Жазушы Кемел Тоқаевтың кітабы әзірбайжан тілінде жарық көрді

Жазушы Кемел Тоқаевтың кітабы әзірбайжан тілінде жарық көрді
Сурет: Дереккөз

Әзірбайжан баспасында басылды

Қазақ детектив жанрының көрнекті өкілі, әйгілі жазушы Кемел Тоқаевтың «Ночной выстрел» атты жинағы әзірбайжандық «Ганун» баспасынан жарық көрді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.

Агенттіктің хабарлауынша, кітапты әзірбайжан тіліне жазушы-аудармашы Нариман Абдулрахманлы аударған. Кітаптың рецензенті – филология ғылымдарының докторы, профессор Бадирхан Ахмедли, редакторы – Махир Гараев.
Кітаптың алғысөзін детектив жанрында жазылған шығармалардың танымал авторы, Әзірбайжан Жазушылар Одағының бірінші хатшысы, Кемел Тоқаевтың шығармаларымен етене таныс халық жазушысы Чингиз Абдуллаев жазды.
Оның «Қасиетті парыз» атты бөлімінде Кемел Тоқаевтың шығармашылығына ауқымды әрі дәл баға берілген және шебер жазушының рухани құндылықтарға ерекше мән беретіні айтылған.
Кітаптың тағы бір ерекшелігі – «Әке туралы бірер сөз» атты басылымның алғысөзі. Оны Кемел Тоқаевтың баласы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жазған.
Өзінің мемуарлық эссесінде Қасым-Жомарт Тоқаев жазушының өмір жолы туралы баяндайды, оның туып-өскен ортасын суреттейді, майдандағы қиындықтары туралы әңгімелейді. Сондай-ақ Кемел Тоқаевтың жазушы ретінде қалыптасуы жөнінде сыр шертіп, оның шығармаларына деген өзінің көзқарасы, шығармашылық ұстанымы мен жолдастары туралы жүрекжарды пікірін білдіреді.
Жинаққа «Золото с тамгой», «Ночной выстрел» және «Таинственный след» повестері енген. Автор бұл туындыларында алыпсатарлармен күрес, арнайы қызметтердің шетелдік жансыздармен қақтығысы, жаудың барлаушыларының қылмыстарын ашудағы өте жоғары кәсіби деңгейі, соғыс жылдарындағы қиын-қыстау күндерді өте шебер баяндайды.
Бұл кітаптың Қазақстан мен Әзірбайжан халқы арасындағы мәдени және әдеби байланыстың нығаюына зор үлес қосып, оқырманның кітапты ерекше қызығушылықпен оқитыны сөзсіз.