Жақсылық Үшкемпіров туралы кітап жарық көрді

Жақсылық Үшкемпіров туралы кітап жарық көрді
Сурет: Gov.kz

Бұл - бірегей спортшының биылғы 70 жылдығына арналған айтулы шараның басы.

Бүгін даңқты спортшы, Мəскеу Олимпиадасының жүлдегері, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровтің өмір жолы туралы жазылған «Біртуар-Уникальный» кітабы оқырманға жол тартты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

 

 

 Кітап авторы, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» əдеби сыйлығының иегері Сəуле Досжанова бұл романда Жақсылық Үшкемпіровтің балалық шағынан аты аңызға айналған даңқты кезеңіне дейінгі ғибратты ғұмырын арқау еткен. Кітап Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен жарық көрген.

Кітаптың Талдықорғандағы Салтанат сарайында өткен тұсаукесеріне облыс əкімі Амандық Баталов, қоғам және мемлекет қайраткері, генерал-полковник Сəт Тоқпақбаев, кітап авторы, жазушы Сəуле Досжанова, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып, Жақсылық Үшкемпіровтің жары Күлпан Мұқашқызы мен ұлдары Елдос пен Жеңіс, бірқатар танымал жаттықтырушылар мен белгілі спортшылар жəне өңірдегі зиялы қауым өкілдері қатысты.

 Алдымен қонақтар фойеге қойылған Сәуле Досжанның кітаптарынан жасақталған көрмемен танысты. Мұнан соң дөңгелек үстел басында салтанатты жиынды ашқан облыс әкімі Амандық Баталов елжанды азамат, даңқты спортшы Жақсылық Үшкемпіровтің  ел спортын дамытуға, туған жерін түлетуге, ауыл шаруашылығын өркендетуге қосқан үлесі туралы қысқаша айтып өтті.

«Жақсылық Үшкемпіров барша қазақтың Жақсылығы еді, болмысы таза, білекті де жүректі, бауырмашыл, қарапайым жан еді. Жақсылық ағамызбен мен көп жыл жақын араласып, дос болдым. Олимпиададағы жеңісті жолы, Елбасының қолынан Қазақстанның Еңбек Ері атағын алуы, ауыл шаруашылығында жемісті жұмыс істеп, өңір халқына мейірім-шапағатын тигізгені – осының бәрін біз жастарға үлгі етуіміз керек. Жазушы Сәуле Досжанның Жақсылық ағамыз туралы жазған кітабына қолдау жасап, бүгін тұсаукесерін өткізіп отырмыз. Шараға Үшкемпіровтер отбасынан жары, балалары қатысып отыр. Бүгінде Елдос әкесінің ізін басып, облыстың қоғамдық өміріне белсене араласып келеді. Жақсылық Үшкемпіровтің спорттағы жолын жалғайтын өрендерді тәрбиелеуге де бар жағдай жасап келеміз. Елбасының тапсырмасымен облыста 16 спорт кешенін салдық», - деп атап өтті Амандық Баталов.

Сол сияқты облыс әкімі өз сөзінде әйгілі спортшының есімін облыстық балалар мен жасөспірімдер мектеп-интернат колледжіне беру жұмыстары жүріп жатқанын да атап өтті.

Мұнан соң сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері, генерал-полковник Сəт Тоқпақбаев биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы екенін, соның аясында дарабоз спортшының ғибратты ғұмырын кітап етіп шығарудың маңызы зор екенін атап өтті.

 Сол сияқты Жақсылық Үшкемпіровтың жары Күлпән Мұқашқызы жазушы Сәуле Досжановаға, шығармаға қолдау танытқан облыс басшылығына ризашылығын жеткізді. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып биылғы Балалар әдебиетін қолдау жылында осындай тағылымды кітап жазған қаламгердің, кітаптың жарық көріне жәрдемдескен облыстың ісі өзгелерге үлгі боларлық екенін айтты. Сол сияқты Ж.Үшкемпіровтің досы Нұрмахан Қаратаев спортшының адамгершілік, ізгілік қасиеттеріне тоқталды. Ғалым, филология ғылымының докторы Айгүл Ісмақова жаңа туындының балалар әдебиетіне қосылған сүбелі үлес екенін жеткізді. Кітаптың тұсауы кесіліп, оқырмандарға жол тартты.

Кітап «Балалар әдебиетін қолдау жылына» орай Алматы облысы әкімі Амандық Ғаббасұлының қолдауымен басылды. Ғұмырнамалық кітапта палуанның балалық шағынан бастап үлкен спортқа келуіне, Олимпиаданың жеңіс тұғырына көтерілуіне дейінгі өнегелі өмірі қамтылған.