«Жаңа Алматы» кешенді даму жоспары барлық алматылықтардың тең жағдайларда сапалы өмір сүрулеріне бағытталған

«Жаңа Алматы» кешенді даму жоспары барлық алматылықтардың тең жағдайларда сапалы өмір сүрулеріне бағытталған
Сурет: Gov.kz.

«Жаңа Алматы» кешенді даму жоспары барлық алматылықтардың тең жағдайларда сапалы өмір сүрулеріне бағытталған

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президентінің жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында сумен жабдықтау және судан бұру жүйесінің құрылысы, көше жарығы және қалаға қосылатын шағын аудандардың жолдары туралы айтты, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz.

Кешенді даму жоспары (КДЖ) 2020-2024 жылдарға арналған және жыл сайын шамамен 200 млрд теңге көлемінде жобалық қаржыландыруды қарастырған. Жобаны қаржыландырудың жалпы сомасы 943,7 млрд теңгені құрайды.

Бүгінде КДЖ аясында қала шетінде көлік, бизнес және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту бойынша 286 жоба жүзеге асырылуда.

Биылғы жылдың басынан бері Алматыда 40,5 шақырым сумен жабдықтау және 12,5 шақырым кәріз желілерін тарту жұмыстары жүргізілді. 75 мыңнан астам тұрғындар тұратын 17 шағын ауданда коммуникациялар құрылысы жүріп жатыр.

Наурызбай ауданында «Қарғалы» су қабылдау және сүзу станциясының құрылысы жүріп жатыр. Ақсай өзенінде осыған ұқсас нысанды жобалау аяқталуға жақын. Осы стратегиялық нысандар пайдалануға берілгенде 130 мыңнан астам тұрғындар таза ауыз сумен тұрақты қамтамасыз етіледі.

Жайлы жағдайлар жасау және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қаланы жарықтандыру жұмыстары кеңінен жүргізілуде. Мегаполистің барлық көшелеріне сыртқы жарық орнату міндеті қойылды. Жыл басынан бері 508 көшедегі жұмыс аяқталды. Қалған 601 көшені жарықтандыру жоспарланған. Нәтижесінде қаланың барлық көшелері жарықтандырылады.

Алматының 49 көшесінде орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілді, 41 көшеде жұмыс жалғасуда. Биылғы жылы ұзындығы 227,5 км болатын 225 көшені жөндеу жоспарланған. Оның ішінде 18 көше магистральды көшелерге жатады, олар – Рысқұлов даңғылы, Сәтбаев көшесі, Солтүстік айналма, Сүйінбай даңғылы, Құрманғазы көшесі және т.б. Барлық жұмыстарды қыркүйек айында аяқтатау жоспарланған.

Қалада «Жаңа Алматының» сегіз шағын ауданында – Құрамыс, Самғау, Шаңырақ-5, Өжет, Нұршашқан, Қайрат, Әлмерек, Алғабаста жаңа жолдар салынуда. Жалпы ұзындығы 108 км болатын 415 көше асфальтталады.

Абай даңғылын, Нұрлы және Саин көшелерін тесу, үш жолайрығын салу жұмыстары жалғасуда.

Жыл соңына дейін Алматыда метроның «Сарыарқа» және «Достық» деп аталатын екі бекетінің құрылысы аяқталады, 8 жаңа электр пойыздарын сатып алу жоспарлануда.

Метрополитеннің бірінші желісінің екінші кезеңінің екінші іске қосу кешені Абай даңғылынан төмен Алтынсарин даңғылынан батысқа қарай Яссауи көшесіне дейін орналасқан. Кешен қума тоннельдерден және екі станциядан тұрады: пилон типті терең төселген «Сарыарқа» және таяз төселген «Достық» бекеттерінен тұрады. Мамандардың есебі бойынша, екінші кешен іске қосылғаннан кейін күн сайынғы жолаушылар ағыны шамамен 85 мың адамды құрайтын болады. Метрополитенде жолаушылар тасымалының көлемі артып, Абай даңғылының жүктемесі азаяды.