Алматы тұрғыны ағаштардың кесілуіне наразылығын әлеуметтік желіде жариялады

Алматы тұрғыны ағаштардың кесілуіне наразылығын әлеуметтік желіде жариялады
Сурет: Inform.kz

Желідегі мектеп жанындағы ағаштардың кесілуіне байланысты  Алматы қалалық экология және қоршаған ортаны қорғау департаменті түсініктеме берді

Ол «Самал-3» ықшамауданындағы мектеп құрылысы жүріп жатқан жердегі қылқан жапырақты ағаштардың кесілуіне қарсы, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«Жасыл желек оталып кетті, мектепті кеңейтіп жатыр. Тым болмаса бір ағаш қалдыруға болар еді. Бұл мектептің оқушылары құрылыс компаниясын сотқа береді деп үміттенемін. Ол жерде қарағайлар болды. «Самал-3» ықшамауданының маңы, 25 корпус. Фото бір ай бұрын түсірілген», — деп жазды алматылық.

Алматы қалалық экология және қоршаған ортаны қорғау департаменті жоғарыда аталған мекенжайға бекітілген жобалық-сметалық құжаттамаға сәйкес, рұқсат берілгенін хабарлады.

Басқармадағылар мәлім еткендей, жобада мектептің іргелес аумағын абаттандыру қарастырылған. Ал рұқсат аясында жалпы пайдаланымдағы жерлерге өтемдік көшет отырғызылады.

«Жоба бойынша құрылыс алаңында өсіп тұрған 19 ағаш кесілді, оның алтауы қылқан жапырақты. Өтемдік отырғызу іргелес аумақта және жалпы пайдаланудағы жерлерге 60 дана қылқан жапырақты және 130 дана жапырақты ағаш отырғызылады», - деп хабарлады ведомстводан.