Жақсы – әлемге бірдей

Жақсы – әлемге бірдей
Сурет: Rucommers.ru

...Ісі – ай мен күндей!

Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын» деп тәмсілдеген. Қандай ғажаб философиялық сөз. Көненің көзі, бұрынғы қариялары осы сөздің астарын жете түсінген. Қадіріне жеткен.

Ел ішінде «жақсымен өткен бір сәтің, нашардың өтіп кеткен өміріндей» депті.  Әлем әрдайым мейірімді күтеді. Шуақ болып шашылып, жауқазын ретінде ашылып жүрген жанды көпшілік сүйеді. Былай қарап тұрғанда, қысқа ғана ғұмырда сіз, біз десіп жүргенге не жетсін?!

Жаһан жақсылықты қалай түсінеді? Әсіресе, шығыс халықтары Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай, Сингапурда эмоцияға аса зер салады. Сол көңіл-күй арқылы біраз нәрсеге ерекше маңыз береді. Өзі қатынасып отырған ортасындағы жандардың іске қабілеттілігін арттыруға аса ден қояды. Олар неге осы қадамға барады? Өйткені, адамзат баласы жаратылған кезеңнен бастап, көңілдің құлы екенін зерттеп, дәлелдеген. Сондықтан сапалы нәтижеге қол жеткізу үшін, сапалы жағдайды қамтамасыз етеді. Міне, сонда ғана табысқа, мол қаражатқа кенелетінін ұғынған. Бір қарағанда қарапайым зат. Десе де, осының өзінде үлкен пайдалы дүниелер бар.

Адам капиталы. Соңғы уақытта менеджмент, экономика, қаржы секторында осы термин кең ауқымда пайдаланылып жүр. Егер де маман жақсы нәтиже көрсетсе, оны көреді, таниды, қолдайды. Одан кейін ол адам кез келген шаруаны дөңгелетуге дағдыланады. Социология тілімен баяндағанда, ынталы жанның бойында мынадай қасиеттер көрінеді. Олар:

* Алғырлық; 

* Қағылездік;

* Тіл алғыштық.

Әгәрәки, осы қасиеттерді бір арнаға түсіріп п айдалансаңыз, пайдаға кенелеріңіз сөзсіз. Психология ілімінде «адам бойында екі игі қасиет болу керек екен. Бірншісі - қиялдай алу, екіншісі - соны хатқа түсіріп, шимайлай білу». Аталған ойларды ұтымды пайдалансаңыз, іс ілгері жылжитыны ақиқат.

Топшылау. Аспан асты елінің ойшылы Лао Цзы «адамдардың заңы: жақсылық құру және ұрыс дау дамайдан аулақ болу» деп мағыналы ой қалдырыпты. Жоғарыдағы пайымдаулар, саралаулардың бәрін түйістіргенде, осыған ұйысады. Ең негізгісі, жақсы кісі болса, кез келген саланы ұршықтай үйірерін тағдыр сан мәрте дәлелдеген.