Жаңа тағайындалған аудан әкімдері жоспарларымен бөлісті

Жаңа тағайындалған аудан әкімдері жоспарларымен бөлісті
Сурет:Gov.kz

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов жаңадан тағайындалған аудан әкімдерінің тыңдауын өткізді.

Облыс әкімі әрбір жобаны, нысандарды салу мен жөндеу жұмыстарын ерекше бақылауда ұстап, мерейтойлық шараларды өткізудің ұсақ-түйегіне дейін мән беруді тапсырды.

Алғашқылардың қатарында Жамбыл, Талғар, Алакөл аудандарының әкімдері жоспарларымен бөлісті. Райымбек ауданының әкімі ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығын өткізу жөнінде баяндады, - деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мерейтойлық дата шеңберінде жоспарланған шаралардың ауқымды бөлігі ақынның туған ауылы Қарасазда әлеуметтік нысандарды салу, жөндеу, абаттандыру жұмыстарымен байланысты екені айтылды. Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылып, саябақтар мен скверлер абаттандырылып, көгалдандырылады. Өнер мектебі салына бастайды. Сонымен қатар Райымбек ауданының Нарынқол ауылында ақынға ескерткіш орнатылады. Мерейтойлық шаралардың негізгі бөлігі қыркүйек айына жоспарланған.

Алакөл ауданында туризм мен ауыл шаруашылығын дамытуға негізгі басымдық беріледі. Еске салсақ, ауданда қант зауытын қалпына келтіру жоспарланып отыр.

«Сіздің бастамаңызбен қант зауытын іске қосқанда, 500 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады, өнеркәсіп өнімінің көлемі 3 есеге ұлғаяды немесе 32 млрд теңгеге дейін жетеді. Қант зауытын қант қызылшасы шикізатымен қамтамасыз ету үшін 7 мың гектар жерге тәтті түбір егуіміз керек», - деді аудан әкімі Алмас Абдинов.

Бұл үшін суару жүйелерін жаңғыртуға қолдау қажет. Бүгінде 360,2 км шаруашылықаралық су құбыры жүйелерін жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленген. Осы жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде суармалы жер алаңы 5 мың гектарға ұлғаяды. Жалпы, биылғы жылы ауданның ауыл шаруашылығы саласына 2,5 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған. Өткен 5 айда 830 млн теңге инвестиция тартылыпты. Өнеркәсіп, туризм, тұрғын үй құрылысы сияқты бағыттар да назардан тыс қалмайды.

Жамбыл ауданының әкімі Нұрлан Ертас өз өңірінің қалай дамитыны жайлы баяндады. Аудан ең алдымен аграрлық бағытта болғандықтан, ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Сорбұлақ және Бозой массивтерін дамыту есебінен егіс алқаптарының көлемін ұлғайту, мал азығы базасын дамыту, мал басын көбейту, мал өнімдерін өңдеу дамытылады. Ауданда осы салаларға инвестиция тартылмақ. Жоспарланған инвестициялық жобалардың ішінде жылына 8 мың тонна көкөніс өсіретін жылыжай кешені, қуаты 2 МВт ГЭС және 100 МВт болатын күн электр стансасының құрылысы бар. Қосымша ауыл шаруашылығы саласына кадрлар даярлау жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі кезде Жамбыл атындағы Ұзынағаш кәсіптік колледжінің базасында «Жас маман» бағдарламасы аясында 2021-2022 оқу жылына «Механизатор» мамандығына 25 студентті оқыту жоспарланып отыр.

Халықтың тұрмыс сапасын жақсарту үшін сумен, газбен және электрмен қамту жобалары, ауылішілік жолдарды жөндеу, кәріз жүйелерінің құрылысы жұмыстарына қаржылық қолдау қажет. Сол сияқты әрқайсысы 150 орындық екі ауылдық Мәдениет үйін салу, бірқатар әкімшілік ғимараттарына күрделі жөндеу жүргізу, сәулеттік ескерткіштерді реставрациялау керек. Бейберекет жиналған қоқысты жою, орталық саябақты жаңғырту жұмыстарына да аудан әкімі көмек сұрады. Амандық Баталов тиісті қолдау кезең-кезеңімен көрсетілетінін айтты.

«Ауданның ағымдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына толық талдау жасап, басым бағыттарын айқындаған дұрыс. Ең бастысы, осы жоспардың барлығы іс жүзінде орындалуы керек, сонда нәтиженің жемісін халық көретін болады. Аудан әкімінің өз міндеттеріне осылай жауапты қарауы Жамбыл ауданын алдыңғы қатарлы, іргелі, экономикалық қуатты аудан етуге мүмкіндік береді»,- деді А. Баталов.

Талғар ауданы әкімінің кезекті баяндамасынан кейін Амандық Баталов аудан басшысы Қайдар Абдыхановқа ауданның дамуын жан-жақты саралап, индустриалды бағытқа басымдық беруді тапсырды.

«Жұмысқа алғаш кіріскенде, ең алдымен нақты жоспар жасап, негізгі бағыттарды белгілеп алу керек. Талғар ауданының өнеркәсіптік әлеуеті жоғары. Яғни бірінші кезекте инвестиция тартуға, кәсіпорындар ашуға, жаңа жұмыс орындарын құруға әрекет жасау керек. Аудан Алматы агломерациясына кіреді, бұл тұрғын үйге сұраныс жоғары деген сөз. Сондықтан тұрғын үй салу жоспарланған алаңдарды дер кезінде инженерлік коммуникациямен қамтамасыз ету керек. Ауданда халық тығыз орналасқан, сондықтан қанша мектеп салу керек, қандай әлеуметтік нысандар қажет екенін анық білуге тиіссіңдер. Талғар қаласын сумен қамтудың өзекті мәселесін шешудің тиімді шараларын қабылдау қажет. Мұндай мәселелер Тұздыбастау және басқа да елді мекендерде де бар. Ауданның туризмді дамытуға мүмкіндігі мол. Осындай әрбір салада нақты жоспарлармен жұмыс істеу қажет. Аудан, қала әкімдері алдарына нақты міндет қойып, мақсатты бағытта жұмыс істеуі керек. Істің соңғы нәтижесі халықтың тұрмысын жақсартудан көрінеді. Басты талап та осы», - деді сөзінің қорытындысында облыс әкімі Амандық Баталов.