиімді пайдалануға, мемлекет қаржысының жағдайын жақсартуға, сондай-ақ салықтық және кедендік әкімшілендіру ісін жетілдіруге бағытталған бірқатар тапсырма берді.

Еске салайық, Президент Тоқаев былтыр 1 желтоқсанда жариялаған Жолдауында: «Жемқорлардың заңсыз тапқан қаржысы олар сотталған соң мемлекетке өтіп, түгелдей мектеп құрылысына жұмсалуы тиіс», - деп атап өткен болатын.