Жаңа маусымда жаңа тыныспен...

Жаңа маусымда жаңа тыныспен...
almaty-akshamy.kz

Бірнеше ай демалыс пен гастрольдік сапарлардан кейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 96-шы маусымының шымылдығын түрді.

"Өнерден қуат алмаса, тіршіліктің шырағы сөнеді"дейді ұлы Мұхтар Әуезов. Індетке байланысты шектеулер болды. Бірақ адамның қарны тоқ болғанымен, рухы қашан да аш болмауы керек. Осы аштықтан сақтасын деп отырғанда, ауыр кезеңнің қиындығы сейілген сияқты. Сондықтан мына сахна өз көрермендерін қатты сағынды. Театрдың өмірі сіздердің қолдарыңызда, көңілдеріңізде, қошеметтеріңізде, ағайын!» – деп бастады сөзін театр директоры Е.Жуасбек. Өнер ордасының кезекті ашылуына орай өткізілген іс-шарада ол көрермендерді жаңа маусымның ашылуымен құттықтап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Салтанатты жиынға театр әртістері мен режиссерлері қатысты. Атап айтсақ, театр және  кино актері Саят Мерекенов, режиссер Алма Кәкішева, актерлер Бақтияр Қожа, Бекжан Тұрыс, Асылбек Боранбай мен актирисалар Дәрия Жүсіп,  Шынар Жанысбекова қатысты.

Сонымен қатар маусымашарда көрермендер назарына театрдың тарихынан сыр шертетін «Сахна сәттері» көрмесі ұсынылды. Ол жерде соңғы 40 жыл ішінде тарих сахнасындағы сәттерді бейнелейтін суреттер мен бинокль, фотоаппарат сияқты құнды жәдігерлер қойылды. Көрме барысында белгілі фотограф Қалиғұмар Қабдешев өз фотоальбомын театрға сыйға тартты.

Мерейлі маусымның ашылу салтанаты М. Әуезовтің «Абай» спектаклімен жалғасты. Өнер ұжымы әр жаңа маусымда М.Әуезовтың бір шығармасын сахналауды театрдың дәстүрлі түрде қалыптасқан үрдісі, жазылмаған заңы деп біледі. Спектакльде суық жылдар қойнауында халық зарына зар, халық тілегіне тілек қосқан ұлы гуманистің өршіл бейнесі дауылды теңіз бетінде талмай қалықтаған сұңқарды көз алдыңызға әкеледі. Айдар мен Ажардың басын арашалап қалуы, жуандықтың жеңілуі, әділеттің орнауы –  халықтың жеңісі, халықтың ұлы Абайдың жеңісі екенін ұғуға болады.

 Театр басшысы тағы бір сөзінде «Спектакль ол – тірі организм. Қандай туынды болмасын, ол жаңа дүние. Мұнда, ең бастысы, оның айтары болуы керек. Осы орайда біз бұл маусымда көрерменге екі жаңа спектакль ұсынғалы отырмыз. Оның бірі – «Қан мен тер». Ол өткен ғасырда қазақ театр өнерінің бөлшегіне айналған үлкен  спектакль болған. Біз сол пьесаға оралып, «Қан мен тер. Ақбала» деп атап, әйел мәселесін көтергелі отырмыз», - деді театр Е.Жуасбек. Қасиетті қарашаңырақ осындай жақсы жаңалықтарымен, жаңа тыныспен өз көрермендерін жаңа маусымда күтеді.