Желмен жарысқан «OFО»

Мәншүк БЕКБОСЫН
Алматы көшелерінде жүйткіп жүрген сары түсті велосипедтерді көрмеген адам кемде-кем шығар. Әсіресе, жастар жағы осы көлік құралын «ерттеп» мініп алған. Бұл – Ofo велосипедтері екен.
Ofo компаниясы алғаш 2014 жылы Қытайда ашылыпты. Оның негізін қарапайым 5 студент қалаған екен. Қазір Оfo компаниясының әлемнің 17 еліндегі 180 қалада қызмет көрсететін орталықтары жұмыс істейді. Қытайдан бастау алған стартап жоба Сингапур, Австралия, АҚШ, Ұлыбритания, Италия, Испания, Австрия, Таиланд, Чехия, Малайзия, Португалия, Израиль, Жапония, Нидерланд, Ресейге және кейіннен Қазақстанға таралған.
Біздің қалада Оfo велосипедтері мегаполистегі бірнеше жоғары оқу орындарының маңайына қойылды. Атап айтқанда, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу және Нархоз университеттерінің аумағына орналастырылған. Ofo велосипедтерінің арнайы велотұрақтары жоқ. Яғни кез-келген адам велосипедке отырып, көздеген жеріне жетіп алған соң, сол жерде қалдырып кете береді. Сөйтіп, келесі адам велосипедке мұқтаж болса, сол жерден алып кетеді. Бұл жүйенің тағы бір ыңғайлы жері осы. Сонымен қатар, артық құжатты қажет етпейді. Барлық мәселе ұялы телефон арқылы шешіледі.
Мұндай сары велосипедтер Алматы қаласынан бөлек, Астанада да қолжетімді. Ескеретін жәйт, өткен жылдың қараша айынан бастап енген бұл велосипедті қолдану тегін болған еді. Өйткені, компания бұл жүйені елімізде сынақ ретінде енгізді. Осы көктемде Оfo велосипедтері толыққанды іске қосылды. Наурыз айынан бастап сары велосипедтер ақылы қызмет көрсете бастады. Экологиялық таза көлік құралының жарты сағаттық қызметі – 80 теңге. Тұтынушылар сағатына 160 теңгені құрайтын «Ofo»-ның қызметі қымбат деген пікір білдіруде. Дегенмен, жоба жетекшілері алдағы уақытта бірқатар жеңілдіктер науқанын енгізуді жоспарлап отырғандарын мәлімдеуде. Жалпы, қала тұрғындары бұл жүйенің ұзаққа баратынына күмәнмен қараған еді. Өйткені, «Алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, аяқ астынан пайдаға кенелуді көздеген кейбір адамдар аталған велосипедтерді ғаламтор арқылы сатуға қойды. Ал «Вконтакте» әлеуметтік желісінің пайдаланушысы екі жігіттің велосипедті үйіне кіргізіп жатқан сәтін суретке түсіріп алып, желіге салды. Тағы бір әлеуметтік желі қолданушысы әлдекімнің дүкенге кірмес бұрын, Ofo велосипедін басқа біреулердің алып кетпесі үшін құлыптап, меншіктеп алғаны туралы жазған еді. Ол-ол ма, қаладағы барлық велосипедті жинап, үйінің есігінің алдына қойып тастаған суреттер әлеуметтік желіде толып жүрді. Ал дөңгелектері қисайып, жүруге жарамсыз, сау-тамтығы қалмаған велосипедтер қаншама?!
Осылайша әлеуметтік желі қолданушылары бірауыздан «жаңа жүйе толыққанды іске қосылғанша қалада бірде-бір Ofo велосипеді қалмауы мүмкін» деген пікір білдірген еді. Ал жоба ұйымдастырушылары алдағы уақытта оңай олжа табудың жолын іздеген адамдармен күресудің тиімді тәсілдері енгізілетінін айтып, халықты сабырға шақырып отыр.
Ofo велосипедін қалай пайдалану керек?
- Алдымен телефонға «ofo» деп аталатын бағдарламаны жүктеп алу керек. Оны «AppStore» немесе «PlayMarket»-тен табуға болады.
- Бағдарламаны жүктеп алған соң, оған тіркелу керек. Ол үшін тұтынушының телефон нөмірі, банк картасының нөмірі мен электронды поштасын көрсету жеткілікті. Құжат тасып, ресми органдарға тіркелудің еш қажеті жоқ. Ескерте кететін жағдай, қазір сервис уақытша тегін болғандықтан банк картасынан қаражат алынбайды.
- Тіркелген соң велосипедтің артындағы кодты телефон камерасына сканерлеу арқылы құлыптан ашасыз. Сканерлеу кезінде ұялы телефоныңызда Bluetooth қосулы болуы шарт. Осылайша сары велосипедті тегін тізгіндеп, қалаған жеріңізге бара бересіз.
- Межелі жеріңізге жеткен соң велосипедтің артқы дөңгелегін қайта құлыптап, жолда жүру ережесіне сәйкес тұраққа орналастыруыңызға болады. Сізден кейін тіркелген басқа адам оны GPS арқылы тауып, қолдана алады.
Білесіз бе?
Ең алғашқы велосипедтер ХІХ ғасырда Еуропада пайда болған. Ефим Артамонов есімді өнертапқыш жасаған велосипед 1801 жылы Мәскеуде көпшілік назарына ұсынылған болатын. Оның алдыңғы үлкен доңғалағын басқыш арқылы қозғалысқа келтірген. Ал артындағы шағын доңғалақ сүйемелдеушінің қызметін атқарды. ХІХ ғасырдың 50-жылдары неміс механигі Ф.Фишер велосипедтің алдыңғы доңғалағына педаль кигізілген шатун орнатуды ұсынды. Дәл осы кезден бастап велосипед көптеп шығарыла бастаған еді.
Есіңізде болсын, жолаушы!
Велосипедпен жүрген кезде:
- Жолға шықпас бұрын, велосипедтің сыртқы техникалық жағдайын тексеріп алыңыз. Әсіресе, тежегіш жүйесіне көңіл бөлгеніңіз абзал.
- Көшеде велосипедпен жүру қауіпті. Сондықтан көшедегі велосипед жүргізушінің жасы 14-тен кем болмау керек.
- 14 жасқа толмасаңыз, сізге көшеге шығуға рұқсат етілмейді.
- Велосипед тізгіндегендер көшеде оң жақ шеткі жол жолағымен мүмкіндігінше оңға таман бір қатармен қозғалуы тиіс.
- Велосипед тепкендерге жаяу жүргіншілер жолымен жүруге рұқсат етілмейді.
- Тоқтау белгісі велосипед жүргізушісінің қолын жоғары қарай көтеруімен айқындалады.
- Оңға бұрылар ол оң қолын оңға қарай тіке жазып немесе сол қолын оңға қарата шынтағынан бүгу керек. Ал солға қарай бұрылған кезде сол қолын солға қарай тіке жазу керек. Немесе оң қолын солға қарата шынтағынан бүккен абзал.