Желге ұшқан қаражат

Алматыда көппәтерлі тұрғын үйлердің ауласы көңіл қуантарлықтай әдемі жабдықталатын болған.

Аулада ойын құралдары орнатылған балалар алаңдарымен қатар, ашық аспан астында спортпен үзбей шұғылдануға арналған тренажерлік құрал-жабдықтар да орналастырылған.  Өзіңіз де білесіз, аз күнде көктем келіп, мезгіл ауысады. Күн жылынса болды, баланы үйде ұстап отыру мүмкін емес. Онсыз да карантин деп себепсіз далаға шықпаған бүлдіршіндерді енді қамап ұстау екіталай. Бала ғой, олардың да далада асыр салып ойнағысы, жүгіріп-секіргісі келеді. Алайда, сол әжептәуір ойын құралдарының біразының сиқы кете бастаған. Орнатылғанына көп уақыт өте қоймаса да жарамсыз болып қалған тренажерлар көп. Ол-ол ма, ойын алаңқайларын автотұраққа айналдырып, өзінің жекеменшік жері секілді шынжырмен қоршап, меншіктеп алған тұрғындар да жетерлік. Жалпы, қала әкімдігінің баспасөз қызметі берген мәліметтерге сүйенсек, ауланы көріктендіру, күтіп-ұстау жұмыстары әр аудан әкімшілігіне жүктелген. Десек те, сол әжептәуір дүниемізді бүлдіретін өзіміз. Әрі-беріден соң, сол әткеншектерде балаларымыз ойнап, тренажерларда өзіміз шынығамыз емес пе?  Мәселен, Райымбек даңғылы, 383-үйдің тұрғындары балалар алаңының бір бөлігін көлік тұрағы ретінде троспен жауып алған. Бұл қаншалықты заңды? Ал Алмалы ауданының тұрғыны Бауыржан Сүйінбаев Чокин көшесіндегі 129-үйдің ауласында, тура 8 подъездің алдындағы балалар алаңына жақында ғана орнатқан тренажерлардың сынып, бүлініп жатқанына қапалы. Мұндай деректерді тізе берсек жетіп-артылады. Бүгінде мұндай бассыздыққа тосқауыл қоятын мезгіл жетті. Бұдан былай ауладағы заттарды күтіп ұстамаған тұрғындарға айыппұл салу немесе материалдық шығынды өтеу секілді амал ойлап табу керек шығар. Бәлкім, сонда қоғамдық мүлікті өз мүлкіндей күтіп ұстауды үйренерміз. Өйткені, ауладағы әткеншектер зіңгіттей жігіттер мен үлкен аға-апалардың салмағын көтермейді. Сондықтан олар кішкентай бүлдіршіндерге арналып жасалған. Тағы бір ескеретін жайт, балаларымыздың шымыр болып өсуіне үлес қосатын, бірігіп ойнауға, көпшіл болуға үйрететін ойын алаңдарына жергілікті бюджеттен аз ақша жұмсалмағаны белгілі ғой. Әттеген-айы, балаларға арнап бөлінген сол  ақшалардың көкке ұшқаны. Ал шынтуайтына келсек, мұндай келеңсіздіктің барлығына басқа біреу емес, өзіміз –  аула тұрғындары кінәліміз. Өйткені, қоғамдық мүлікті өзіміздікіндей қарамаймыз, күтпейміз. Өкініштісі де осы…

 

Құралай ИМАНБЕКҚЫЗЫ 

Толығырақ

Ұқсас ақпараттар

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *