Жексенбіде Арбат қоқысқа толып кетті

Жексенбіде Арбат қоқысқа толып кетті Суреттерді түсірген - К.Қонысбаев

«Мусорги» жобасы жұртты таңқалдырды


Қала тұрғындары көбірек жиналатын, әсіресе жастардың алаңына айналған Арбат бүгін, 24 қыркүйек күні қоқысқа толып кетті. Қоқыстарды жамылған «құбыжықтар» Арбат бойымен шерулетіп қала тұрғындарының назарын өзіне аударды деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.


Анығында бұл әр саладағы эко-белсенділер ұйымдастырған эко-арт жоба болатын. 8 суретші жетекші мен олардың командасы қаладағы әр ауданның экологиялық жағдайын зерттеп, жиналған қоқыстардан құбыжық кейіпкерлерді жасап шеру өткізді.



Шерушілердің тізбегін бастап қаршадай ғана бала ала байрағын бұлғап жүрді. Үстіне әппақ қардай киім киген. Оның артынан қалмай қуалаған «Қоқыс-бике Мұнайқызы» ақ қарды қуалаған қоқыстар тізбегін бастаған. Оған ілескен «құбыжықтар» ел назарын аудармай қалған жоқ. Алқам-салқам «мутанттар» мақсаты да сол еді – алматылықтарды экологиялық ортаға және қоқыстарға назарын аудару.



Қатысушылардың бірі Мөлдір Сағындық бұл шерудің мәнін былай деп түсіндірді: «Бұл «Мусорги» деп аталатын жоба. Елімізде бірінші рет өтіп отыр. Қаланың әр аудандарына бөлініп ондағы экологиялық жағдайды зерттеуге тырыстық, екі аптадай уақыт жұмсап ластану жағдайын бағаладық, суреттер мен деректерді топтастырдық. Айталық, біздің топ Бостандық ауданында болдық, онда біз мұздықтардың еруі, жылыну сынды жағдайлар бойынша зерттеу жүргіздік. Ал бүгін біз сонда жиналған қоқыстардан осындай құбыжық кейіпкерлер жасап, шерулетіп қала тұрғындарының назарын экологияның маңызына бұрғымыз келді». Мөлдірдің айтуынша, бұл жобаға түрлі саланың адамдары топтасқан. Олардың арасында суретшілер, қаламгерлер, музыканттар, медицина қызметкерлері, оқытушы ұстаздар да бар.




«Әрине, таң қалдым. Экология мәселесі бойынша шара екенін бірден түсіндім. Қоқыстардың, ластанудың адам мен планетамызға тигізіп жатқан әсерін жеткізгісі келгенін түсіндім. Бұл расында маңызды мәселе деп ойлаймын. Бірақ, қоғамға тереңірек әсер ету үшін жалғыз бұл шара жеткіліксіз», – дейді қала тұрғыны Арман.



Жоба қатысушыларының екі апталық еңбегінің нәтижесінде жиналған деректер мен фотосуреттердің, сондай-ақ, жарақсыздардан жасалған өнер туындыларының көрмесі Арбат маңындағы Dump Gallery-де 30 қыркүйек пен 8 қазан арасында өтеді.  Жоба жетекшілері алматылықтарды экология мәселесіне назар аударуға шақырады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамау
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Пікіріңізге рахмет